422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы президент сайлауы әлемдік мұнай нарығына әсер етуі мүмкін

  • 247
  • UPD: 10:16, 26.10.2020

Бұған Трамп пен Байденнің сайлау алды тартысындағы бірқатар деректер дәлел.

«Әсіресе, кандидаттардың Иранға қатысты әртүрлі ұстанымы қара алтын құнына ең қатты әсер етеді», - дейді сарапшылар. 

Тақырыпты экономика жаңалықтарының шолушысы Ғазиза Мұхамеджанова жалғастырады.

Диктор:

- Ғазиза, сонда мұнай бағасы сайлауда кімнің жеңіске жететініне қарай құбылады ма?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Иә, Жанар. Егер Байден жеңсе, мұнай нарығына Иран шығуы мүмкін. Сонда Тегеран әлемдегі ең ірі мұнай өндірушіге айналады. Мамандардың пайымдауынша, мұндай жағдайда қара алтын құны қайта төмендейді.

Көптеген халықаралық сарапшылардың пікірінше, Байден жеңіске жеткен жағдайда Иранмен ядролық келісім қайта жанданады. Еске салайық, Трамп бұл келісімді бұзып, Иранға санкциялар жариялаған. Содан кейін бұл елмен экспорт тәулігіне шамамен 2,5 миллион баррельден жарты миллион баррельге дейін қысқарды. Егер Байден Тегеранмен келіссе, жақын арада тәулігіне екі миллион баррель мұнай нарыққа шығуы мүмкін. «Ал бұл сұраныс пен ұсыныстың теңдігін бұзып, салаға кері әсер етеді», - дейді сарапшылар. 

***

Банкротқа ұшырайтын банктің белгілері қандай?

Ақшаңызды сенімді жерде сақтап, алаяқтардың қолына түспеу үшін не істеу керек? Банкротқа ұшырайтын банктің белгілері қандай? «Бірде-бір банк бірден жабылып қалмайды». Мамандар осылай дейді. Сондықтан мына белгілерге мән беруге кеңес береді. Біріншіден, жоғары мөлшерлемелер. Әдетте қаржы ұйымдарының проценттік мөлшерлемелері бір деңгейде болады. Егер банк салымшыларына өте жоғары мөлшерлеме тағайындап, шот ашқаны үшін үлкен сыйлықтар берсе, күмәнданған жөн. Бұл банктің жағдайы нашар екенін және ұйым клиенттерді, дәлірек айтқанда, олардың қаражатын тартуға тырысатындығын көрсетуі мүмкін. Бұдан бөлек, банк бөлімшелерінің жабылғаны туралы ақпаратқа мән беру керек. Сондай-ақ шот ашпас бұрын орталық банк ұсынған ашық дереккөздерді бір саралап шыққан абзал. Мамандар бұл тізімге қаржы ұйымының қызметін пайдаланушылардың пікірін де қосқан. Ал банк туралы ешқандай дерек болмаса, бұл да ұйымның жұмысына күмән тудырады.

***

Инвесторлар көңіл-күйінің жоқтығынан кірістің 3%-ін жоғалтады

Ал енді құнды қағаздар нарығындағы қызық ақпаратпен бөліссек. Инвесторлар көңіл-күйі болмаса, кірістің кем дегенде 3%-і жоғалтады. Ал қатты күйзеліс кезінде табысының 7%-іне дейін айырылады. Oxford Risk сарапшылары осындай қорытындыға келген. Зерттеушілердің ақпаратына сай, өз қаржысын жоғалтамын деген қорқыныш сезімі тіпті ең тәжірибелі инвесторлар үшін қауіпті. Кейбір инвесторлар ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде тұрған активтерді сатуға байланысты үлкен қолайсыздыққа тап болады. «Сондықтан көптеген адамдар нарықтағы арзан активтерін қалдырып, олардың орнына қымбаттап жатқандарын сатады», -дейді сарапшылар. Сондай-ақ мамандар бөлшек саудадағы инвесторларға нарықты күн сайын бақылаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл олардың көңіл-күйін түсіріп, ешқандай пайда әкелмейді деген пікірде. Ал құнды қағаздар нарығынан кеткен инвесторлар саудаға оралғанда барлық қаржысын бірден салмай, шағын акциялардан бастауға кеңес беріледі.

***

Өңірлерде жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру қанша тұрады?

Төтенше жағдайлар министрлігі автокөлік иелеріне қысқы дөңгелектерге көшуге кеңес берді. Оған «Қазгидрометтің» қарашада жауын-шашын көбейіп, қар жауып, көктайғақ болады деген хабарламасы негіз болған. Осыған орай біз жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру қанша тұратынын біліп көрдік. Кезекте «Нарықтағы баға» айдары.

Ақтөбеде дөңгелек ауыстыру 4400 теңге тұрады. Қарағандыда бұл қызмет түрі 4500 теңге. Өскеменде де осындай баға. Павлодарда көліктің дөңгелегін ауыстыру 5000 теңгеден жоғары. Атырау мен Алматы жүргізушілері де қысқы дөңгелектерді осы бағаға орнатады. Ал Нұр-Сұлтанда дөңгелек ауыстыру құны 7000 теңге тұрады.

«Нарықтағы баға»: Дөңгелек ауыстыру

Ақтөбе 4400

Қарағанды 4500

Өскемен 4500

Павлодар 5000

Атырау 5000

Алматы 5000

Нұр-Сұлтан 7000

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 427 теңге 90 тиын, еуро 506 теңге 9 тиын, рубль 5 теңге 60 тиын.

Хабар 24 телеарнасы