428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда зергерлік бұйымдар 11% қымбаттаған

  • 619
  • UPD: 13:35, 11.06.2020

Теңгенің нығаюы мұнай бағасының тұрақтауына тікелей байланысты.

Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты. Осылайша, қор индекстері өсіп, дамушы мемлекеттердің валюталары тұрақталды. Шикізат нарығындағы бағалар да түзеле бастады.

Өткен айдан бастап бірқатар елде экономикалық белсенділік артып, карантин шаралары жеңілдетілді. Осыған байланысты оң динамика қалыптасты. «Дамыған елдердің орталық банктері қаржы активтерін сатып алуды жалғастырды. АҚШ Федералды резерві орталық банктерге своп желілер арқылы доллар ликвидтілігін ұсына бастады», – деді Әлия Молдабекова. Оның айтуынша, теңгенің күшеюіне мұнай бағасының тұрақталуы ықпал еткен. Сондай-ақ, төл валютаның ахуалына ішкі факторлар да әсер етті. Біріншіден, Ұлттық қордан берілетін трансферт көлемі 2 трлн 700 млрд теңгеден 4 трлн 770 млрд теңгеге дейін өсті. Екіншіден, экспортерлердің салық түсімдерін төлеу үшін шетел валютасының сатылымы артты. Үшіншіден, карантинге байланысты көптеген кәсіпорын әзір жұмыс істемей тұрғандықтан, ұлттық валютаға сұраныс азайған. Сондықтан Ұлттық банк үшін өткен айда интервенция жүргізудің қажеттілігі болмады.

Елдің алтын валюта қоры $31,5 млрд жетті

Қазақстанның алтын валюта резерві 2017 жылдың күзінен бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты. Мамыр айында Ұлттық банк Ұлттық қорға құны 250 млн доллар болатын аффинирленген алтын сатқан. Айта кету керек, Ұлттық қордың активтері шамалы ғана өзгерді. Өткен айдың соңында қордың нарықтық құны 58 млрд 480 млн доллар болған. Бұл айда Ұлттық қордан 650 млн теңге трансферт бөлінген.

Зергерлік бұйымдар 11% қымбаттады

Зергерлік бұйымдар бір жыл ішінде 11 процентке қымбаттады. Сәуір айында отандық зергерлердің қолынан шыққан өнімнің жалпы құны 91 млн теңге. Наурыз айындағы көрсеткіш те осы сомаға жуықтайды. Ал жыл басында яғни, қаңтар айында шығарылған қымбат әшекейлер шамамен 41 млн теңгеге бағаланады. Жалпы өткен жылы саладағы табыс көлемі 742 жарым млн теңгені құрады. Алтыннан жасалған әшекей бұйымдардың елдегі орта бағасы грамы үшін 18 мың 260 тг. Статистика комитеті ұсынған деректер осындай.

«Нарықтағы баға» айдарында да алтыннан жасалған бұйымдардың қалалардағы орта бағасына тоқталамыз. Ел бойынша жоғары баға елордада. Онда грамы үшін 24 600 теңгеге дейін барады.

Қостанайда алтын бұйымның 1 граммы 18 мың тг. Павлодарда 20 500 тг. Семей мен Өскеменде орта баға 19 мың теңгеден жоғары. Талдықорғанда 18 200 тг. Алматыда 17 300 тг. Түркістанда 16 100 тг. Ақтауда 21 мың тг. Ақтөбеде 18 500 тг. Ел астанасы Нұр-Сұлтанда 24 600тг.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы – 399 теңге 32 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 400-401 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 453 теңге 55 тиын болса, Ресей рублі 5 теңге 81 тиын.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы