430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шикізаттық емес тауарларға сұраныс азайды

  • 579
  • UPD: 11:44, 08.07.2020

Шикізаттың емес тауарларды экспорттау 21 процентке азайды. Оған Қытай, Ресей, Өзбекстан тарапынан металлургия өнімдеріне сұраныстың төмендеуі себеп.

Еліміздің 13 өңірінде, әсіресе ШҚО облысындағы көрсеткіш төмен. Мұндағы экспорт 3 есе азайған. Сәуірге дейін сыртқа шығарылатын мырыштың үлесі 91 процентке, уран 38 процентке азайыпты. Бұған дейін шикізаттық емес тауарларды шетелге сату үлесі 28 процент болған. Осы 4 айдың қорытындысына сай, экспорт былтырғыға қарағанда 1 процентке ғана азайған. Кіріс 18,4 млрд доллар. Бұл ретте шикізаттық тауарларды экспорттау 7% артқанын айта кету керек. Сөйтіп, жалпы табыс 13,7 млрд долларды құрады. Жалпы ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін экспорттың 40 процентке төмендейтінін болжап отыр.

Қысқа мерзімге арналған бағдарлама қабылдады

«ҚазМұнайГаз» компаниясы 2021 жылдың соңына дейін мұнай бағасының төмендей беретінін болжады. Сөйтіп, олар дағдарысқа қарсы бағдарлама түзген. Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Абдулғафаровтың айтуынша, пандемия біраз жоспардың шырқын бұзды. Мысалы, мақсатты қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізе алмаймыз дейді.  Қытай тарапынан қара алтынға сұраныс азайған. Өндіріс көлемі де төмендеді. Себебі оны сақтайтын қоймалар толып қалған. Инвестициялық жобалардың да орындалу мерзімі кейінге шегеріліп отыр. Қысқа мерзімді бағдарлама осынау қиын тұста жедел әрекет етуді көздейді. Енді компания баға төмендесе де, өндіріс көлемі мен жұмысшыларды барынша азайтпауды межелеуде. Қазір шығындар 146 млрд теңгеге азайтылды. Корпоративтік орталықтың жұмыс барысы да өзгерген. Жұмысшылардың жалақысы сақталғанымен, басшылардың кірісі 50 процентке азайды. Сөйтіп, 5 млрд теңге үнемделген.

Ірі концерн зауыты сатылымға қойылды

Немістің трансұлттық машина құрастырушы концерні Франциядағы зауытын сатылымға қойды. 23 жыл бұрын бой көтерген өндіріс ошағында электрмен жүретін көліктер шығарылатын. Енді 2 жылдан кейін бұл өнім Қытайда өндіріледі. Босаған нысанды сату көзделіп отыр. Бұл – ірі кәсіпорынның дағдарысқа қарсы амалдарының бірі. Қазір екінші зауытта 400 адамның жұмыстан қысқартылатыны белгілі болған. Осыдан 7 жыл бұрын Daimler қытайлық автоқұрастырушылармен серіктес болды. Бүгінде немістер фирманың 51 проценттік құнды қағазына ие.

Қорғаныш құралдары және экономика

Маска тағып, экономиканы құлдыратпауға себепкер болыңыз. Инвестициялық банк сарапшылары пандемия кезеңінде кәсіпорындардың жұмысын тоқтатпауға болатынына сенімді. Ол үшін жұмысшылар маска таға жүруге міндеттелуі керек. Болжам бойынша, зауыт тынысын тоқтатып қою, ЖІӨ-ді 5 процентке азайтады. Дегенмен, АҚШ халқының қорғаныш құралдарын бұлжытпай қолдануы күнделікті індет жұқтыру көрсеткішін 1,6 проценттен 0,6 процентке дейін азайтуға жол ашты. Бұған дейін әлемдік экономистер жаһандық әлеует 2020 жылдың екінші тоқсанында 8,6 процентке түсетінін болжады. Дегенмен, келер жылдың басында көрсеткіш 3 процентке өсуі бек мүмкін.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу жеделдетілгенін жеткізді. Қазір бірқатар өңірде парацетамол пайда болған. Бірақ баға сан қилы. Кей аймақта он есе шарықтап кеткен. Біз орташа бағаға шолу жасаймыз.

Нарықтағы баға

Ең арзан өнім қазір Петропавлда сатылып жатыр. Баға 85 теңге. Еліміздің шығысында парацетамолды 90 теңгеге алуға болады. Тараздан 105 теңгеге табасыз. Қарағандыда өнім бағасы 120 теңге, Шымкенттен 105 теңгеге алсаңыз, Алматыдан 110 теңгеге табуға болады. Елордада өнім бағасы 200 теңгеге дейін барады. Ең қымбат өнім Ақтауда сатылады. Мұндағы орташа баға 265 теңге, кей жерде 800 теңгеге дейін сатылып жатыр.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы