418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ COVID-19-ды емдейтін дәрінің әлемдік қорын сатып алды

  • 513
  • UPD: 10:50, 02.07.2020

АҚШ «Ремдисивир» препараттың әлемдік қорының 90 процентін сатып алды.

Бұл – коронавирусты емдеуде қолданылатын дәрі. Зерттеулер кезінде  аталмыш препарат коронавирустың жеңіл түріне шалдыққандардың тез айығуына көмектескен. Дәріні өндіретін жергілікті компания Штаттарға қыркүйекке дейін жарты миллионнан аса емдік курсын сатуға келіскен. Сарапшылар өндірушінің қанша табыс түсіретінін де есептеді. Келісім нәтижесінде компания осы жылдың аяғына дейін бір миллиард долларға жуық қаражат алады. Өз кезегінде министрлік препаратты ауруханалардың қажетіне қарай жеткізіп те отырады. Айта кетерлігі, әлемде коронавирусты емдейтін басқа да дәрілер бар. Бірақ патент бойынша  тек табысы төмен елдер ғана өз дәрісін өндіре алады және ол препараттарды бай мемлекеттерге сатуға тыйым салынған***. 

Ұлыбритания экономикасы құлдырап барады

Ұлыбритания экономикасы соңғы 40 жылда болмаған деңгейге жетіп, рекордтық құлдырауды көрсетті. Қаңтар-наурыз айларында Корольдіктің ЖІӨ 2,2 % төмендеді. Бұған үй шаруашылықтарының өз шығындарын қысқартуы себеп болды. Бұдан бөлек, көптеген кәсіпорын жабылды. Ағылшын банкінің болжамы бойынша, биыл Біріккен Корольдіктің экономикасы 14% дейін кері кетуі мүмкін. Ал бұл үш ғасырда болмаған жағдай. Елдегі орташа жалақы 2% төмендейді, ал жұмыссыздық деңгейі 9% дейін өседі деп күтілуде.

МӘМС бойынша жеңілдік кезеңі аяқталды

Сақтандырылмаған қазақстандықтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жеңілдік кезеңі аяқталды. Яғни, емханаларға бекітілмеген және өз мәртебесін анықтамаған адамдар енді тегін медициналық көмектің толық тізімін ала алмайды. Төтенше жағдай кезінде Президент барлық қазақстандықты шартты түрде сақтандыруды тапсырған болатын. Мерзім 1 шілдеге межеленген. Бүгінге дейін Ұлттық банктің арнайы шотына екі жүз миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Қордың ақпаратына сүйенсек, сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алады. Оған айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезіндегі жедел жәрдем, амбулаториялық-емханалық, жоспарлы стационарлық көмек, шұғыл стационарлық көмек, сондай-ақ екпелер кіреді.

Әйелдер ерлерге қарағанда несиені жиі алады

Қазақстандық нәзік жандылар ер азаматтарға қарағанда екі есе көп депозит ашады. Еліміздің іскерлік нарығын зерттеген Дүниежүзілік банк рейтингінде Қазақстан 100 -ден 75 балл жинады. Оның ішінде әйелдерге депозиттердің 62%-і, ал ерлерге 38%-і тиесілі болған. Статистикаға сәйкес, нәзік жандылар түрлі мемлекеттік бағдарламалар желісі бойынша да белсенді. Олардың бұл бағыттағы үлесі ер азаматтарға қарағанда 14 %  көп.  Сондай-ақ әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда көп несие алатын көрінеді. Олардың тұтынушылық қарыздардағы үлесі 55% -ті құрайды.

«Нарықтағы баға» айдары. Бүгін таңқурайдың бағасын шолып өтеміз.

Талдықорғанда таңқурайдың бір келісі мың теңге. Шымкентте жидектің бұл түрін 1400 теңгеге сатылады. Ал Қостанайда бір келі таңқурайдың құны мың теңгеден бастап мың бес жүз теңгеге дейін. Орал қаласында да бұл жидектің бағасы 1500 теңге төңірегінде. Ал Ақтөбеде ол мың теңгеге қымбат. Атыраулықтар да таңқурайдың бір келісін 2500 теңгеге сатып алады. Ең қымбат жидек елордада. Шаһарда таңқурай құны 2800 теңгеге дейін жетеді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы