421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда азық-түлік қымбаттады

  • 397
  • UPD: 10:21, 03.09.2020

Бір жылда, атап айтсақ былтырғы тамыз бен биылғы тамыз аралығында азық-түлік 10,9 процентке қымбаттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есебі осындай.

Сонымен ненің құны өскенін нақтылай кетейік. Бір жылда нан өнімдері мен жарма, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт, жұмыртқа, май, тоңмай, кондитерлік өнімдер, жеміс пен көкөніс қымбаттапты. Жалпы соңғы сегіз айда азық-түлік тауарларының құны 7,3 процентке өскен. Тек қанттың бағасы төмендеген. Мәселен, шекердің орташа бағасы биылғы тамызда келісіне 211 теңге болды. Ал былтыр осы кезеңде бір келісі 233 теңгеден сатылған. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, еттің де құны өскен. Тамызда жылқының сүйек аралас етінің келісі 2 мың 210 теңге, қойдың сүйегі бар еті 1940 теңге, сиыр етінің жауырын-төс бөлігі мың 909 теңге, тауықтың сан еті 820 теңге болған. Сонымен қатар азық-түлік емес тауарлар 3,4 процентке, қызмет түрлерінің ақысы 2 процентке өскен. Қаңтар мен тамыз аралығында республикадағы инфляция деңгейі 4,6 процентті құрады.

Білім саласына инвестиция артты

Елде инвестициялық белсенділік бәсеңдегенімен, білім саласына құйылған қаржы былтырмен салыстырғанда 9 процентке өсті. Осылайша жалпы құны 101 миллиард теңгені құрады. Оның басым бөлігі оңтүстік өңірлердің үлесінде. Мәселен, Алматы облысында салаға тартылған инвестицияның жалпы сомасы – 15 жарым миллиард теңге. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 75 процентке көп. Үздік үштікке Алматы қаласы мен Түркістан облысы кіреді. Сарапшылардың пайымынша, білім саласында инвестицияның артуына жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының өсуі әсер етті. Себебі жеке инвесторлардан түсетін қаржы былтырға қарағанда 33 процентке, республикалық бюджеттен бөлінетін сома 75 процентке қысқарған. Айта кетейік, елге тартылған жалпы инвестиция көлемі 3,2 процентке азайған.

Күн электр станциясы іске қосылды

Қарағандыда күн электр станциясы іске қосылды. Ол жылына 34 миллион киловат сағат электр энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 5,6 миллиард теңге. Мамандардың айтуынша, баламалы электр қуатын өндіретін станцияға 65 мың панель қойылған. Осының арқасында, ауаға бөлінетін улы газ жылына 25 мың тоннаға азаяды. Айта кетейік, электр станциясының құрылысы осы жылдың мамырында басталған. Оған жергілікті жерден 120 адам жұмысқа тартылды.

Шаруалар несие алуға өтінішті онлайн береді

Ел шаруалары несие алуға өтінішті онлайн бере алады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры осындай жаңа жүйені іске қосты. Яғни мал шаруашылығын дамыту мақсатында қаржы алатындар үйден шықпай-ақ өтініш бере алады. Әзірге тестік режимде Ақмола мен Алматы облысының тұрғындарына ғана мүмкіндік берілді. Мамандардың айтуынша, өтінішті электронды нұсқада қарау, құжат айналымын азайтады. Мәселен, бұған дейін несиеге өтініш беру үшін 10-13 құжат қажет болса, онлайн нұсқада жеке куәлік пен электронды цифрлы қолтаңба және кепіл мүліктің құжаттары ғана сұралады. Сондай-ақ өтінішті қарау уақыты 15 тәуліктен 3 тәулікке дейін азайды.

Жоғарыда еттің қымбаттағанын айттық. Әрине оған түрлі себеп бар. Соның бірі мал азығының бағасы. Бүгін нарықтағы баға айдарында шоптің құнына шолу жасаймыз.

Қазақстан бойынша, табиғи шөп Алматыда арзанырақ екен. Мұнда мал азығының бір руллоны 4 жарым мың теңгеден басталады. Ал қызылордалық шаруалар 5 мыңнан алады. Ақтөбеде мал азығы сәл қымбатырақ. Мұнда 6 мың тегеден қораңызға жеткізіп береді. Павлодарда да баға осындай. Ал Оралда табиғи шөптің әр рулоны үшін 7 мың теңге төлейсіз. Шығыста 9 мың шамасында. Ел бойынша Атырауда шөп қымбат екен. Мұнда әрбір орамын 12 мың теңге шамасында саудаланады.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 418 теңге 29 тиынға тең. Еуро 498 теңге 25 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 68 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы