432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл елордадағы дәмханалардың 40%-і жабылды

  • 220
  • UPD: 11:07, 14.10.2020

Егер локдаун қайталанса, елордадағы ойын-сауық нысандарының 90%-і жабылады. Еліміздің батысында да жағдай осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Атыраудағы қоғамдық тамақтану және ойын-сауық нысандарының 60%-і жабық. Тақырыпты арна тілшісі Ғазиза Мұхамеджанова жалғастырады.

Диктор:

- Ғазиза, мейрамхана иелері дағдарыспен қалай күресіп жатыр?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Сала федерациясының хабарлауынша, жабылған дәмханалар қайтып ашылмайды. Өйткені көбі банкротқа ұшырағандықтан, кәсібін тоқтатқан. Ал салада қалған әр кәсіпкердің қарызы 9 миллион теңгеден асады. Оның ішінде жалға алу құны, қызметкерлердің еңбекақысы және коммуналдық қызмет төлемдері бар.

Жыл басынан бері елордада 3400-ге жуық ойын-сауық нысаны болса, бүгінде олардың 40%-ке жуығы жабылды. Ал 10%-і ребрендинг жасады. Дегенмен, жаңадан ашылған тамақтану орындары бар. Бұл негізінен фастфуд, тез дайындалатын тағамдар мен үйге тапсырыс беруге мүмкіндік беретін нысандар. Бұл туралы мейрамханалар және қонақ үй иелері федерациясының төрағасы Вероника Нұрпейісова хабарлады. Оның айтуынша, карантиндік шараларға байланысты ойын-сауық орындары бір күндік табыстың 30-40%-ін жоғалтап отыр. Себебі, жұмыс уақыты шектелгенімен, олар ғимараттарды жалға алу құнын толық төлейді. Жалпы ел аумағында да осындай жағдай. Осы орайда федерация басшысы Үкіметтен тұрғын үйлердегі мейрамханаларға түнгі 12:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етуді сұрайды. Маманның айтуынша, бөлек ғимаратта орналасқан ойын-сауық нысандары онсыз да заңсыз жұмыс істеп жатыр. Кейбіреулері тіпті ауа желдеткішін қоспайды. Бұл инфекция таралуына қолайлы жағдай туғызады. Бұдан бөлек, айыппұл төлеп жұмысын жалғастыратындары қаншама?! «Сондықтан аталмыш нысандардың жұмыс уақытын заңды түрде ұзартса, санитарлық талаптарды бақылауға мүмкіндік болады», - дейді ол.

***

Ұлыбританияда дәмханалары кеңсеге айналады

Ұлыбританияның дәмханалары кеңсе ғимараттарына айналып жатыр. Business Insider басылымының хабарлауынша, сыраханалар келушілерге арнайы бағдарлама ұсынады. Оған жұмыс үстелі, интернет, шай, кофе және тағам кіреді. Мұндай бағдарламанының бағасы 12 фунт стерлинг. Біздің ақшаға шаққанда шамамен 6500 теңге. Қазірдің өзінде 20 астам дәмхана тың бастаманы қолдаған. Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа бағдарлама ашылғалы келушілер саны артқан. Еске салайық, Британия премьер-министрі Борис Джонсон бүкіл ел бойынша қатаңдатылған коммендаттық сағат енгізілетінін және дәмханалардың жұмыс уақыты 22:00 дейін болатынын айтқан.

***

Мұнайға сұраныс 2030 жылға дейін қалпына келмеуі мүмкін

Экономикасы дамыған елдердегі мұнайға сұраныс 2030 жылға дейін бұрынғы деңгейге оралмайды. Мұнда дағдарысқа дейін болған сұраныс көлемі есептелген. Халықаралық энергетика агенттігі осындай болжам жасады. Сарапшылар келесі жылы «қара алтынға» деген әлемдік сұраныс тәулігіне 5 миллион баррельге артады деп күтуде. Негізгі сценарий бойынша сұраныс 2030 жылға дейін өседі. Ал одан кейін тәулігіне 0,1 миллион баррельге дейін қысқарады. 2025 жылға қарай мұнай бағасы барреліне 70 долларға дейін, ал бес жылдан кейін 75 долларға дейін өсуі мүмкін. Осы аралықта салаға құйылатын инвестициялар да қалпына келеуі ықтимал. Алайда сарапшылар «мұнай өндіруге салынған барлық қаржы 2040 жылға дейін қолданыстағы кен орындарындағы құлдырап бара жатқан өндірісті өтеуге ғана бағытталады» деген пікірде.

***

Елімізде сұйытылған мұнай газын шығаруға шектеу ұзартылды

Қазақстаннан сұйытылған мұнай газын автомобиль көлігімен әкетуге үш жылға салынған тыйым ұзартылды. «Еліміздің энергетика министрлігінің тиісті бұйрығы шықты», деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. Бұған дейін осындай бұйрық 2017 жылы енгізілген. Ол кезде экспорттық және ішкі бағалар арасындағы айырмашылық едәуір жоғары болған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы сұйытылған газ бөлу кезінде газ желісі ұйымдарының теріс әрекеттері байқалған. Жекелеген ұйымдар ішкі нарыққа арналған арзандатылған газды шетелге заңсыз тасымалдаған. Сұйытылған мұнай газын Қазақстаннан тыс жерлерге автокөлік арқылы әкеткен. Өйткені бұл іс жүзінде бақыланбайтын көлік түрі. Ал аталмыш бұйрық заңсыз тасымалды шектеп, сұйытылған мұнай газының тапшылығына жол бермеу үшін қажет.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Бүгін өңірлердегі пияздың құнын шолып өтеміз. Тауар бағасы аймақтық тілшілеріміздің ақпаратына негізделген.

Таразда пияздың келісі 80 теңге. Көкшетау дүкендерінде де бұл тауардың құны 80 теңге. Ал Павлодарда көкөністің келісі 85 теңгеден сатылады. Елордада аталмыш тауар 90 теңге тұрады. Қостанайлықтар да пияздың келісін 90 теңгеден сатып алады. Өскеменде бір келі пияз 100 теңге тұрады. Ең қымбат пияз Атырауда: 220 теңге.

Сөз соңында отандық валюта бағамына тоқталайық. Қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 428 теңге 93 тиын, еуро 505 теңге 49 тиын, рубль 5 теңге 57 тиын.

Хабар 24 телеарнасы