425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда 16 мың шетел азаматы заңды жұмыс істейді

  • 253
  • UPD: 13:04, 20.10.2020

Қазақстанда 16 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

1 қазандағы дерек бойынша еңбек мигранттарының ресми нақты саны – 16105 адам. Олар қай салада, қандай лауазымда қызмет атқарып жатыр?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Елге еңбек етуге келген шетел азаматтарының 641-і басшылық немесе орынбасарлық лауазымда отыр. Мұндай мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады.

Қазақстанда шетел азаматтарының еңбек күшіне жүгінетін 1785 кәсіпорын бар. Оларда 455 мыңнан астам отандасымыз жұмыс істейді. Яғни жалпы штаттың 96%-інде Қазақстан азаматы қызмет етеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 16 мыңнан астам шетел азаматының Қазақстанда жұмыс істеуіне заңды рұқсат берілген. Жіліктеп айтсақ, бірінші санат бойынша 641 адам басшылық және орынбасар лауазымын атқарады. 3449 адам екінші санат бойынша рұқсат алып, құрылымдық бөлім басшысы болып жүр. 8 мыңнан астам адам түрлі салада білікті жұмысшы ретінде тіркелген. 2 мыңдай адам маусымдық жұмыс істейді.

Айта кетейік, биыл карантиндік шектеу шараларына байланысты Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат беретін квота саны 63%-ке кеміді.

***

Елімізде мақта өндірісі артады

Алдағы үш жыл ішінде елде мақта өндірісін дамыту мақсатында 13 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы сомасы 21 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорындар жергілікті шикізатты қабылдап, өңдеуге басымдық береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, 13 жобаның аясында жаңадан мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Кәсіпорындар Түркістан облысы мен Шымкент қаласының маңында салынбақ. Жоспар бойынша мұнда кілем, мата, аяқ киім мен сырт киім тігетін фабрикалар ашылады.

***

Жергілікті бюджет шығындары 36%-ке өсті

Соңғы жылы жергілікті бюджеттің шығындары 36%-ке өсті. Осылайша, қаңтар мен тамыз аралығында оның сомасы 4,7 триллион теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтайық. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде шығын 3,5 триллион теңге болған еді. Қаржы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, сегіз айда Түркістан облысы 530 миллиард теңгеден астам қаржыны игерген. Бұл былтырмен салыстырғанда 23%-ке көп. Шығынды игеру бойынша топ үштікке Алматы қаласы мен Алматы облысы кіреді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары керісінше қаржыны аз жаратқан.

***

Ұлыбританиялық инвестор еліміздің тау-кен саласына $100 млн инвестиция салмақ

Ұлыбританиялық инвестор еліміздің тау-кен металлургиялық кешеніне 100 миллион доллар қаржы салмақ. Ауқымды жоба Қызылорда облысында жүзеге асады деп жоспарланған. Қазір құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр. Кәсіпорынның құрылысы 2022 жылдың төртінші тоқсанында басталады. 2024 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылмақ. Шетелдік инвестор «Баласауысқандық» кен орнын кеңітіп, ванадий өндіру ісіне қызығушылық танытқан.

***

Қазақстанда раушан гүл 20%-ке қымбаттады

Қазақстанда эквадор тұқымдас раушан гүл 20%-ке қымбаттады. Кәсіпкерлердің айтуынша, шекаралар ашылып, тасымалға рұқсат берілгеннен кейін баға бірден шарықтап кеткен. Оған теңгенің құнсыздануымен қоса, Эквадор, Колумбия және Нидерланд елдеріндегі ахуал әсер етті. Яғни карантиндік шектеулер кезінде бағбандар гүлді өткізетін жер таппай, амалсыз қоқысқа тастаған. Сәйкесінше, келесі өскін қымбат болды. Шетелден жеткізу кезіндегі қиындықтардан кейін кәсіпкерлердің кейбірі гүлді отандық бағбандардан сатып алуға көшкен. Сондай-ақ карантин кезінде гүл саудасы 3 есе азайған. Ал гүл сататын дүкендердің 15%-і жабылып қалды. Десе де, қазір онлайн тапсырыс беру жүйесі жақсы жұмыс істеп жатқан көрінеді.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Бүгін нарықтағы баға айдарында бір тал раушан гүлдің бағасына шолу жасаймыз.

Гүл сыйлау шымкенттік жігіттердің қалтасына ауыр түспейтін сияқты. Өйткені мұнда бір тал раушанды 600 теңге шамасында алуға болады. Бұл Қазақстан бойынша ең арзан баға. Ал Ақтауда 900 теңгеден. Алматылықтар джентельмендер бір тал гүлді мың теңгеден алады. Петропавлда да баға осындай. Қостанайлықтар бір тал раушанды 1200 теңгеден алады. Ел бойынша гүл ең қымбат өңір – елорда. Мұнда бір тал раушан 1300 теңге шамасында саудаланады

Енді валюта бағамына тоқталайық. Қазақстан қор биржасында АҚШ тың бір доллары 427 теңге 88 тиынға тең. Еуро 501 теңге 70 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 50 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы