432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі зергерлік бұйымдардың 95%-і жасанды немесе контрабанда

  • 386
  • UPD: 10:52, 12.08.2020

Карантин салдарынан Қазақстанда алтын зергерлік бұйымдардың сатылымы төмендеді, хабарлайды «Хабар 24».

Қымбат металл 2020 жылдың ең тиімді инвестициясы деп танылғанымен, қазір қазақстандықтардың алтынға қаржы құюға асығар емес.

Әрине, карантин зергерлік бизнеске де әсер етті. Тойлар болмағандықтан, мерекелік жиындардағы басты кәдеге айналған қымбат әшекейлерге де сұраныс төмендеген. Дегенмен, алтыннан жасалған бұйымдар биыл 10%-ке қымбаттады.

Елімізде сатылатын алтын әшекейлердің 95%-і жасанды немесе контрабандалық бұйымдар. Олар Қазақстанға көрші елдерден заңсыз әкелінеді немесе жасырын шеберханаларда дайындалады. Қазақстанның зергерлер лигасы осылай деп мәлімдеді. Жасырын шеберханалардың жабдықтары әшекейлерге Ресей, Түркия, тіпті итальяндық өндірушілер шығарған деген жалған таңба қоюға мүмкіндік береді. Зергерлер лигасының хабарлауынша, Ресейде зергерлік бұйымдар шығаратын бес мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Ал, онда дайындалған ресейлік бұйымдардың 48%-і біздің елге экспортталады және алтын әшекейлерді республика аумағына әкелу үшін қосымша құн салығы төленбейтін көрінеді. Қазақстанның зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиевтың айтуынша, Түркияның алтын әшекейлері де елімізге осындай жолмен келеді.

Зергерлер шикізатқа ҚҚС босатуды сұрайды

Жалпы алғанда 1000 зергерлік бұйымның тек екі-үшеуі ғана отандық өнім. Зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағалиев нарықта бәсекелестік тең дәреже емес деп есептейді. Оның пікірінше, контрабандамен күресу керек. Әйтпесе, мұндай жағдайда заңға бағынатын зергерлерге кәсібін тоқтатуға тура келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлер шикізатты сатып алу кезіндегі қосымша құн салығынан босатуды сұрайды. Бұл салықпен қазақстандық зауыттардан алтын сатып алу тиімсіз. Сондықтан отандық кәсіпкерлер ломбардтардан алтын зергерлік бұйымдарды сатып алып, балқытады. Ал, кейбіреулері алтын өндіретін кәсіпорындардан ұрланған қымбат металды алатын көрінеді. Жалпы мамандардың айтуынша, егер зергерлік бұйымдарды көлеңкеден шығарып, отандық өндірісті жолға қойса, онда мемлекеттік бюджетке жыл сайын 40 миллиард теңгеге жуық салық түседі. Бүгінде қазақстандық зергерлік саладағы қаржы айналымы 300 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Алтын унциясы $4000 долларға жетуі мүмкін

Ал, әлемде алтын қайтадан арзандап жатыр. Сейсенбіде Нью-Йорктегі споттық троя унциясы шамамен 4%-ке төмендеді. Қыркүйекте жеткізілетін алтын фьючерстері де Comex биржасында 4%-ке арзандап, бір унция үшін 1957 доллардан саудаланып жатыр. Осылайша, бір тәулікте алтын бағасы 103 долларға төмендеді. «Бұл 2013 жылдан бері болған ең ірі құлдырау», - дейді сарапшылар. Жыл басынан бері инвесторлар биржалық қорларға 39 миллиард доллардан астам қаржы салған. Салдарынан алтын 35%-ке қымбаттады. Әлемдегі орталық банктер проценттік мөлшерлемелерді төмендеткеннен кейін инвесторлар дәстүрлі қаржы құралдарынан ақша табу мүмкіндігіннен айырылды десек болады. Сондықтан олар қаржысын алтынға құя бастады. Айта кетейік, бүгін Лондон биржасында алтынның унциясы 1925 доллар 50 центке сатылуда.

«Нарықтағы баға» айдары

Бүгін қазақстандықтар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін қанша төлейтінін айтамыз.

Тараздықтар қоқысты шағаруға адам басына 95 теңге төлейді. Ал Петропавлда коммуналдық қызметтің бұл түрі 200 теңге тұрады. Қарағандылықтар қоқыс төккені үшін адам басына 214 теңге береді. Атырауда да аталмыш қызмет түрі 214 теңге тұрады. Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға бір адам 300 теңге төлейді. Ал қостанайлықтар қоқыс шығару қызметіне айына 351 теңгеден жұмсайды. Нұр-Сұлтан қаласында қосқыс төгу қызметі адам басына 390 теңгеден басталады.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 417 тиын 99 тиын, еуро 492 теңге 14 тиын, рубль 5 теңге 70 тиын.

Хабар 24 телеарнасы