426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бәріне керегі тек қана пайда. Бірқатар ел КВИ вакцинасын өз бетінше әзірлеуде

  • 477
  • UPD: 12:27, 03.09.2020

2021 жылдың соңына қарай әлемде коронавирусқа қарсы 2 млрд вакцина шығарылады. Қазір оның 30-дан астамы сыналып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, ең тиімдісі әрі қауіпсізі қолданысқа енеді. Қазір вакцина дайындауға 172 мемлекет қатысуда.

Ал ұйымның бас директоры Тедрос Гебрейесустың айтуынша, індеттен тез құтылып, экономиканы қалпына келтірудің ең қысқа жолы осы. Сондықтан коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцинаны жасауға барлық мемлекет қатысуы керек. Ортақ механизм нәтижесінде өнім, алдымен дәрігерлер мен медицина қызметкерлері сынды қауіпті топтағы адамдарға салынады. Жасы 65-тен асқан не бойында созылмалы дерті бар жандар да осы топқа кіреді. Доктор Тедрос қазір әлем елдерінің экономиканы сақтап қалу үшін триллиондаған доллар жұмсап жатқанын атап өтті. Бірақ вакцина өндірісіне құйылған инвестицияның жөні бөлек.

Тедрос Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:

- Соңғы зерттеулер вакцина жасаушылардың ұжымдық механизмдерінде айырмашылық барын көрсетті. Вакцина үшін бәсекелестік, оның бағасының күрт өсуіне алып келеді. Бұл жағдайда өнімді мүмкіндігі бар мемлекеттер ғана алатыны сөзсіз. Олай болса, пандемия ұзаққа созылып кетеді. Вирусты жеңу үшін бірігу керек. 

Жеке гигиенаны сақтау да түрлі індеттің алдын алары анық. Ендеше қоғамдық монша қызметінің ақысы қандай екен?

Оралда қоғамдық монша сағатына 700 теңгеден басталады. Шығыс Қазақстанда да қызмет ақысы бір адамға шамамен 700 теңге. Түркістан мен Петропавлда 800 теңге. Ал Талдықорғанда қоғамдық монша ақысы 900 теңгеден басталады. Ақтөбе мен Нұр-Сұлтанда 1000 теңге төлейсіз. 

Ал ресейлік қаржы ұйымдарынан несие алу тиімсіз болып тұр. Орталық банк негізгі мөлшерлемені түсіргелі, үстеме 4 процентке жеткен. Сарапшылардың айтуынша, бұл депозиттік мөлшерлемемен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Елдегі 11 ірі банкте салым проценті несиеге қарағанда 2,5 есе төмен. Зерттеу жүргізген агенттік басшылығы жағдайдың бұлай құбылатынын бұрын да болжаған. Себебі ақша тарту банк шығындарының бір бөлігі ғана. Қаржылық ұйымдар әлемдегі тұрақсыз ахуалды ескерген. Десе де, халық әзірге қымбат несие алуға дайын емес. Ал салымшылардың 32 проценті жиналған ақшасын шешіп алуы мүмкін. 

Елімізде жиһаз қымбаттады. Биыл өндіріс 13%-ке қысқарған. Энерджипром порталының хабарлауынша, соңғы жарты жылда отандық компаниялар 21 млрд теңгеден астам қаржыға тұрмыстық зат өндірді. Десе де, өнімдердің құны 6%-ке өсіпті. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе, Атырау облыстарындағы баға айтарлықтай қымбат. Еске салайық, былтыр елімізде 38 млрд теңгенің жиһазы өндірілді. 

Таиланд туристер үшін есігін ашпақ. Бір шарт бар. Меймандар демалысының жартысын карантинде өткізуге міндетті. Экзотикалық елге бір айға бір-ақ келесіз. Екі апталық оқшауланудан кейін 2 рет ПТР тест тапсырып, теріс нәтиже алсаңыз ғана Пхукетті аралауға рұқсат беріледі. Тек соңғы аптада Таиландты еркін саяхаттауға болады. Жалпы елдегі туризм саласының тағдыры коронавирустың таралуына тәуелді болып тұр. Ресми деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтарынан бері бұл мемлекетте туризмнен келетін табыс 70 процентке қысқарған. Эпидемияға дейін мұнда жыл сайын 23 миллионнан астам шетелдік саяхатшы келетін. 

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 418,9 теңге, Еуро 494,84 теңге, Ресей рублі 5,62 теңге.

Хабар 24 телеарнасы