433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тауарларын Қытайға жеткізе алмай отырған отандық кәсіпкерлер Үкіметтен көмек сұрауда

  • 603
  • UPD: 11:09, 23.07.2020

Қазақстан-Қытай шекарасында қалың кептеліс. Бір айдан бері отандық кәсіпкерлер тауарларын көрші елге жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вагондарға тиелген ауыл шаруашылығы, тау-кен өнімдерін экспорттаушылар қиын жағдайын айтып «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінген.

Әзірге қанша кәсіпкердің қандай шығынды арқалағаны нақтыланбады. Бірақ ұлттық палата өкілдері бірқатар құзіретті органдарға хат жолдап, түйткілді шешуге көмектесуді сұраған.

Отандық тауар өндірушілер шығынға белшеден батты. Бір ай бұрын Қытай тарапы Орталық Азия елдерінен өнімдерді қабылдай алмайтынын хабарлаған. Бірақ шектеу мерзімі мен себебі нақтыланбады. Салдарын кәсіпкерлер көріп отыр. Шығыс Қазақстандағы күнбағыс майын өндіруші вагондарға тиелген тонна-тонна тауарын межелі жерге жеткізе алмады. Ал стансада қозғалыссыз тұрған вагондар үшін операторға млн-даған айыппұл төлеуі тиіс. Бұл бір ғана мысал. Не істерін білмей дал болған кәсіпкерлердің бірі ұлттық палатаға, енді бірі Үкіметке хат жазып, көмек сұрап отыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының логистика және жүк тасымалы департаментінің сарапшысы Дархан Мұратхановтың айтуынша, ауыл шаруалығы, тау-кен өнімдері шекара асуы тиіс еді. Әзірге форс-мажор жағдайда қалған өндірушілердің саны мен келтірілген шығынды дөп басу қиын. Жалпы жыл басынан бері қытай-қазақ арасында 5,3 млн тонна тауар тасымалданды. Бұл былтырғыға қарағанда шамамен 1,5 млн тоннаға артық.

Жылжымайтын мүлікті сенімді инвестиция санайды

Қытайда сатылған үйлердің 21 проценті бос тұр. Бірақ пандемия мен дағдарысқа қарамастан, жылжымайтын мүлікке қаржы құйып жатқан инвесторлар азаяр емес. Кей қаладағы үйлердің құны әлемдегі ең қымбат бағамен теңескен. Ал сұраныс үсті-үстіне артып жатыр. Наурыз айында бас-аяғы 8 минутта жаңа тұрғын үй кешендерінің біріндегі 300-ге тарта апартамент сатылып кеткен. Ал Шанхайда екінші нарықтағы пәтерлер құны рекордтық сомаға жеткен. Былтыр сатылымдағы барлық үйлердің бағасы 52 трлн доллардан асыпты. Goldman Sachs сарапшылары мұның АҚШ-тағы нарықтан 2 есе көп екенін айтып отыр. Ахуал Үкіметті алаңдатып қойғаны рас. Инвесторлар юань бағамы түспесе болды дейді. Өткен жылғы маусымнан бері мұндағы инвестиция 1.5 трлн долларға жуықтаған. Бірақ билік үйлердің бағасын түсіре алмайды. Өйткені, халықтың дені несиеге тәуелді. Жылдың бірінші тоқсанында елдегі қарыз ЖІӨ-нің 57 процентін құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш. Айта кетейік, бүгінде қытайлық отбасылардың 40 процентінде 2 баспанадан болса, 50 процентке жуығында 3-тен асып кеткен.

Ақылды себет қызметі енгізілді

Ал Amazon компаниясы ақылды себет қызметін іске қоспақ. Ол тауарды өзі сканерлеп, өлшеп береді. Технологияның игілігін алдымен Лос-Анджелесте ашылатын жаңа дүкен келушілері көретін болады. Басты талап: алатын тауар бір-екі сөмкеден аспау керек. Қызметті Amazon-ға тіркелген азаматтар да пайдалана алады. Алынған тауар ақысы дүкеннен шығарда картаңыздан автоматты түрде шешіледі. Чек көшірмесі электронды поштаға келеді. Пилоттық жоба жемісін берсе, барлық дүкендер желісіне енгізілетін болады. Электронды сауда бойынша әлемдегі ірі ритейлер кассирсіз дүкендерді осыдан 4 жыл бұрын қолға алған. Қазір Amazon Go-дың аумағы қарапайым сауда орындарына қарағанда 5 есе үлкен әрі 5000-ға тарта тауар атау бар. Ал компанияның негізін қалаушы күннен-күнге байып келеді. Кеше ғана оның кірісі 13 млрд долларға артты.

Пандемияның салдарын еліміз де көріп отыр. Басты байлығымыз – халық. Денсаулығын қорғап, иммунитет көтеру үшін цитрустық өнімдерге сұраныс артқалы қашан. Ендеше лимонның нарықтағы құны қандай екен?

Бір келі лимонды Қызылордадан 90 теңгеге аласыз, Қарағандыда 20 теңгеге қымбат. Қостанайда өнім бағасы 120 теңге, Ақтөбеден 150 теңгеге табасыз. Елордада 200 теңге, ал еліміздің шығысынан 230 теңгеге табуға болады.

Енді валюта бағамына тоқталайын. Бір доллар 412 теңге 55 тиын, еуро 468 теңге 66 тиын, Ресей рублі 5 теңге 79 тиын шамасында.

Хабар 24 телеарнасы