429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде арзан шұбат қайда бар?

  • 463
  • UPD: 11:26, 30.07.2020

Жыл басынан елде 1,1 млн тонна ферроқорытпа өндірілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,3 процентке аз. Аталған сектор бойынша негізгі зауыттар Ақтөбе мен Павлодар облыстарында орналасқан. Аталған екі өңірдің саладағы өндіріс үлесі шамамен 95 процентті құрайды. Қос құрылым да «ҚазХром» АҚ-ның филиалдары саналады. Өткен жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ферроқорытпа өндірісі көлемінің 83 проценті феррохром өніміне тиесілі. Жалпы салмағы шамамен 912 мың тонна. Былтырғы көрсеткіштен 4,6 процентке кем. Ал ферросиликомарганец өндіру үлесі 5,5 процент. Жалпы салмағы 57 мың 200 тонна. Жылдық өсім 5,5 процент. Экспорттан түскен қаржылай табыс көлемі 695,7 млн АҚШ долларына тең. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15,6 процентке аз. ТМД елдеріне экспортталған 114 мың 300 тонна ферроқорытпа 46,7 млн АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелді. Әлемнің өзге де елдеріне 703,3 мың тонна өнім экспортталып, 649 млн АҚШ доллары мөлшерінде пайда түсті. Олардың қатарында Қытай, Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея және Германия сияқты елдер бар. 

Көлік жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша кіріс көлемі біршама азайды. Соңғы жарты жылда екі жыл бұрынғы төмен көрсеткіш қайталанып отыр, деп жазады Ранкинг.кз. Мәселен, биыл жыл басынан сектордағы кіріс көлемі 35 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4 процентке аз көрсеткіш. Оның үстіне екі жыл бұрын секторда өсім байқалған еді. Міндетті сақтандыру нарығының үлесі жыл ішінде 66,3 проценттен 64,7 процентке дейін қысқарды. Қаңтар мен маусым айлары аралығында сақтандыру төлемдерінің көлемі шамамен 14 млрд теңгеге жуықтады. Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,3 процентке кем. 

Ақтөбеде лифт шығаратын кәсіпорын салынуы мүмкін. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Заман трейд» серіктестігі осы жөніндегі екі жақты меморандумға қол қойды. Құны 5 млн доллар болатын жобаға түрік инвесторлары қолдау көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбеде лифт жөндеу және оны қондыру қызметі шағын кәсіпкерлердің қолында. Әзірге жеделсаты құрастырып, оны саудаға шығаратын өндіріс орыны өңірде жоқ. Жоба толық мақұлданса, отандық лифттер елдің батыс аймағы мен Ресейдің көршілес облыстарына шығарылады.

Айта кеткен жөн, жаңа кәсіпорын салынатын жергілікті индустриалы аймақ 5 жыл бұрын құрылды. Ақтөбе қаласының өндірістік аймағында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Мұнда жалпы құны 6,2 млрд теңгеге тең 7 кәсіпорын жұмыс істейді. 340 жұмыс орыны бар. Биыл тағы 5 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. 315 жаңа жұмыс орны құрылады. Инвестицияның жалпы көлемі - 21,8 млрд теңге.

Алматы, Ақмола және Қостанай облыстарының кәсіпорындары өз сүт өнімдерін Қытайға экспорттай алатын болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Ведомство мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде тағы 3 қазақстандық сүт өңдеуші кәсіпорын Қытайға сүт өнімдерін экспорттау құқығына ие болды. Олар Көкшетау қаласының сүт зауыты, Талдықорған қаласының «Дәулет-Бекет» және Рудный қаласының «Лидер-2010» кәсіпорындары.

Еске сала кеткен жөн, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында Бейжіңдегі жұмыс сапары аясында сүт және сүт өнімдерін экспорттауға ветеринариялық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойған еді. Сол кезде Алматыдағы Фудмастер, Қарағандыдағы Евразия Инвест LTD және Түркістандағы Golden Camel Group LTD компаниялары өз өнімдерін көрші мемлекетке сату құқығын алған болатын. Осылайша сүт және сүт өнімдерін өндіретін Қытайға экспорттай алатын кәсіпорындар саны қазір 6-ға жетті.

«Нарықтағы баға» айдарында шұбаттың орта бағасына тоқталамыз. Ең төмен баға Түркістанда. Онда түйе сүтінің литрі 600 теңгеден басталады. 

Өскеменде шұбаттың литрі 1200 тг, Шымкентте 900 тг, Түркістанда 600 тг, Ақтауда 1500 тг, Атырауда 1300 тг, Ақтөбеде 1200 тг және елордада 1500 тг. 

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 416 теңге 49 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 417-418 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 490 теңге 30 тиын болса, ресей рублі 5 теңге 75 тиын.

Хабар 24 телеарнасы