418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жұмыртқа өнімдерін шығаратын қазақстандық кәсіпорындар банкрот алдында тұр

  • 465
  • UPD: 11:26, 24.06.2020

Бұл саладағы екі мыңнан астам адам жұмыссыз қалады деген сөз. Ол негізінен - ауыл тұрғындары. Құс фабрикаларының жағдайы неге ушықты?

Сала қауымдастығының хабарлауынша, субсидия алмағандықтан құс өндірушілердің бизнесі жабылуға шақ тұр.

Қазақстанда жұмыртқа өндірісінің көлемі бірнеше миллион данаға азайды. Сала қауымдастығының мәліметінше, құс өндірушілердің кәсібі субсидияның болмауынан қиындап кеткен. Бизнесмендер екі есе қымбаттаған құс азығын ала алмай жүрген көрінеді. Жем-шөптің қымбаттауына доллар бағамының өзгеруі әсер еткен. Егер бұрын астықтың бір тоннасы 40 мың теңгеден жоғары болса, қазір ол 100 мың теңге төңірегінде. Жағдай осылай жалғаса берсе, еліміздегі орташа және ұсақ құс фабрикалары жабылуы мүмкін. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, бұл отандық нарыққа ықпал етеді. Ресейлік және беларусьтік өндірушілер қазақстандық өнімді ығыстырып, жұмыртқа өнімдеріне өз бағасын белгілейді.

Нарықтағы баға

Қостанайда этил спиртінің 50 миллилитрі - 145 теңге. Көкшетауда - 110 теңге. Оңтүстік өңірлерде де баға осы деңгейде. Мысалы, Шымкент дәріханаларында этил спирті 120 теңгеге сатылады. Қызылордада 130 теңге. Ал талдықорғандықтар этил спиртін 135 теңгеге алады. Залалсыздандыру құралы Таразда 165 теңге тұрады. Қарағандыда бұл тауар 210 теңгеге сатылады. Атырауда 50 миллилитр этил спирті 110 теңге болса, Нұр-Сұлтан қаласында 200 теңге тұрады.

Пандемия кезінде америкалықтардың жинақтары өскен

Коронавирус пандемиясы басталғалы америкалықтар депозиттеріне көптеп қаржы құя бастаған. Карантин кезінде америкалықтардың салымы рекордтық деңгейге жетіп, екі триллион долларды құраған. Тек сәуір айында олардың жинақтары 865 миллиард долларға өсті. Америкалықтар үкіметтің қаржылай көмегі есебінен ақша жинаған. АҚШ-тың министрлер кабинеті салық төлеушілерді қолдау үшін миллиардаған қаржы бөлді. Олар әр тұрғынға 1200 доллар чек түрінде және жұмыссыздық бойынша қосымша жәрдемақы түрінде 600 доллардан бөлді. Ал бизнес үшін несиені кейінге шегеру бағдарламасына 660 миллиард доллар қарастырылған. Сарапшылардың айтуынша, карантин кезінде үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар қаржы үнемдеуге көшті. АҚШ экономикалық талдау бюросының ақпаратына сай, сәуірде тұтынушылардың жинақ нормасы тарихтағы ең жоғары деңгейге жетіп, 33% құрады.

Риал бағамы құлдырап кетті

Иран валютасының долларға шаққан бағамы рекордтық көрсеткішке төмендеді. Елдегі айырбастау орындарында бір доллар 200 мың риалға саудаланып отыр. Риал бағамының құлдырауы АҚШ-тың Иранға қарсы енгізген қатаң санкцияларына байланысты. Осының салдарынан мұнай экспорты күрт төмендеп кетті. Мәселен, 2011 жылы бұл саладан 100 миллиард доллар табыс түссе, былтыр бұл көрсеткіш 8 миллиардқа дейін азайды. Осыған байланысты елдің вице-президенті Эсхак Джахангири экспорттаушы компанияларды барлық табыстарын елге әкелуге шақырды. Бұл ережені бұзғандар экспорттық операциялар жүргізуге рұқсат қағазынан айырылатынын ескертті. Мұнайдан бөлек Иран компаниялары жылына 40 миллиард доллардан аса тауар экспорттайды. Алайда бұл ақшаның жартысы шетелде қалады.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 401 теңге 28 тиын, еуро 452 теңге 15 тиын, рубль 5 теңге 82 тиын.

Хабар 24 телеарнасы