426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маман: Елімізде шағын және орта бизнес өкілдеріне кеңес беру қызметі ақсап тұр

  • 265
  • UPD: 12:36, 08.09.2020

Мемлекет басшысы микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий жариялауды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Келесі жылы салаға қатысты жаңа нормативтік-құқықтық база әзірленеді. Оған не түрткі болды?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Енді еліміздегі кәсіпкерлердің жұмысына мемлекет заңсыз араласа алмайды. Мұндай олқылыққа кез болған кәсіпкер прокуратураға шағым айтуы тиіс. Президент Жолдауында осылай делінген. Іс жүзінде қалай?

Мемлекет кәсіпкерге, кәсіпкер мемлекетке сенбейді. Енді қалай? Бизнес омбудсмен Рустам Жүрсінов кәсіп иелеріне артылған талап 30 мыңнан асатынын айтады. Атқарылған тиісті жұмыстардың нәтижесінде олардың саны 13500-ге азайған. Оның 12%-і ғана тексерілуге жатады. Бірақ іс жүзінде барлығы мемлекет бақылауына алыныпты. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл «дұрысы, адам өмірі мен экологияға зиян келтіретін тұстарды ғана қатаң тексеру қажет», дейді. Қалған жағдайда кәсіпкерге еркіндік берілуі керек. Оның үстіне қойылған талаптардың қисынын сол мемлекеттік орган да түсіндіре алмай жатады. Күн сайын шығатын бұйрықтарға бизнес өкілдері ілесе алар емес. Рустам Жүрсінов «тараптардың бір-біріне деген сенімін ояту үшін цифрландыруға түбегейлі көшу керек», дейді. Жаңылған кәсіпкерді бірден жазаламай, ескерту қажет. «Жалпы елде шағын және орта бизнес өкілдеріне кеңес беру қызметі ақсап тұр», - дейді маман.

Офшорлық шоттар бақылауға алынады

Қазақстандық шенеуніктер мен олардың туыстарына шетелден есепшот ашуға тыйым салынады. Ал офшорлық аймақтар ел үкіметінің назарында болады. Өйткені мұндай шоттардың дені елге түсетін салықтан жалтару үшін ашылған. Халықаралық сарапшылар  егемендік жылдары 167 млрд доллар офшор асырылғанын айтады. Бұл – 66 трлн 466 млрд теңге. Бүгінде қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі  60-тан астам лицензиялық аймақты белгілеген. Онда кейбір ұлттық компаниялар долларлық табысын сақтайды. Сондай-ақ жеке тұлғалардың да сол жақта ашылған шоттары бар. Экономист Мақсат Халық «шетелдегі қаражатты бақылап отыратын блокчейн-технологияларды енгізу керек», дейді. Оның ойынша, жалпыға бірдей табыс декларациясын қазір енгізуге тиіспіз.

Диктор:

Мерей, елден жасырған ақшаның берекесі бола ма? Сыртқа заңсыз шығарылған ақшаны қайтару мүмкін бе? Мамандар не дейді?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Дұрыс айтасыз. Мұндай шоттар бойынша бірнеше іс сотта қаралған екен. «Бірақ қатаң жаза тағайындалуы есте жоқ», дейді сарапшылар. Яғни, заңды күшейту керек. Ойымды Мақсат Халық толықтырсын.

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист:

- Бізде ЖІӨ-ге шаққанда көлеңкелі экономикалық сектордың үлесі басым. Ресми мәліметте 30% деп келтірілген. Бейресми мәліметте сарапшылардың мәліметінше, 60%-ке дейін барады. Қазақстанның ЖІӨ теңгеге шаққанда 70 трлн теңге десек, жаңағы 30%-інің өзі 21 трлн-нан асып жығылады. Бұл жерде көптеген қаражаттың көлеңкеде жүргендіктен, сыбайлас жемқорлықпен де айналысатыны түсінікті. Сондықтан осы офшорлық ақшаны қадағалау бірінші кезекте заңдық тұрғыда болуы керек және еліміздегі заңның басым болуы маңызды.

Мұнайға сұраныс азайып барады

Мұнайлы елдер жайсыз жағдайға дайындалып жатыр. Сарапшылар өнімге деген сұраныстың да, бағаның бұрынғыдай болмайтынын айтады. Өйткені ОПЕК+ қатысушылары келісімді түгелдей орындауға қауқар танытпай отыр. Ұсыныс бар да, сұраныс едәуір азайған. Ал нарықтағы мұнай қоры асып-тасып жатыр. Бірақ Үндістан сияқты мемлекеттерде мұнай және мұнай өнімдеріне сұраныс жоқтың қасы. Дегенмен, Қытайдағы жағдай қолайлы. Мұндағы тұтыну үлесі 19%-ке өскен.

Apple акциясы құлдырады

Apple акциясы рекордтық деңгейде құлдырады. Жалпы капиталдың 8%-і құрдымға кетті. Бұл – 180 млрд доллар. Әлемдік рекордқа қарамастан, корпорацияның қорында әлі де 2 трлн доллар бар. Ұйым күзде смартфондар мен басқа да технологиялардың жаңа модельдерін шығармақ. Ал солтүстіккореялық Samsung компаниясы АҚШ-тағы ірі ұялы байланыс операторымен 5G желілерін салу бойынша келісімшартқа отырды. 2025 жылға дейін жасалған шарт сомасы 6,6 млрд доллар. Оңтүстік Корея – 5G желісін коммерциялық тұрғыда іске қосқан алғашқы елдердің бірі.

***

«Нарықтағы баға» айдарында болгар бұрышының құнына шолу жасадық.

Қостанайда бір келі тәтті бұрышты 185 теңгеге аласыз, Қызылордада өнім құны 200 теңге, Шығыс Қазақстанда да 200 теңгеге сатылып жатыр. Ал Керекуде бір келі болгар бұрышы 15 теңгеге қымбат. Елордада 250 теңге, Талдықорғаннан өнімді 280 теңгеге аласыз. Оралда 290 теңге.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 422,99 теңге, еуро 500,19 теңге, Ресей рублі 5,57 теңге.

Хабар 24 телеарнасы