432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дағдарыста елді қай сала асырады?

  • 168
  • UPD: 11:22, 19.10.2020

Дағдарыста экономиканы қай салалар асырады? «Айқын» басылымы осы тақырыпта зерттеу жүргізіпті.

Сонымен 9 айдың қорытындысы бойынша экономика 2,5 процентке төмендеген. Осы уақыт аралығында халықтың нақты ақшалай табысы да 2 жарым процентке кеміпті. Ал екі айдың ішінде экономика 0,4 процент деңгейінде қалпына келді. Халықаралық Валюта қорының «биыл әлем экономикасы 4,4 процентке төмендейді» деген жорамалын ескерсек, біздің ел дағдарысты жеңіл өткерді деуге толық негіз бар.

Мұнай-газ секторының табысы азайды дегенмен, әлі де болса бюджеттің негізгі доноры осы тау-кен саласы болып қала бермек.

Мұнан бөлек өңдеу өнеркәсібі 3,3 процентке өскенін айта кету керек. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жаңа зауыт-фабрикалар жаппай ашылып жатқан кезде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 3 процентке әзер жетіп жығылатын. Дағдарыста бұл сала өз-өзін асырап ғана қоймай, экономикаға да үлес қоса бастапты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы 5 процентке өскен. Ауыл шаруашылығы экономиканы дағдарыстан алып шықпаса да осы саладағы кәсіпкерлер мен жұмыскерлердің табыссыз қалмағанын білеміз.

Ал құрылыс саласы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда жарты процентке өскен. Есесіне байланыс саласы экономиканың жаңа драйверіне айналды деуге болады. Қашықтан жұмыс істеудің нәтижесінде сала биылғы тоғыз айда 8,2 процентке ұлғайған.

Нан өнімдері, тұрмыстық техника және коммуналдық қызметтердің тарифі қымбаттаған. Ұлттық банктің жүргізген сауалнамасында еліміздің кей азаматы осылайша жауап қатыпты.

«Тамыздағыдай қыркүйекте де құс еті, көкеніс, жеміс, сүт өнімдері қымбаттады» деген респонденттер де бар. Бір айда бұл азық-түлікті тұтыну көлемі азайыпты. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский шілдедегідей емес, жұрт сауалнама кезінде көбіне теріс баға бергенін айтады. Өткен айда банкте ақша қоры бар азаматтардың қатары да сиреген.

Нарықтағы баға

Сонымен бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны Көкшетауда 65 мың теңге. Өскеменде де баға Көкшетаудағыдай. Талдықорғанда 60 мың теңге. Ақтөбеде 50 мың. Шымкентте бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 70 мың теңге. Алматыда қымбатау, 95 мың теңге. Ал, елордада 85 мың теңге. 

Сөзімді валюта бағамымен түйіндейін. Сонымен Ұлттық банктің дерегінше АҚШ-тың бір доллары бүгін 428 теңге 5 тиын. Еуро 501 теңге 2 тиын. Ал рубль 5 теңге 47 тиын.

Хабар 24 телеарнасы