423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы мен еліміздің өзге қалаларына ұшақ билеттерінің бағасы қанша?

  • 252
  • UPD: 12:59, 30.10.2020

Мәскеуге тек бизнес класпен ұша аласыз. Сұраныс артып, ұшуға шектеу қойылғалы Ресей астанасына бағытталған экономбилеттер жаңа жылға дейін түгел сатылып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қымбаты ғана қолжетімді. Еліміздегі ірі әуе тасымалдаушылар осылай дейді.

Осы пандемия салдарынан бірқатар халықаралық рейс қысқарып қалғаны белгілі. Дегенмен соның өзіне жолаушыларды толтыру мүмкін болмай жатады.

Туристер тәуекел етпей отыр

Қазақстандықтардың 20 проценті ғана шетелге саяхаттап жүр. Пандемия басталғалы туристердің саны азайып кеткен. Көбі індет жұқтырудан қауіптенеді. Оның үстіне түрлі шектеулер, талаптар халықтың саяхатқа деген қызығушылығын тыйып қойғандай. Бірақ сапардың өзі қымбат емес. Індетті жеңгеннен мемлекеттер шекарасын ашатын болса, баға аспандары анық. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рейдің айтуынша, қазір отандастарымыз Біріккен Араб әмірліктері, Түркия, Мысыр елдеріне сапарлағанды жөн санайды. Өкінішке қарай, ішкі туризмге жан бітпеді. Елдегі демалыс орындары, әдемі табиғат, шипажайлар қазақстандықтар үшін тартымды болмай тұр.

Ең ірі әуе компаниясының ахуалы

Еліміздегі ең ірі әуе тасымалдаушы компанияның кірісі 44 процентке төмендеді. Бұл 79 млрд теңгеден асатын қаражат. Таза шығын 27 млрд теңгені құраған. Жоспарлы жолаушылар тасымалы 47 процентке төмендеп, 72 млрд теңге түспей қалды. 21 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен халықаралық рейстер саны азайған. Мысалы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Украина, Германияға қарай ұшу 30% азайып, аптасына 37 рейстен 25-ке қысқарды. Енді тасымалдаушылар Шарм-Эль-Шейх және Мальдив аралдарына чартерлік рейстерді орындауға рұқсат алуды көздеп отыр.

Қарашаның демалысында ел ішін аралауды жоспарлап отырған боларсыз. Біз бірқатар әуе компаниясындағы арзан билеттерді саралап көрдік. Ендеше Алматы мен еліміздің өзге қалаларына ұшақ билеттерінің нарықтағы бағасына зер салыңыз.

Нарықтағы баға

Алматыдан Нұр-Сұлтанға дейінгі билет 9 мың теңге, Таразға 10 мың теңгемен ұша аласыз. Шымкентке мың теңге артық төлеу керек, Алматы - Өскемен бағыты 13 мың теңге, Қарағанды мен Қызылордаға қарай 17 мың теңге төлеу керек. Алматы – Қостанай арасы 18 мың теңгемен жалғанады, киелі Түркістанға бару үшін 18 мың теңге төлейсіз, Атырау бағытына билетті 19 мың теңге аласыз, Павлодарға да осы баға, Петропавлға дейін билетті 22 мың теңге алуға болады. Ақтөбеге 24 мың теңге болса, Алматыдан Орал және Көкшетау қалаларына ұшақ билетін 25 мың теңге алуға болады.

Онлайн төлем қолданушылары көбейеді

Тағы бір ақпар. Электронды сауда, әуе билеттерін сату, ақша аударымы және банктық қызмет көрсетумен айналысатын компаниялар онлайн төлем бойынша алаяқтардың кесірінен 200 млрд доллардан қағылуы мүмкін. Juniper Research халықаралық сараптама компаниясы 2024 жылға дейін сандық банк қызметтерін 3 млрд 600 млн-нан аса адам қолданатынын айтады. Қазірдің өзінде олардың саны 2,5 млрд-тан асады. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде цифрлық ақша аударымының алаяқтар үшін тиімді екені айқындалған. Яғни алдағы 4 жылда олар 130 % қаржысынан айырылу қаупі бар. Сарапшылар дамушы елдер үшін сақтық шараларын қазірден ойластыруға кеңес береді. Әлемде аптасына 500-дей хакерлік шабуыл тіркеледі. IT-қауіпсіздік бойынша израильдік компания өкілдері бір жұмада 700 шабуылға ұшырайтын мемлекеттерді атады. Ол Украина, Грузия және бірқатар ТМД елдері. Оның дені қазақстандық ұйымдарға қатысты.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Доллар 432,31 теңге, еуро 508,50 теңге, Ресей рублі 5,48 теңге.

Хабар 24 телеарнасы