432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда алты банк жабылу алдында тұр

  • 2230
  • UPD: 12:08, 21.09.2020

Алты банк таратылу алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін елімізде 130-дан аса екінші деңгейлі банк таратылған. Оның бірі Тенгри банк еді. Тағы алтауы лицензиядан айырылғалы тұр. Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқовтың айтуынша, Азия Кредит пен Кэпитэл Банктің жағдайы мәз емес. Қаржылық тұрақсыздыққа байланысты олар бірігуді көздеп отыр. Бірақ қаржы институттарының қайтарылмаған несие үлесі басым. Сондықтан лицензияны сақтап қалу мүмкін бе?..

Биыл әлемдегі туризм саласы саяхатшылардың 65 процентін жоғалтты

Осылайша, 460 млрд доллар табыстан қағылды. Млн-даған жұмыс орны қыл үстінде тұр. Пандемия зардабын қатты тартқан – Азия тынық мұхиты елдері.

Сарапшылардың болжамынша, туризм саласы 4 жылдан кейін ғана бұрынғы қалпына келеді. Ол жайлы сәл кейінірек.

 

Ақшаңызды бірнеше банкте сақтаңыз

Қазір еліміздегі 27 екінші деңгейлі банк салымшыларының депозиттері заңмен қорғалады. Бұл тізімге ислам банктері кірмейді. Сондықтан шотты ашпас бұрын, қаржы институтының Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына мүшелігін анықтап алу керек. Әйтпесе, бар жинағаныңыздан айырылуыңыз мүмкін. Мамандардың айтуынша, әлемнің 140 елінде депозитті сақтандыруға кепілдік беру тәжірибесі бар. Десе де, экономистер ақшаңызды бір емес, бірнеше банкте сақтауға кеңес береді.

Туристер 270 күн демала алады

Таиландтың туристерді қашан қабылдайтыны белгісіз. Бұған дейін бұл жоспар бірінші қазанға межеленген болатын. Бірақ індетке байланысты Үкімет тәуекелге бармады. Десе де, маусымды қайта ашпаса туристік кәсіпорындардың 60 проценті жабылуы бек мүмкін. Әрі елдегі кірістің 10 проценті осы саладан түсіп отырған. Мамандар қысқы туризмді жандандыруға ниетті. Олай болса, меймандар бұл елде 270 күнге дейін демала алады. Яғни 90 күнге арналған визаны екі рет создыруға болады. Алдымен Пхукет, Самуи, Панган және Пхи Пхи аралдарын ашу жоспары бар. Туриссіз өткен жарты жылда елдің табиғаты қайта жаңарған. Жағажайларда тасбасқалар жүрсе, көп жыл бойы ғайып болған қызғылт дельфиндер теңізге қайта оралыпты.

Мұнайдан бидай қымбат

Ресейде мұнайдан қымбат өнім анықталды. Елдегі бидайдың құны еселеп артқан. Экспортқа бағытталған өнімнің тоннасы 220 долларға бағаланды. Оның үстіне жергілікті бидайды сатып алушы елдердің қатары артып келеді. Ендігі бағыт Алжир болмақ. Франциядағы жиын-терім сәтсіз болып, бұл мемлекет жаңа импорттаушы ел іздеуге мәжбүр болған. Сондай-ақ Ирак, Бангладеш, Иордания да ресейлік бидайдан дәмелі. Мысыр, Түркия және Сауд Аравиясы ірі тендер дайындап жатқан көрінеді. Бір қызығы, соңғы нарықта көрші елдің басты қарсыласы ретінде Украина тұр. Биыл Ресейде 82 жарым млн тонна бидай алу күтіледі.

17 млн тонна астық өңделді

Еліміздегі ахуалға тоқталайық. Қазірдің өзінде егіс алқаптарының 88 проценті орылды. Бұл 14 млн гектар аумақ. Қамбаға құйылған астық бойынша Ақмола облысы көш бастады. Мұнда 4 млн тонна бидай орылған. Тізімді Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл облыстары жалғайды. Бүгінде елдегі дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдардың 17 млн тоннасы өңдеуден өтті.

Саяжайға сұраныс артты. Карантиннен кейін қазақстандықтардың дені жазғы тұраққа көшіп кеткен. Біз Крыша.кз деректеріне сүйеніп, нарықтағы бағаға үңілдік.

Нарықтағы баға

Ең қымбат саяжай Ақмола облысында сатылады. Щучинск қаласындағы нысан 325 млн теңгеге бағаланған. Қос қабатты үй экологиялық таза ағаштан жасалыпты. 15 сотық аумақта жазғы ас бөлмесі, монша, хауыз, үлкен дәліз бен жайқалған бақ бар. Қымбат саяжайдың тағы бірі Алматы облысында сатылып жатыр. Талғардағы нысан 260 млн теңге тұрады. Бұл үй толық салынып бітпеген. 10 сотық аумақта монша мен хауызға арналған орын белгіленіпті. Одан кейін Леңгір қаласындағы мына үй көзімізге түсті. Түркістан облысындағы нысан 170 млн теңгеге бағаланған. Оның жалпы аумағы 24 сотық жер. Болашақ қоныс иелеріне жылынатын хауыз, жеке гараж және үлкен бақша уәде етілген.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Бір доллар 420,76 теңге, еуро 499,50 теңге, Ресей рублі 5,62 теңгеге тең.

Хабар 24 телеарнасы