424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантин тәртібі 1,7 млн азаматтың жұмысына кері әсерін тигізді

  • 385
  • UPD: 11:50, 06.08.2020

5 шілдеден бастап күшейтілген карантин тәртібі 1 млн 700 мың азаматтың жұмысына кері әсерін тигізді, хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 1 млн 300 мың адам микро және шағын бизнеспен айналысады. Жұмыс берушілердің бірі қызметкерлерін жалақысыз еңбек демалысына жіберсе, енді бірі штат құрамын қысқартуға мәжбүр болған. Шығын тағы қандай салаларда байқалады?

Жалақысыз еңбек демалысына жіберілгендердің барлығы дерлік ойын-сауық, демалыс, туризм саласы мен қоғамдық тамақтану орындарында қызмет етеді.

Жұмыс берушілердің едәуір бөлігі штат құрамының 14,5%-ін қысқартуға мәжбүр болған. Әсіресе, Шымкент, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Алматыда бұл көрсеткіш жоғары. Сондай-ақ қызметкерлердің шамамен 20%-і жалақысыз еңбек демалысына шығарылды. Мұндай жағдай Алматы, Түркістан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі тіркелді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған ақпаратқа сай карантин кесірінен азық-түлік емес дүкендер, базардағы бутиктер, сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханалар мен ивент агенттіктер шығынға батып отыр. «Жоғарыда аталған сауда орындары мен шағын және орта бизнес субьектілеріне салынған шектеулер наурыз айынан бері жалғасып келе жатқандықтан, ең көп материалдық шығын соларда», дейді сарапшылар.

Сақтандыру компанияларының табысы 80% өсті

Елімізде өмірді, денсаулықты, жылжымайтын мүлік пен көлікті сақтандыру компанияларының табыс көлемі бірден 80%-ке өсіп, жарты жылда 65 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Ranking.kz порталында жазылған. Сақтандыру компанияларының корпоративтік табыс салығын төлегенге дейінгі жалпы кіріс көлемі жыл басынан 70 млрд 700 млн теңгеге жетті. Бұл былтырғы кезең көрсеткішінен шамамен 68%-ке көп. Сол уақыт аралығындағы корпоративтік табыс салығының көлемі 5 млрд 400 млн теңге. Өткен жылғы көрсеткіштен шамамен 8%-ке аз. Осыған байланысты компаниялардың корпоративтік табыс салығын төлегеннен кейінгі таза пайда көлемі бірден 80%-ке артып, 65 млрд 300 млн теңгені құрады. Осылайша, қаңтар мен маусым айлары аралығындағы жалпы табыс көлемі 265 млрд 500 млн теңгеге тең. Жылдық өсім деңгейі – 20%. Ал компаниялардың шығын көлемі небәрі 7,6%-ке немесе 185 млрд 800 млн теңгеге дейін өскен.

Елімізде сиыр сүті қымбаттады

Елде шикі сүт литрі 12,5%-ке, ал пастерленген түрі 8,6%-ке қымбаттады. Жалпы сүт және сүт өнімдерінің өндіріс көлемі бір жылда 6%-ке өскен. Мәселен, жыл басынан 288 мың 500 тонна сүт пен кілегей өндіріліпті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5,7%-ке көп, деп жазады Energyprom.kz порталы. Мәселен, пастерленген сүт литрі Алматыда шамамен 280 теңге, Ақтөбеде 246 теңге. Қарағандыда 270, Көкшетауда 250, Петропавлда 245, Семейде 215, Талдықорғанда 200 және Шымкентте шамамен 250 теңгеге сатылады. 5 ай қорытындысы бойынша елде сүт пен қаймақ өндіретін өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. 31%-тік үлес немесе 71 мың 800 тонна. Екінші орында Алматы облысы. Үлестің 17,2%-і тиесілі. Шамамен 40 мың тонна. Үштік қатарында Ақмола облысы бар. 33 мың 400 тонна немесе 14,4%-тік үлес. Отандық компаниялар ішкі сұранысты 96,2%-ке қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа көшті. Бұл ретте экспорт үлесі 5,3%-ке жетіп, 12 мың 700 тоннаны құрады.

«Нарықтағы баға» айдары

Ал «Нарықтағы баға» айдарында шикі сүттің орта бағасына тоқталамыз. Елдегі орта баға литрі үшін 225 теңге. Ал, ел бойынша ең жоғары баға Ақтөбе мен Атырауда. Онда шикі сүт литрі 300 теңгеден басталады.

Сонымен, Қостанайда шикі сүт литрі 165 теңге, Павлодарда 20 теңгеге арзанырақ. Қарағандыда 230 теңге, Өскеменде 215 теңге, Алматыда 260 теңге, Таразда 175 теңге, Түркістанда 5 теңгеге арзанырақ, Қызылордада 200 теңге, Оралда 50 теңгеге қымбатырақ, Атырау мен Ақтөбеде 300 теңге және бас шаһарда да сүт литрі 300 теңгеден басталады.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 418 теңге 35 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 420 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 495 теңге 2 тиын болса, Ресей рублі 5 теңге 71 тиын.

Хабар 24 телеарнасы