423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дәмі қағаз татыған торт және өзге қызықтар. АҚШ табиғи тағамға көшті

  • 511
  • UPD: 11:05, 21.07.2020

Коронавирус салдарынан американдықтар дұрыс тамақтануға көшкен. Елде жұқпалы індетке шалдыққандар саны артқандықтан халық өз денсаулығына көп көңіл бөле бастады, деп хабарлайды Bloomberg. АҚШ-та органикалық өнімдер мен сусындардың саудасы 25%-ке өскен. Ет, теңіз өнімдері мен биологиялық таза тағамдарға да сұраныс артқан.  Бірақ елдегі жұмыссыздық деңгейі жоғары. Бұл америкалықтардың материалдық жағдайына қатты әсер етіп отыр. Сондықтан «таза табиғи өнімдердің бағасын барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді» делінген хабарламада.

Қазақстандық кәсіпкерлер Үкіметтен үш компонентті интеграцияланған жүйені енгізу мерзімін ауыстыруды сұрайды. Ол онлайн-кассалық аппараттардан, pos-терминалдан және штрих-код сканерімен тауарларды тіркеу жүйесінен тұрады. Қаржы министрлігі шағын және микробизнестегі көлеңкелі экономикамен күресу үшін биыл осындай жаңашылдықтар енгізбек. Заң бойынша деректерді онлайн жіберетін кассалық аппараттар кәсіпкерлерді үш жылға салықтан босатады. Бірақ карантинге байланысты кәсіпкерлер бұл жаңашылдықты қолдануға дайын емес.

Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, жаңа жүйені енгізуді кейінге қалдыру керек. Оның үстіне, шағын бизнеске жүйенің кейбір мүмкіндіктері мүлдем қажет емес. Мысалы, «сатылған тауарлармен қатар өнімдердің қоймаға түсуін қадағалау шағын кәсіпкерлерге қосымша күш түсіреді» дейді мамандар.

Жібек Әжібаева, Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:

- Менің ойымша, бизнес карантиннен енді ғана шығып жатқанда жаңа жүйені енгізбей, күте тұру керек. Біз мүлдем қарсымыз деп айта алмаймын. Бірақ қазір шағын және орта бизнес үшін жаңашылдықтар енгізетін уақыт емес. Үш компонентті жүйе іске қосылса, бизнестің жүктемесі 12 %-ке өседі. Сондықтан кәсіпкерлердің қалпына келуіне уақыт керек.

Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының хабарлауынша, салыстырмалы түрде кәсіпкерліктің ең осал тұсы сауда саласында. Бүгінгі таңда ол шағын және орта бизнестің 35%-ін құрайды. Ал шағын кәсіпкерлік қызметтің 70%-і - бұл үйдің жанындағы дүкендер, ауданы 500 шаршы метрге дейінгі шағын сауда алаңдары. Жалпы алғанда бұл салада 800 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Карантин кезінде ірі сауда желілерінің ғана жағдайы тұрақты болды. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Дегенмен, дағдарысты еңсере алмағандар қаншама. Қауымдастық ақпаратына сай, елордада жағдайы тұрақты болған кәсіпкерлердің 15%-і бизнестен кетуге мәжбүр. 

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 9%-ке дейін төмендетті.

Банк мамандарының айтуынша, бұл шешім Қазақстан экономикасына карантинді күшейту салдарының ықпалын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі несие тәуекелдерін азайтып, несие құнын төмендетеді. Бір сөзбен айтқанда, қаржы нарығындағы жағдайдың тұрақталуына негіз болады. Елімізде биыл мамыр-маусым айларында экономикалық белсенділік қатты қысқарды. Карантинді күшейту бойынша қосымша шаралар да дезинфляциялық әсер етеді.

«Сол себепті Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады» делінген ресми хабарламада.

Қазақстандықтар карантин кезінде етті көптеп тұтына бастаған. 2020 жылдың бірінші тоқсанында бір адам орта есеппен 21 келі ет жеген. Бұл былтырға қарағанда 1,5 келіге артық. Етпен қатар балыққа да сұраныс өскен. Азық-түлікке жұмсалған қаражаттың 35%-і балық сатып алуға кеткен. Өз кезегінде шаруалар карантин кезінде өндірісті тоқтатпағанын айтады.

Қазақстанның «Ангус республикалық палатасының» хабарлауынша, сиыр етінің өндірісі 2 есе артып, жылдық мөлшері бір миллион бір жүз тоннаға жетеді деп күтілуде. Ал ет экспорты қазынаға  2,5 миллиард долларға жуық қаржы түсіреді деп жоспарланған.

Қостанайда бір келі сиыр еті 1900 теңге. Оралда 200 теңгеге қымбат. Ақтөбеде сиыр етінің бір келісі 2500 теңге тұрады. Оңтүстікте еттің бағасы бұдан төмен. Шымкентте сиыр еті 1900 теңгеден сатылады. Қызылордада 2200 теңге тұрады. Алматы қаласының дүкендерінде де осындай баға. Ең қымбат ет елорадада 2700 теңге.

Соңғы ақпарат. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша, доллардың орташа бағамы 414 теңге 8 тиын, еуро 475 теңге15 тиын, рубль 5 теңге 78  тиын.

Хабар 24 телеарнасы