420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Валюта айырбастау пункттері жабылып жатыр

  • 547
  • UPD: 11:17, 19.06.2020

Елдің ірі қалаларында орналасқан әрбір ақша айырбастайтын бөлімшенің жарғылық капиталы 100 миллион теңгеден кем болмауы керек. Ақпан айында Ұлттық банк валюта айырбастау орындарына осындай талап қойды және оны орындау үшін бөлімше иелеріне уақыт берді. Осы талаптан кейін шекті сомаға жете алмайтынын түсінген шағын және орта деңгейіндегі кәсіпкерлер, бизнесін тоқтатты.

Бұл туралы Қазақстандағы ақша айырбастау бөлімшелері одағының басшысы Аршын Ғалымбаев мәлімдеді.

Айтуынша, жыл басында ел аумағында валюта айырбастаумен айналысатын 750 шақты бөлімше болған. 1 маусымға дейін оның 139-ы жабылып қалды. Қысқару әсіресе ірі қалаларда байқалады. Мәселен Алматыда 187 айырбастау бөлімнің 50 жабылған. Елордада осыған ұқсас. 63 бөлімнен тек 39 ғана қалды. Салалық одақ басшысының болжамы бойынша жалпы ел аумағында айырбастау бөлімшелерінің саны 40 процентке қысқаруы мүмкін. Яғни нарықта 100 миллион теңге жарғылық капиталы бар ірі кәсіпкерлер ғана қалады. Олардың өзі бұрынғыдай 24 сағат жұміс істемейді. Таңғы тоғыздан кешкі сегізге дейін, ал ірі қалаларды 10-ға дейін ашық болады. Тек шекара өткізу бекеттері мен вокзал, әуежай және казинода орналасқан бөлімшелердің тәулік бойы жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Бұл шектеулер елде ақша айырбастаумен астыртын айналысатындардың қатарын көБейтуі де мүмкін. 

Кеше ОПЕК+ ке мүше мемлекеттердің министрлерінің қатысуымен мониторингтік комитеттің отырысы өтті. Жиында қара алтын өндірісін қысқартуға қатысты талаптың орындалу барысы талқыланды.  Нәтижесінде кейбір елдер квотаны 100 пайыз орындамағаны анықталды. Мәселен, Ирак тек 46 процентін орындаған. Енді алдағы үш айда өндірісті қосымша қысқарту арқылы қалғанын өтейді. Қазақстан өз міндеттерін 71 процентке орындаған. Энергетика министрлігінің мәліметтеріне қарағанда саланың инерттігіне ​ байланысты мамыр айында елде өндірілген мұнайдың жалпы көлемі 3 миллион баррельден асқан. Артық өндіріс тамыз және қыркүйек айларында қосымша қысқартумен өтеледі. Сарапшылар әлемдік нарықта мұнайға сұраныс артып келе жатқанын айтты. Егер осылай жалғаса берсе жыл соңына дейін нарық тұрақталады.

Ұлттық қор активтерінің басым бөлігін алтын және акция күйінде сақтау мәселесі қайта қаралады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша қордағы соманың 10 проценті біртіндеп акция күйінде сақталады. Бұл облигацияларды азайтып, баламалы қоржын жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта қордағы алтынның үлесін 5 процентке жеткізу жоспарланған. Сәуір айындағы мәлімет бойынша бүгінде ұлттық қордағы қаржының 3,8 проценті құнды металл күйінде. Оның жалпы сомасы бір миллиард 900 миллион АҚШ долларына тең.

Биыл бір реттік қолдануға арналған резеңке қолғапқа сұраныс 11 процентке өскен. Мұндай болжамды блумберг мамандары жасады. Бүгінде дүние жүзінде қолданыста жүрген қолғаптың үштен екісі Малайзияда жасалады. Мемлекет әлемдік нарықтың 65 процентін бір өзі қамтып отыр. Пандемия кезінде мұндағы кәсіпорындардың табысы бірнеше есе артқан. Мәселен Топ-Глов деп аталатын малайзиялық компанияның акциялары бірден 223 процентке қымбаттады. Ал Supermax құны бес есеге шарықтаған. Оның иесі бірден миллиардерлер тізіміне қосылған. Медициналық маска шығаратын кәсіпорындар да биыл әжептеуір көтеріліп қалды. Бетперде жасаумен айналысатын жапондық Kawamoto компаниясының құнды қағаздары төрт-бес айдың ішінде 200 процентке қымттаған. Сарапшылар үрдіс әлі де жалғасады деген пікірде.

«Нарықтағы баға» айдарында Парацетамол дәрісінің құнына шолу жасаймыз. Өңірлердегі тілшілер жіберген ақпарат бойынша медициналық препараттың бұл түрі Павлодарда қымбат екенін байқадық. 

Қазақстан бойынша парацетамол ең арзан өңір Шымкент қаласы. Мұнда дәрінің 10 данасы 75 теңге. Ал Қызылордада 5 теңгеге қымбатырақ. Елордалықтар медициналық препаратты 85 теңгеден алады. Қостанайда 90 теңгеден. Ал Петропавл дәріханаларында 100 теңгеден сатылады. Атырау мен Павлодар облыстарының орталығында дәрінің 10 данасын 110 теңгеге алуға болады.

Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 404 теңге 79 тиынға тең. Ал Еуро 455 теңге 31 тиын. Ресей рублі 5 теңге 84 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы