423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ең жоғары жалақы көлемі белгілі болды

  • 991
  • UPD: 12:18, 03.08.2020

Елімізде ең жоғары жалақы көлемі белгілі болды, хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы министрлігінің статистика комитеті 2020 жылдың екінші тоқсанында тіркелген орташа айлық көлемін жариялады. Сонымен, салалық құрылымда ең жоғары жалақы кен өндіру өнеркәсібінде. Мұндағы жұмысшылар орта есеппен 443 мың теңгеден жоғары алады. Екінші орында қаржы және сақтандыру қызметі. Қаржыгерлердің айлығы 386 мың теңге. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласындағылар 326 мың теңге айлық алса, көлік және қоймалау саласындағы орташа еңбекақы 233 600 теңге көлемінде тіркелген. Статистика сай атаулы жалақының ең төмен деңгейі ауыл, орман және балық шаруашылығында байқалды. Аталмыш сала мамандары айына 127 мың теңге алады. Айта кетерлігі, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 40%-ке төмен. Жалпы ең жоғары айлық Атырау өңірінде болса, ең төмені Солтүстік Қазақстанда.

Теңге рубльге қарағанда тұрақталып келеді – сарапшылар

Тамыз айы еуроның теңге мен рубльге шаққадағы құнының күрт құбылуынан басталды. Валюта айырбастау пункттерінде еуропалық валюта 502-504 теңгеге сатылуда.

Валюта нарығында шын мәнінде елеулі өзгерістер болды. Ресей рублі құлдырады, одан кейін теңге де әлсірей бастады. Мұндай үрдіс қашанға дейін созылады?

Өткен аптаның соңында Ресей валютасы қатты құлдырап, долларға шаққанда 4,2% және еуроға қарағанда 8,7% төмендеді. Ал, біздің елімізде еуро шамамен 10 теңгеге қымбаттады. Америкалық валютаға келетін болсақ, доллар бағамы 420 теңгеден асты. Қазақтандық және ресейлік валюталардың байланысын талқылай келе, отандық сарапшылар қаржы нарығында мұндай жағдай болатынын бұрын болжаған. Экономист Олжас Төлеуов «теңге рубльге қарағанда тұрақталуы мүмкін» деп санайды. Мысалы, рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы өткен аптадағы көрсеткіштерден айтарлықтай төмендеді. Ұлттық валютаның құбылу қарқыны ресейлік ақшамен салыстырғанда баяулап келеді.

Айта кетерлігі, бұған проценттік мөлшерлемелердегі айырмашылық та ықпал етеді. Егер Ресейде негізгі мөлшерлеме 4,25% болса, Қазақстанда 9%. Қос ел арасындағы нақты мөлшерлемелердегі айырмашылық 1%-тік тармаққа жетеді. Экономист бұл Еуразиялық экономикалық одақтағы ірі капитал иелері үшін қазақстандық қаржы активтерін таңдауға септігін тигізеді деген пікірде.

Биткоин бағасы 12 мың доллардан асты

Биткоин бағасы соңғы бір жылда болмаған деңгейге көтерілді. Кеше криптовалюта құны 12 мың доллардан асты. CoinMarketCap сайтында осындай ақпарат тіркелген. Бірақ криптовалютаның қымбаттауы ұзаққа созылмады. Виртуалды қаржы нарықтағы алыс-беріс нәтижесінде биткоин бағасы біртіндеп төмендей бастады. Қазір ол 11160 долларға сатылып жатыр. Отандық валютаға шаққанда бір биткоиннің бағасы 5 миллион теңгеге жуықтайды.

«Нарықтағы баға»

Бүгін қарбыздың құнына шолу жасаймыз. Тауар бағасы өңірлік тілшілеріміздің ақпаратына негізделген.

Ең арзан қарбыз Шымкентте. Жидектің бір келілісі 70 теңге.  Қарағандыда одан 5 теңгеге қымбат. Ақтауда қарбыздың келісі 80 теңге тұрады. Ал, Атырау дүкендерінде жидектің 1 келісі 90 теңге. Талдықорғанда тауар құны 10 теңгеге жоғары. Қостанайда қарбыздың бір келісі 115 теңгеден басталады. Ал, Павлодарда 120 теңге. Еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтан қаласында да қарбыздың келісі 120 теңге тұрады.

Нарықтағы баға: 1 кг қарбыз

Шымкент – 70 теңге

Қарағанды – 75 теңге

Ақтау – 80 теңге

Атырау – 90 теңге

Талдықорған – 100 теңге

Қостанай – 115 теңге

Ақтөбе – 110 теңге

Павлодар – 120 теңге

Нұр-Сұлтан – 120 теңге.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 418 теңге, еуро 491 теңге 36 тиын, рубль 5 теңге 69 тиын.

Хабар 24 телеарнасы