426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы қара металл өндірісі 3% төмендеді

  • 452
  • UPD: 10:51, 17.07.2020

ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін көбейту туралы келісімге келгеннен кейін қара алтын құны аздап төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лондон биржасында қыркүйек айында жеткізілетін «Брент» маркалы мұнай 0,57 процентке төмендеп, 43 доллар 54 центке бағаланды.

Әлем нарығы әлі де дағдарыстан шыға қойған жоқ. Көптеген елде карантин тәртібі ұзартылып жатыр. Коронавирустың екінші толқыны келеді деген болжамдар да жоқ емес. Сондықтан мұнай экспорттаушы елдер қара алтын арзандап кете ме деп алаңдайды.

Мұнай бағасы коронавирусқа байланысты құбылады

Егер коронавирустың таралуының екінші кезеңі басталса, мұнайдың бағасын бір қалыпта ұстап тұру қиынға соғады. Мұнай өндіруші елдердің сарапшылары осылай деп қауіптеніп отыр. Себебі шектеулер енгізілсе, өндіріс орындары жабылып, қара алтынға сұраныс азаяды. Оның үстіне мұнай сақтайтын қоймалар толған. Естеріңізде болса, кеше ОПЕК+ ұйымына мүше мемлекеттер тамыз айынан бастап мұнай өндірісін көбейтуге келісті. Әу баста олар тәулігіне алынатын қара алтын көлемін 2 миллион баррелге ұлғайтуды жоспарлаған еді. Алайда нарықтағы сұранысты бағамдай келе өсімді 1 миллион 200 мың бөшкеден асырмауды жөн санады. Олар келер жылы мұнайға тәуліктік сұранысы 7 миллион баррелге жетеді деп үміттеніп отыр.

Қытай экономикасы 3,2% өсті

Биыл екінші тоқсанда Қытай халық республикасының ішкі жалпы өнімі 3,2 процент болды. Яғни өсім бар. Коронавирус пандемиясына байланысты бірінші тоқсанда көрсеткіш 6,8 процентке төмендеген еді. Осылайша ел экономикасы 1992 жылдан бері алғаш рет шығынға батты. Бірақ бизнес тез ес жиды. Сарапшылар нарықтағы белсенділікке қарап, екінші тоқсандағы өсім 2,4 процент болады деп пайымдаған. Көрсеткіш жоғары шықты. Жалпы биылғы алты айда Қытай мұнай өндірісін 1,7 процентке, газ өндірісін 10 процентке көбейтті. Сондай-ақ бірінші жарты жылдықта қара алтын импортын 9,9 процентке ұлғайтты. Бұған дейін Дүниежүлік банк биыл Қытайдың экономикасы 5,9 процентке өседі деген болжам жасаған. Алайа пандемиядан кейін өсім бір процент шамасында болады деп пайымдады. Айта кетейік, былтыр Қытайдың экономикасы 6 процентке өсіп, әлемдегі екінші орнын сақтап қалды. 

Дағдарыстың жаңа толқыны болуы мүмкін

Америкадағы ірі банктер коронавирустан келетін дағдарыстың екінші толқынына дайындалып жатыр. Күтпеген шығындарды жабу үшін олар ондаған миллиард долларды арнайы қорға аударып қойды. Мәселен, JPMorgan, Citigroup, Wells Fargo екінші тоқсанда қорға 28 миллиард доллар аударды. Бұл олардың табысына кері әсер еткен. Қыржы ұйымдарының айтуынша, алдағы айларда Америкада жұмыссыздық деңгейі артып, тұтынушылардың төлем қабілеті төмендеуі мүмкін. Осындай тығырықтан шығу үшін JPMorgan қосымша қорға 10 миллард доллар, Wells Fargo 9,57 миллард, Citigroup 8 миллиардтай аударған.

Қара металл өндірісі 3% төмендеді

Қазақстанда қара металл өндірісі осымен екінші жыл қатарынан төмендеді. Биылғы бес айда оның көрсеткіші 3 процентке кеміп, жалпы сомасы 646 миллиард теңгеден асты. Өнімнің 88 проценті Қарағанды облысында өндіріледі. Одан кейін Павлодар облысы. Бес айда өңірдің металлургтері 187 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Үштікті Ақтөбе облысы түйіндеді. Мұнда балқытылған металдың құны 122,6 миллиард теңге болды. Өңірлердің ішінде тек Қарағандыда ғана өндіріс көлемі 15 процентке артты. Ал Павлодар мен Ақтөбеде керісінше төмендеді. Алғашқысы 11, соңғысында 19 процентке кеміген.

Қазақстанға Ресейден жанармай әкелуге тыйым салатын бұйрықтың мерзімі ұзартылды. Яғни 1 қыркүйекке дейін бізге өзге елден бензин, дизель немесе керосин әкелінбейді. Себебі отандық нарықта мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті. Қосымша сырттан әкелінсе, қазақстандық компаниялар өндіріс көлемін азайтуға мәжбүр болады. Мұнай қорының көбеюі жанармай бағасына қалай әсер етті. Бүгін «Нарықтағы баға» айдарында АЙ-92 маркалы бензиннің құнына шолу жасаймыз. Өңірлердегі тілшілер жіберген ақпарат бойынша бензин Түркістан облысында арзан екенін байқадық.

Қазақстан бойынша бензин Шығыс Қазақстан облысында қымбет екен. Өскеменде АЙ-92 маркалы бензиннің бір литрі – 163 теңге. Ақтау мен Нұр-Сұлтан қаласының май құю бекеттерінде дәл осы маркадағы бензин 157 теңгеден. Қостанай, Шымкен Және Алматы қалаларында АЙ-92 маркалы бензин 155 теңгеден сатылады. Павлодарда 154, Ақтөбеде 152 теңгеден. Елдің батысындағы Орал қаласында бензиннің литрі 150-ден. Ал Қазақстан бойынша жанармай ең арзан өңір – Түркістан облысы. Мұнда АЙ-92 маркасының бір литрі 148 теңгеден.

Енді Валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 412 теңге 40 тиынға тең. Ал еуро 470 теңге 93 тиын. Ресей рублі 5 теңге 81 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы