424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтардың кірісі азайды

  • 486
  • UPD: 11:52, 18.08.2020

Қазақстандықтардың кірісі айтарлықтай азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Статистика комитетінің хабарлауынша, маусым айында халықтың ақшалай табыс көлемі 1,7%-ке түсіп кеткен. Мұндай ахуал соңғы рет 2016 жылы тіркелген болатын.

Айта кетейік, нақты кірістің азаюына экономикалық белсенділіктің төмендеуі мен жұмыссыздық себеп болған.

Халықтың нақты кірісінің төмендеуі жыл соңына дейін жалғаса беруі ықтимал. Бұл туралы экономист Олжас Төлеуов хабарлады. Телеграм-каналындағы жазбасында ол аталған ахуалдың негізгі капиталға түсетін инвестиция көлемінің азаюына, сондай-ақ ішкі тұтынуға да әсер ететінін айтты. Сарапшы елдегі ЖІӨ-нің қалпына келуі сыртқы сұраныстың азаюына ғана емес, ішкі сұраныстың да әлсіреуіне байланысты екенін атап өтті. Былтыр бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 78%-ін құраған. Ал ішкі сұраныстың азаюы инфляциялық жағдайға оң әсер етеді.

Олжас Төлеуов, экономист:

- Ішкі сұраныстың төмендеуі тауарлар мен қызметтер импортының азайғандығын көрсетеді. Бұл сауда балансының және тұтастай алғанда Қазақстанның төлем балансының барлық ағымдағы шоты үшін оң фактор болып табылады. Яғни, басқа да тең жағдайларда ел ішінде теңгенің айырбас бағамының жақсаруына ықпал етеді. Сондай-ақ ішкі сұраныстың әлсіреуі дезинфляция немесе тұтыну бағасының өсуін тежеуге ықпал ете алады.

Биыл экономиканың қалпына келуі екіталай

Ал, өзге сарапшылар ел экономикасының келесі жылы да дағдарысқа дейінгі өсу деңгейіне қайтып келмейтінін айтады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кейбір индикаторларға қатысты сауалнама жүргізген. Онда Brent маркалы мұнайдың бағасы, доллар жайы, инфляция, ЖІӨ, сондай-ақ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі сұралған. Нәтижесінде сарапшылар қысқа мерзімді келешекте Ұлттық валюта бағамы бойынша күшті қозғалыстар күтпейтіні, базалық мөлшерлеме 7 қыркүйектегі отырыста 9% деңгейінде, яғни, өзгеріссіз қалатыны, ал инфляция бір жылда 4-6% нысаналы дәлізден асатыны, келесі жылы ақша-несие шарттарын жеңілдетуге болатынын болжады. Бірақ бұл нәтижелердің инвестициялық ұсыныс болып табылмайтыны да ескертілген.

Педагогтардың орташа еңбекақысы 184 мың теңге

Еліміздегі білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 184 мың теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ке артық. Жіктер болсам, орта білім беретіндер 214 мың теңге алады, ал мектепке дейінгі білім берушілердің еңбекақысы 90 мың теңге. Мұғалімдерін жоғары жалақымен қуантатын өңірлер көшін елорда бастайды, үштікке Алматы қаласы мен Маңғыстау облысы кіреді. Ал, ең төменгі еңбекақы Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Шымкентте тіркелді. Білім және ғылым министрлігінде алдағы 4 жылда педагогтардың табысы жыл сайын 25%-ке өсіп отыратынын хабарлады. Қазір ел аумағындағы бір млн адам білім беру саласында еңбек етеді.

«Нарықтағы баға» айдары

12 беттік жұқа дәптер Оралда 20 теңгеге сатылып жатыр. Ал, Қостанайдан 25 теңге аласыз. Ақтаудан да бір дәптерді 25 теңгеге алуға болады. Өскеменде өнім бағасы 30 теңге, Атырауда 5 теңгеге қымбат. Елордада 40 теңгеден сатылады.

Әлемдегі ең бай адамдар анықталды

Илон Маск Bloomberg дерегінше, әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде төртінші орынға тұрақтады. Өткен тәулікте оның байлығы Tesla акциялары құнының өсуі аясында 7 миллиард 800 миллион долларға артты. Агенттік Масктың 84,8 миллиард долларға ие екенін атап өтті. Бұл үшінші орыннан көрінген Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукербергтің байлығынан 15 миллиард долларға аз. Рейтингтің көшбасшысы – Amazon корпорациясының басшысы Джефф Безос, оның байлығы 188 миллиард доллар. Екінші орында Microsoft корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс тұр.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 413,45 теңге, еуро 471,79 теңге, Ресей рублі 5,76 теңгеге тең.

Хабар 24 телеарнасы