425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы алтын сатып алудан көш бастады

  • 386
  • UPD: 11:42, 14.08.2020

Қазақстандықтар алтын құймаларын инвестициялай бастады. Шілдеде екінші деңгейлі банктер мен банктік емес айырбастау орындарынан 2700-ден аса өлшеуіш құйма сатылған. 5, 10, 20, 50 және 100 граммдық алтын құймалардың жалпы салмағы 113 келіден асқан. Әсіресе, 10 граммдығы сұраныста. Оның 8200-ден астамы сатылған. Белсенді қалалар көшін Алматы бастады. Құймалардың тең жартысы осында иесін тауыпты. Алтын құймалардың әрбірі қорғаныш элементтермен оралады. Бұл да оның сапа сертификаты саналады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтау маңызды. Елімізде соңғы үш жылда 1,1 тонна болатын 30 855 өлшеуіш құйма сатылды.

Еуразиялық экономикалық одақ елдері 30 млрд долларға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді. Өнідірілген өнімнің 23 млрд Ресейге тиесілі. Ал Қазақстандағы көрсеткіш 3 млрд доллардан асады. Дегенмен, жыл басынан бері еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдері едәуір қымбаттаған. Әсіресе жеміс-жидек бағасы шарықтап тұр.

Экономист Сапарбай Жобаевтың сабақтауынша, былтырғы базалық деңгейге қарағанда біздің елдегі баға арзан.

Айтуынша, еліміздегі көрсеткіш өзге одақтастармен салыстырғанда төменірек. Жалпы бағаның өсуіне теңгенің құнсыздануы бірден бір себеп. Сарапшы аса қажет тауарлардың бағасын тұрақтандыруға зор көңіл бөлу керек дейді. Әсіресе індет жалмаған тұста қажеттіліктер өзгергенін алға тартты. Экономикалық ахуалға да пікір білдірген ол, карантиндік шектеулер жеңілдегенде қызмет көрсету саласына сұраныс артатынын айтады. Еліміздегі ЖІӨ-де бұл бағыттың үлесі аз. Бар-жоғы 2-3 процент. Үкімет шағын және орта бизнесті тағы демеп жіберсе, тығырықтан шығуға болады. Сарапшы ірі кәсіп иелерінің әлеуеті өте әлсіз екенін айтады. Ірі инвестиция тартып әрекет ету қажет. Саланың қалпына келуіне кем дегенде 2 жыл уақыт керек болады. 

Мұнай өндірісі тәулігіне 9,6 млн баррельге төмендеуі мүмкін. ОПЕК биылғы әлемдік сұранысты осылай болжап отыр. Оған бірқатар ірі елдегі экономикалық белсенділіктің құлдырап кетуі себеп. Шілдеде өндірістің 8,95 млн баррельге дейін төмендейтіні болжанған. Мамандардың есебінше сұраныс мөлшері бұрынғыдай болмайды. Тіпті экономикалық ахуал қалыпқа келсе де... Биыл картельге кірмейтін елдердің өзі мұнай өндіруді 3 млн баррельге дейін азайтып отыр. Әзірге келесі жылғы сұраныс бойынша нақты болжам жоқ. Бірақ тәулігіне 7 млн баррельге дейін өсім болуы ықтимал. Жалпы ОПЕК+ келісімі 97 процентке орындалған. 

Ал Ресейде әуе билеттері қымбаттауы мүмкін. Бұған авиаотын бағасының шарықтауы себеп. Соңғы тендер нәтижесінде өнім 20-дан 60 процентке дейін қымбаттады. Әуе көлігі қауымдастығы құзырлы министрлікке хат жолдап, мән-жайды анықтауды сұраған. Антимонополиялық қызмет тексеруді бастап кетті. Белгілі болғандай, әуе компаниялары отынды биржадан алуға құлықсыз. Бірақ биржалық көтерме баға былтырғыға қарағанда 30 процентке арзандау екен. Айта кетейік, коронавирус салдарынан елдегі өндіріс едәуір азайды. Жалпы жыл басынан бері әлемдік нарықта авиаотын барреліне 75 доллардан 45 долларға дейін арзандаған. Өйткені сұраныс жоқ.

АҚШ энергетика министрлігінің хабарлауынша, өткен айда жаһандық тұтыну тәулігіне 1,5 млн баррельді құрады. Бұл қаңтарға қарағанда 3 есе аз көрсеткіш.

Хабар 24 телеарнасы