427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құрылыспен айналысатын 5000-ға тарта мекеменің 30% пандемия зардабын тартқан

  • 327
  • UPD: 10:43, 18.09.2020

Елімізде негізгі құрылыс материалдары өнімдеріне нарықтың сұранысы 934 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бүгінде отандық өнімдердің үлесі – 45 процент көлемінде. Оны 80-90 процентке жеткізу керек.

Қазақстанда 2000-ға тарта кәсіпорын құрылыс өнімдерін шығарады.

Елімізде құрылыспен айналысатын 5000-ға тарта мекеменің 30 проценті пандемия зардабын көрді. Оның алдын алуға болар еді. Құрылысшылар одағының Президенті Талғат Ерғалиев мемлекетке салынып жатқан нысандарды сатып алып, мұқтаж азаматтарға жалға беруді, болмаса бөліп төлеу мүмкіндігімен сатуды ұсынған. Бұл арқылы экономиканы сақтап, әрі мұқтаж азаматтар мен бизнесті қолдау мүмкін болар еді. Бірақ ұсынысты қаперге алған ешкім жоқ. Ал пандемия елдегі салаға кері әсерін тигізді. Құрылысшылардың азайып, нарықтың әлсіреуі тұрғын үйлердің қымбаттауына алып келді. Бірақ құрылысты тоқтатып қоюға болмайды. Сондықтан компаниялар қарызға кіріп, несие алса да, жұмысын жалғастыруға бекінді. Талғат Ерғалиевтің айтуынша, құрылыста отандық өнімдердің үлесін арттыру керек. Әсіресе, карантинде оның маңыздылығы айқын байқалған. Тасымал кедергілері салдарынан құрылыс заттары қымбаттады. Биыл көптеген нысан уақытынан кешіктірілуде. Десе де, ресми деректер елдегі тұрғын үйлерді пайдалануға беру үлесі 6,5% артқанын көрсетеді.

Жыл басынан бері жалға берілетін пәтерлердің құны 10 процентке қымбаттады.

Нарықтағы баға

Бір бөлмелі пәтерді Ақтөбеден 60 000 теңгеге жалдай аласыз, Талдықорғанда да осы баға, Көкшетауда 65 000 теңге болса, Өскеменде 70 000 теңгешамасында, Шымкентте 10 теңгеге қымбат, елордада 100 000 теңге аралығында, ал Алматыда 120 000 теңге.

Темекі өнімдері 6 процентке қымбаттайды

Үш жылдан кейін ең арзан темекіні 600 теңгеге сатып аласыз. Қазір шылымның бір қорабы 440 теңгеге сатылуда. Кейбір өнімдердің міндетті таңбалаудан өтуіне байланысты бірінші қазаннан бастап баға 30 теңгеге, яғни 6 процентке қымбаттайды. Қазір темекі өнімдеріне салынған акциз салығы 1000 данасы үшін 9900 теңгені құраса, келесі жылы 11100, одан кейін 12500 теңге деп белгіленген. Қауымдастық, салықтың бірден өсіп кетпеуін бақылап отыр. Бұл арқылы заңсыз темекі өндірісін бөгеуге болады. Еліміздегі көлеңкелі тауарлардың үлесі 1,5-2 процент көлемінде. Нарықтағы темекі өнімдерінің 70 процентін отандық өндірушілер шығарады. Бұл ірі кәсіпорындардан түсіп отырған салық та қомақты. Еске салайын, 2021 жылы барлық темекі өнімі міндетті таңбалаудан өтуі тиіс. 

Рубль облигацияларын орналастыру 23 қыркүйекке межеленген

Қазақстанның қаржы министрлігі рубль облигацияларын дебютты орналастыру үшін өтініш қабылдауды аяқтады. Мамандар бондтарға сұраныс артқанын айтады. Инвесторларға үш, жеті және 10 жылдық шығарылымдар ұсынылған. Оның жалпы құны – 40 млрд рубль. Купондар 5,4 және 7% жылдық мөлшерлеме аралығында. Облигацияларды орналастыру бір мезетте Мәскеу биржасы мен Астана биржасында өтеді. Ресей рублі облигацияларын орналастыру 23 қыркүйекке жоспарланған.

Еліміз жапондық компаниялармен бірлесіп, 46 млн долларға бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Тиісті құжаттарға қол қойылды. Оның негізінде криптовалюталық биржа да құрылуы тиіс. Платформа осы Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында орналасқан. Биржаны дамыту үшін 13 млн доллар құйылады.

Криптобанк ашылады

Ал АҚШ-та тұңғыш криптобанк пайда болады. Kraken биржасы цифрлық ақшалармен жұмыс істейтін қаржы ұйымын құруға лицензия алды. Мұндағы мақсат – дәстүрлі экономикалық сектор мен цифрлық ақша арасында көпір құру. Оның негізінде клиенттерге криптовалютаны инвестиция ретінде пайдалануға мүмкіндік туады. Тіпті төлем жасап, жалақы рәсімдеуге болады. Мамандар банктің алғашқы қолданушылары АҚШ халқы болатынын айтады. Бірақ уақыт өте келе өзге елдерге экспансияланады.

Alibaba киім өндіреді

Қытайлық Alibaba Group компаниясы ақылды цифрлық фабриканы таныстырды. Онда киім-кешек шығарылады. Ең қызығы, мұндағы тігін машиналарын қашықтан смартфорнның көмегімен басқаруға болады. Жалпы бұл кәсіпорын үш жылдан бері компанияның құрамына кіретін маркетплейстерге жасырын киім шығарып келген. Осындай пилоттық жобасын көпшілікке таныстыру арқылы кәсіпорын өнімділікті 25-55 процентке дейін арттыруды көздейді. Онлайн сатылым алыбы бұған дейін де оффлайн-экономика саласына кірген болатын. Азық-түлік супермаркеті жұмыс істеп тұр. Соңғы 4 жылда аспан асты елінде 100-деген дүкен ашылды. Alibaba үш жылда бұлтты технологияларды дамытуға 200 млрд юань, яғни $28,2 млрд.

7 трлн доллар шығындалады

2021 жылы әлем экономикасына коронавирус пандемиясынан 7 трлн доллар шығын келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас экономисі Лоранс Бунның болжамы осындай. Мемлекеттік қарржылық қолдауды еш тоқтатпауы тиіс. Әйтпесе, жағдайды басқару қиындайды. Жалпы ұйым биылғы ЖІӨ мөлшері 6 емес 4,5 процентке түсетінін айтқан болатын. Індетпен күреске бөлінетін қаржы да еселенеді. Сөйтіп, мемлекеттік қарыз рекордтық деңгейге жететіні болжанған.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 422,9 теңге, еуро 498,9 теңге, Ресей рублі 5,64 теңге.

Хабар 24 телеарнасы