420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елде ұн қымбаттауы мүмкін

  • 249
  • UPD: 16:33, 02.11.2020

Көп адамның жұмысқа орналасуына сеп болған жол картасы жаңартылады.

Келесі жылы да жүзеге асатын бағдарламада қандай жаңашылдықтар болады?

Тұрақты жұмыс орындары керек-ақ. Тек бір маусымда емес, азаматтар үздіксіз еңбек етуді, нәпақа табуды қалайды. Жол картасы да осы төңіректе жаңартылады.

Жұмыспен қамтудың жол картасы жаңартылады

Елде 196 мың адам құрылыс және жөндеу жұмыстарының арқасында екі қолға бір күрек тапқан. Жол картасы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеді. Бүгінгі таңда жол картасы аясында 6600 жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде Жұмыспен қамту орталықтары бойынша 110 мың азамат жұмысқа орналасты. 43 мыңнан астамы – жастар. Жол картасын іске асыру барысында жаңа әлеуметтік, коммуналдық нысандар мен жолдар пайдалануға беріледі. Осының арқасында 15 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылады. Жол картасы жаңартылған соң адамдар тұрақты жұмысқа орналаса алады. Үкімет бұл бағдарламаны келесі жылы да жалғастыруды көздеп отыр. Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Жұмыспен қамтудың жол картасын жаңартып, 2021 жылы тұрақты жұмыс орындарын құруы тиіс.

Коронавирустан қанша кәсіпкер зардап шекті?

Жаһанды жайлаған пандемиядан еліміздің 1 млн кәсіпкері зардап шеккен. 430 мың нысан қызметін тоқтатқан. Коронавирустың салқыны тимеген сала жоқ. Әсіресе қызмет көрсету секторы айтарлықтай шығынға батты. Айталық, 9 айда қызмет көрсету саласы 6,1%-ке қысқарған. Салдарынан ішкі жалпы өнім 2,8%-ке төмендеген. Ойын-сауық орындары, фудкорттар, тойханалар қызметін толық бастай алмай, сауда және ойын-сауық орталықтары, базарлар, қоғамдық тамақтану нысандары, жаттығу залдары, кинотеатрлар шектеулермен жұмыс істеп жатыр. Елде бизнесті реттеудің жаңа нормативтік-құқықтық базасы әзірленеді. Құжат көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс салалары мен тамақтану нысандарына көмектесуге бағытталады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынып отырған тағы бір бастама – Салық кодексін жетілдіру. Банктердің де шағын және орта бизнесті несиелендіруге аса құлықсыз екені белгілі. Осы тұрғыдан «Атамекен» палатасы базалық мөлшерлемені біртіндеп 4-5 %-ке дейін төмендетуді ұсынып отыр.

Елде ұн қымбаттауы мүмкін

Астық өңдеу одағының мәліметінше елде ұн қымбаттауы мүмкін. Бізде осымен үшінші жыл қатарынан ұнның бағасы өсіп келеді. Тиісінше нан да арзан болмасы белгілі. Осыған орай ас атасының әр аймақтағы құнын білейік.

Сонымен астықтың ордасы саналатын Қостанайда нан 110 теңге. Павлодарда да баға Қостанаймен бірдей. Қарағандыда 100 теңге. Алматыда арзандау. Ас атасы мұнда 75 теңге тұрады. Таразда 85 теңге. Қызылордада нанды 65 теңгеге алуға болады. Атырауда 90 теңге. Ал Оралда нан 110 теңге тұрса, елордада 100 теңге.

Ел азаматтары депозитте қанша қаражат сақтап отыр?

Қазақстандықтардың қанша депозиті бар? Ұлттық банк мынадай дерек жариялады. Ел азаматтарының депозиттері қыркүйекте 3,3%-ке ұлғайған. Сөйтіп қаражат көлемі 21 млрд 371 млн теңгеден асқан. Оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 11 млрд 141 млн теңгені құрапты. Ал жеке тұлғалардың депозиттері қыркүйекте 10 млрд 230 млн теңге болған. Ұлттық валютамен сақталған депозиттер көлемі – 12 млрд 631 млн теңге. Ал шетел валютасындағы депозиттер көлемі – 8 млрд 740 млн теңге. Соңғысы 5,1%-ке ұлғайған.

Ирак мұнай экспортынан 3,4 млрд доллар пайда көрді

Өткен айда Ирак мұнай экспортынан шамамен 3,5 млрд доллар көлемінде пайда тапқан. Ел 89 млн баррелден көп қара алтын сатыпты. Мұны мемлекеттің мұнай министрлігі мәлімдеді. Орташа есеппен Ирак қазанның бір күнінде 3 млн баррелдей мұнай саудалаған. Баррелін 39 доллардан сатыпты. Атап өтейік, Ирак – ОПЕК плюс келісімі аясында мұнай өндіруді азайтуға көнбей отырған ел.

Валюта бағамы

Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары 432 теңге 64 тиын, еуро 505 теңге 2 тиын, ал рубль 5 теңге 47 тиын болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы