428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Неміс компаниясы Қазақстанда ауылшаруашылық техникасын шығаратын зауыт ашады

  • 470
  • UPD: 11:01, 31.08.2020

Әлемде алтын әшекейлерге деген сұраныс төмендеп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің елде қалай?

Тіпті сатып алу деңгейі биыл 40 процентке дейін азайып кетуі мүмкін. Дүниежүзілік алтын кеңесінің мамандары осылай топшылапты. Себеп енді белгілі. Жаһанды дағдарыс жайлады. Былтырғы жылдың соңына дейін бұл нарықта тұрақтылық болғанын да атап өтейік. Не керек, 2019 жылдың соңында зергерлік бұйым нарығындағы қаржы айналымы 200 миллиард доллар болған. Енді сауда-саттық мұндай деңгейде бола қоймасы анық. Әсіресе алтын бұйымдарға деген сұраныс Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуроодақ елдерінде төмендемек.

Елімізде алтын әшекейлер қымбаттады

Есесіне біздің елде алтын бұйымдардың бағасы өсті. Бір жылда шамамен 10 процентке қымбаттаған. Орташа есеппен құнды металлдың әшекей ретіндегі бір граммы – 18 мың 300 теңге. Алтын бұйымдар әсіресе Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырауда қымбаттау. Бұл «Энерджипром.кз» порталының сарапшылары жүргізген есеп. Өткен айда отандық алтын бұйым сататын бизнес өкілдері 63 миллион теңгенің әшекей бұйымдарын сатқан. Бұл соншалықты көп емес. Ал мамырда сату көлемі тіпті 55 жарым миллион теңгеге дейін түскен. 

Неміс компаниясы елімізде зауыт ашады

Неміс компаниясы біздің елде ауылшаруашылық техникасын шығаратын зауыт ашады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлемдегі ірі ауылшаруашылығы техникасын өндіруші компаниямен тиісті келісімге келді. Зауыт Солтүстік Қазақстан облысында орналасады. Бірінші кезеңде кәсіпорын түгелдей жабдықталады. Арнайы техникалық қызметкерлер даярланады. Кейін комбайн құрастыралады. Облыс экономикасына салынған инвестиция көлемі шамамен 3,4 млрд теңге. Барлығын неміс компаниясы өзі қаржыландырады. Алі бұдан бізге нендей пайда десек? Әйгілі неміс компаниясы елімізде зауыт ашса, су жаңа техникалар шаруаларға қолжетімді бола түспек. Жалпы Қазақстан мен Германияның өнеркәсіптік кооперациясын құруға Мемлекет басшысының өзі бастамашы болып еді. Былтыр Президенттің Германияға жасаған сапарының аясында бізде зауыт ашатын компанияның бақылау кеңесі төрағасымен осындай мәселе көтерілген болатын. Не керек, зауыт жұмысын бастағанда алғашқы кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деген жоспар бар.

Биыл елордадағы екі ЖЭО газға көшірілуі мүмкін

Әлеуметтік һәм экологиялық тұрғыда да экономикалық бағытта да өте тиімді саналатын бір жоба бар бізде. Елорданы газдандыру деген. Қазір бас қалаға газ келіп тұр. Биыл шаһардағы бірінші және екінші жылу электр орталықтарын көгілдір отынға көшіру жоспары бар. Екіншісіне газ құбыры салынған. Қазір желдету жабдықтары, газдан қорғау жүйесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елордада тұрғын алаптарға газ тарту да қарқын алған. Мысалы, Теміржолшылар елді мекенінде газ тарату желісі 100 процентке, Өндіріс пен Көктал екіде 95, ал, Көктал бірде 80 процентке аяқталған. Мұндай жұмыстар Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында да істеліп жатыр. Бұл аудандардағы үйлердің бір бөлігі биылғы жылыту маусымында газға көшуі мүмкін.

Кезек нарықтағы баға айдарында. Бүгін жеңіл көлікті жуудың құны қанша екенін айтамыз.

Сонымен көлік жуу Петропавлда 2000 теңге. Көкшетауда 1500 теңге. Павлодарда 2300 теңге. Қарағандыда бұл қызметтің бағасы 2000 теңге. Ал Түркістанда көлікті 1800 теңгеге жуады. Оралда баға 2300 теңге. Ақтөбе қаласында 1500 теңге болса, бас қала - Нұр-Сұлтанда жеңіл көлік жуу құны 2500 теңге.

Одаққа мүше елдер арасында экспорт көлемі азайды

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы экспорт көлемі азайған. Бұл енді түсінікті. Пандемия кезінде талай бизнес тұралады. Сонымен біздің ел биылғы қаңтар мен маусым аралығында одаққа мүше мемлекеттерге 2,4 млрд доллардың өнімін өткізген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 19,7 процентке аз. Тек Арменяға тауар сәл көбірек экспортталыпты. Бұл елге өткізілген өнім көлемі 7,3 процентке өскен. Ал экспорт көлемі Ресейге шамамен 20, Беларуське 38, Қырғызстанға 12 процентке кеміген. Тек біздің ел емес, өзгелер де экспорттарын азайтып отыр.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банктің мәліметінше, доллар 420 теңге 11 тиын. Еуро 499 теңге 47 тиын. Ал рубль 5 теңге 64 тиын болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы