425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстаннан шетелге ақша аудару көлемі артты

  • 172
  • UPD: 13:59, 04.11.2020

Елде биылғы 10 айда азық-түліктердің бағасы 8,3, азық-түлік емес тауарлардың құны 4 жарым, ал ақылы қызметтердікі 3 процентке өскен.

Атап айтсақ, жұмыртқа, құмшекер, күнбағыс майы, биыл жиналған көкөніс, картоп, сүт, қой еті, жылқы еті және ұн мен нан қымбаттаған. Темекі өнімдері мен салқындатылған сусындардың бағасы өскен. Есесіне биыл жиналған жеміс пен тауық еті арзандапты. Ал көмір 1,4 процентке қымбаттаған. Спорттық кешендер мен тіс емханаларының, қоғамдық тамақтану орындарындағы қызметтердің құны да жарты процентке өскен. Ал ұшақ билетінің құны керісінше арзандап отыр. Шамамен 2 жарым процентке арзандады. 

Биылғы тоғыз айда халықаралық жүйелер арқылы ақша аударымдарының жиынтық мөлшері 793 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 3,4 процентке көп. Мұндай деректі Ұлттық банк жариялады. Елімізден басқа мемлекеттерге ақша аудару көлемі 16,6 процентке артқан. Ал шетелден Қазақстанға аударылған ақша керісінше 21,4 процентке қысқарыпты. Дегенмен, ел ішіндегі ақша аударымдары шамамен 10 жарым процентке өскен. Шетелге аударылған қаражаттың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркияға тиесілі. Ал керісінше Қазақстанға келген ақшаның дені Ресей, Оңтүстік Корея, Қырғызстан мен Өзбекстаннан аударылған. Атап өтейік, біздің елде 6 халықаралық ақша аудару жүйесі жұмыс істейді. 

Елде интернет алаяқтық көбейген. Қара ниеттілер азаматтарға хабарласқанда өздерін банк қызметкері ретінде таныстырады. Биыл анықталған алаяқтардың 60 проценті өзін «қаржы ұйымының өкілімін» деп айтқан. Одан соң «мемлекеттік органның қызметкерімін», «онлайн-дүкеннің сатушысымын» дейтіндер де бар. Бір ескеретін жәйт, алаяқтар адамның аты-жөнін тура тауып, айтады екен. Елдің әрбір үшінші тұрғыны осындай қара ниеттілерге алданған. Алаяқтар қоңырау шалғанда 70 процент жағдайда несие рәсімдеуді ұсынады. Бұл дегеніңіз артық мәлімет бермеу керек. Мысалы, әлеуметтік желі арқылы картаның екі бетінің де суретін жіберуге болмайды. Қажет болған жағдайда тек номерді қолмен теріп жөнелткен жөн. Оның өзінде де әлгі картаның номерін бірден өшіріп тастау қажет. Интернет дүкендерде де өзіңіз жайлы ақпаратты сақтамаңыз. 

Осы интернет арқылы тапсырыс берушілер көбейген. Бұл енді түсінікті. Мәселен, ел тұрғындары биылғы жарты жылдықта интернетпен тапсырыс беру арқылы бір миллиард доллардан көп қаражат жұмсаған. Басым бөлігі үйіне тамақ пен дәрі алдырған. Әсіресе пицца қалағандардың қатары көбейген. Осы орайда «Маргарита» пиццасының құнын айтайық.

«Нарықтағы баға» айдары.  

Сонымен «Маргарита» пиццасы Оралда 1500 теңге. Шымкентте де баға Оралдағыдай. Ақтауда 1300. Алматыда 2000 теңге. Өскеменде 1300 теңге тұрады. Көкшетауда «Маргарита» пиццасы 1200 теңге. Ал елордада 1400 теңгеге алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы