422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда тұтынылатын бензин көлемі төмендеді

  • 482
  • UPD: 11:06, 20.07.2020

Басқа мұнай өнімдеріне де сұраныс азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл сәуірде мұнай өңдеу зауыттарының ең төменгі технологиялық режимге ауысуына себеп болды. Биыл 1 қыркүйекке дейін республика аумағына темір жол, автомобиль жолдары және құбырлар арқылы бензин, әуе және дизель отынын әкелуге тыйым салынды. Бұл жанармай бағасына қалай әсер етеді?

Біздің елімізде жанар-жағармай құны әлемдік мұнай бағасына байланысты емес. Ол сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Айта кетерлігі, биыл сәуірде мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне жататын бензин және дизель отынына сұраныс 40%, әуе отынына 70% азайған.

Елімізде бензин бағасы бірқалыпты

Карантин басталғалы Қазақстанда бензин бағасы өскен жоқ. Энергетика министрлігі осылай деп сендірді. Kazenergy мәліметінше, наурыз айынан бері ішкі нарықта бензин мен дизель отынына көтерме баға 10% төмендеді. Жанармай құю бекеттерінде сұраныстағы АИ-92 маркалы бензинінің бір литрі 148-163 теңге аралығында. Басым бөлігінде – 152-155 теңге. Ал дизель отынының литрі 185 теңгеден басталады. Қазақстанда жанар-жағармай бағасына ішкі нарықтағы мұнай құны, мұнай өңдеу қызметі, салық пен акциздер, зертханалық сынақтар, тауарды тасымалдау сынды факторлар әсер етеді. Ал тұтынушылар алатын соңғы баға мұнай өнімінің көтерме құны, жанармай құю бекеттеріне дейінгі шығындар және бөлшек сауда шығындары негізінде қалыптасады. Айта кетейік, соңғы жарты жылда елімізде 2 миллион тоннаға жуық жанғыш отын өндірілген. Бұл өткен жылға қарағанда 7% көп.

Құмар ойындарының көлемі екі есе артқан

Елімізде құмар ойындары бойынша қызмет көрсету көлемі екі есе артты. 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында саладағы қаржы 7 миллиард теңгеге жуықтады. Ранкинг.кз ақпаратына сай, Алматы облысы құмар ойындары бизнесі бойынша көш бастап тұр. Облыстың жалпы статистикадағы үлесі – 58%. Қапшағай су қоймасы жағалауындағы ойын алаңдары 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жинаған. Жылдық өсім – 76%. Екінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Елордадағы ойын бизнесі көлемі бірден 46 есе өсіп, 1,1 миллиард теңгеге жеткен. Үштікті Ақмола облысы, Бурабай ауданында орналасқан ойын алаңы түйіндеді. Ондағы қаржы көлемі 800 миллион теңгеден асқан. Жылдық өсім 88% құрады. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 2 шілдеде «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес ставкаларды есепке алу орталығы құрылады, ставкалар тек нақты спорттық оқиғаларға ғана қабылданады.

Елімізде жарты жылда 423 тонна қымыз өндірілді

Елімізде жыл басынан бері 400 тоннадан астам қымыз бен мың тоннаға жуық шұбат өндірілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазақтың ұлттық сусыны негізінен Алматы облысында көп шығарылған, 160 тонна. Павлодарда 79 тонна қымыз өнідірілсе, Ақтөбеде 56 тонна сусын өндірілген. Пандемия басталғалы қазақстандықтар арасында емдік қасиетке ие сусынға деген сұраныс артқан.

Қостанайда бір литр қымыз – 800 теңге. Ең арзан қымыз Талдықорғанда, 700 теңге. Алматы қаласында сусынның бағасы 1000 теңге төңірегінде. Еліміздің батысына қарай ойыссақ, Оралда бір литр қымыз 1000 теңге тұрады. Ал Ақтөбеде қымызды 1200 теңгеге сатады. Еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтанда да қымыздың бір литрі 1200 теңгеге дейін жетеді.

Германия кедей елдерге несие бөледі

Германия кедей елдерге коронавируспен күресу үшін 3 миллиард еуро несие бөледі. Бұл туралы Үлкен жиырмалық елдерінің онлайн жиынында Германияның қаржы министрі Олаф Шольц мәлімдеді. Халықаралық валюта қоры бағдарламасының аясында бөлінетін қаражат коронавирус инфекциясының салдарымен күреске бағытталады. «Біз Германияда, Еуропада және бүкіл әлемде коронавирусқа байланысты үлкен сын-қатерлерге тап болдық. Халықаралық қауымдастықта Германия өзіне жауапкершілікті алады және бұл ынтымақтастық туралы белгі ретінде жасалған қадам»,- деді Шольц. Ресми деректерге сай, 2020-2021 жылдары Германия пандемияның экономикалық салдарын еңсеру үшін кедей елдерге 8,7 млрд еуро бөледі.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша, доллардың орташа бағамы 413 теңге 45 тиын, еуро 471 теңге 79 тиын, рубль 5 теңге 76 тиын.

Хабар 24 телеарнасы