430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жылу тарифі ең қымбат өңір аталды

  • 253
  • UPD: 11:44, 24.09.2020

Еліміздің жылжымайтын мүлік нарығы қайта жандана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алып-сату бойынша келісімдер аса көбеймегенмен салада оң динамика байқалады.

Қазақстандықтар қазір қандай үй алады? Баспана бағасы өзгерді ме?

Баспанаға сұраныстың төмендегенін ресми статистика растайды: соңғы үш айда сатып алу-сату келісімшарттарының саны өткен жылға қарағанда 18% аз. Ал бір шаршы метрдің құны керісінше, қымбатаған.

Жылжымайтын мүлік нарығы қайта жандана бастады

Тұрғын-үй нарығының негізгі қозғаушы күші – мемлекеттік бағдарламалар. Бір жағынан олар ипотекалық анықтамаларды қаржыландыру арқылы, жаңа және ескі үйлердің сатылуына жол ашады. Екінші жағынан құрылыстың дамуына мүмкіндік береді. Бұл туралы жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов хабарлады. Айта кетерлігі, бүгінде несилер баспана рәсімдеудің негізгі тетігіне айналды. Мысалы, тұрғын-үй нарығындағы он келісімшарттың, тоғызы қаржы құралдарының көмегімен жасалады. Ермек Мүсіреповтің айтуынша, қазақстандықтардың көбі қазір құрылысы аяқталмаған немесе енді ғана салынатын үйлерге қаржы құяды. Бұған дәлел, жаңа кешендердегі бірнеше жылға созылған баспана кезегі. Сондықтан ол коронавирустың екінші толқыны үлескерлік құрылысқа қатты әсер етпейді деген пікірде. Ал бағаларға тоқталсақ, мамандар элиталы тұрғын-үйлер қымбаттауы мүмкін дейді. Себебі олар доллар бағамына тәуелді.

Статистика комитетінің деректеріне сай, биыл сегіз айда елімізде 23 852 жер үй және 646 көп пәтерлі үй пайдалануға берілді. Аталмыш кезеңде пайдалануға берілген пәтерлердің жалпы саны 71 мыңнан асады.

Күн суып, ауа температурасының төмендеуіне байланысты еліміздің кей өңірлерінде жылыту маусымы жылдағыдан ерте басталды. Қазірдің өзінде Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі үйлерге жылу берілді. Ал тарифтер қандай? Шолу табиғи монополияларды реттеу комитетінің ақпаратына негізделген.

Ең арзан жылу тарифтері Көкшетауда – 1337 теңге. Таразда коммуналдық қызметтің бұл түрі мың жарым теңге тұрады. Елордалықтар жылуға 2171 теңге төлесе, Алматыдағы тарифтер бұдан екі есе жоғары. Ал Шымкентте жылу жабдықтау қызметі 2674 теңге тұрады. Қостанайда аталмыш қызмет түрі – 4100 теңге. Ең қымбат жылу тарифтері Атырауда тіркелді – 4708 теңге.

Ұлыбритания сауда кедергілерін жояды

Ұлыбритания 61 елмен сауда жүргізу үшін 175 кедергінің жойылғаны туралы хабарлады. Экспорт көлемін ұлғайту мақсатында кедергілерді жою Еуроодақтан шыққанға дейін жалғасады. Британдық компанияларға саудамен айналысуды жеңілдету үшін қажет емес заңдық және әкімшілік талаптарды жойылады. Бұл туралы Ұлыбританияның халықаралық сауда департаментінің мәлімдемесінде айтылған. Осындай жеңілдіктер арқылы корольдік кәсіпкерлерді қолдап, жаңа нарыққа жол ашпақ.

«Яндекс» акциялары 15% қымбаттады

«Яндекс» акциялары 15% қымбаттады. Құнды қағаздар 5653 рубльге дейін көтеріліп, тарихи максимумды жаңартты. Алдыңғы рекорд бірінші қыркүйекте тіркелген. Жалпы «Яндекс» қағаздары IT-компания TCS Group деп аталатын Тинкофф Банкінің бас компаниясының 100% акцияларын сатып ала алады, төлемді ақшалай және өз акцияларымен реттейді деген жаңалықтан кейін өсті. Тараптар жалпы сомасы 5 миллиард доллардан асатын мәмілеге келісті.

Құнды қағаздар нарығы тағы құбылды

Коронавирустың екінші толқынынан қауіптенген сайын құнды қағаздар нарығы күнде құбылуда. Кеше еуропалық қор индекстері 3-4% төмендеді. Ал америкалық және азиялық индекстер 2% түсті. TENGENOMIKA сарапшылары осындай деректер келтіреді. Атап айтқанда, әуе компаниялар, технология және банк саласында акциялардың құлдырауы байқалады. Мұндай өзгерістер шикізат секторын да айналып өтпеді. Бірақ мұнай катировкаларына COVID-19-дан бөлек, Ливиядағы қара алтын өндірісінің қайта қалпына келуі әсер етіп отыр. Бір тәулікте Brent 4% арзандады. Өз кезегінде мұнай бағасының құлдырауы және жалпы тәуекелдер шикізат валюталарының әлсіреуіне әкелді. Ресей рублі, мексикалық песо, норвегиялық крон АҚШ долларына шаққанда 0,1-0,8% қосты. Ал канадалық доллар айтарлықтай өзгермеді делінген хабарламада.

Сөз соңында, отандық валюта бағамына тоқталайық. Қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша, доллар 424 теңге 85 тиын, еуро 497 теңге 33 тиын, рубль 5 теңге 56 тиын.

Хабар 24 телеарнасы