425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теңге долларға шаққанда қымбаттады

  • 207
  • UPD: 12:05, 11.11.2020

 

Теңге нығайып, 1 АҚШ доллары 430 теңге деңгейінен түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 1 доллар шамамен 428-429 теңгенің аралығында саудалануда. Бұған не әсер етті? Ұлттық банк мұны былай түсіндірді.

Теңгеміздің нығаюына әсер еткен фактор – әлемдік қаржы нарығындағы қолайлы жағдай. Алдымен Pfizer және BioNTech фармацевтикалық компаниялардың коронавирус вакцинасын әзірлеудегі жетістіктері әлемдік қор нарығын жақсартқан. Ал аптаның басында Brent маркалы мұнайдың құны өсті. Сауда-саттықта қара алтын бағасы 10%-ке ұлғайған. Бұл – рекордтық деңгей. Оның үстіне АҚШ-тағы Президент сайлауының нәтижелері де жарияланды. Осының бәрі сайып келгенде дамушы елдердің валюталарына да әсер еткен. Түрік лирасы – 5,3, Оңтүстік Африка ранды мен Ресей рублі – 1,4, Мексика песосы – 1,3% өсті. Біздің теңге де нығайып қалды.

 

Банкрот болған банктердегі қаражат БЖЗҚ-ға аударылуы мүмкін

Банкрот болған банктердегі қаражат алдағы уақытта салымшылардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылуы мүмкін. Иә, қазір тиісті заң жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Құжат алдағы сәуірде күшіне енуі кәдік.

Елде соңғы 15 жылда 8 банк банкрот болған. Мұндағы басты себеп – банк басшылығының қаржы жымқыруы. Мұны Kursiv.kz хабарлап отыр. Енді біздің Үкімет таратылған банктердің депозитінде жатқан, иелері сұрау салмаған қаржыны пайдаға жаратудың жолын тауыпты. 2021 жылдың сәуірінен бастап жабылған банкте сұраусыз қалған қаржы ерікті зейнетақы жарнасы ретінде салымшылардың зейнетақы қорындағы шотына аударылады. Бұл жаңашылдықтар тиісті заң жобасына енгізілген. Қазір құжатты Парламент Мәжілісі қарап жатыр. Заң жобасының авторлары бұл депозиттердегі ақшаны алуға онлайн өтініш беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Егер жабылған банк салымшысы төлем басталған соң бір жыл ішінде өтініш бермесе, бұл ақша оның зейнетақы қорындағы жеке шотына аударылатын болады. Бұл түзету 2021 жылдың сәуірінен өз күшіне енуі мүмкін.

 

IATA халықаралық әуе рейстерін ашуды сұрап отыр

IATA деп аталатын әуе транспортының халықаралық қауымдастағы әуе қатынасын ашуды сұрап отыр. Себебі жұмысшылар қысқартылуы мүмкін. Егер әлемде ұшақ қатынасы әлі де толықтай жанданбаса,5 млн-дай адам қызметінен айырылмақ. Сондықтан қауымдастық елдердің үкіметтерінен көмек сұрап отыр. Өткен тамызда әуе рейстері былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75%-ке кем болған. Осыдан соң компаниялар жұмысшыларын қысқартуға бекініпті. Сондықтан IАТА өкілдері: «Жолаушылардан тест алу арқылы халықаралық рейстерді ашқан жөн», – дейді. Ұйым үкіметтерден әуе компанияларына қосымша қаржылай көмек беруді және сұраған. 

 

Биылғы 9 айда елден 21 мыңнан аса азамат шетелге көшті

Биылғы 9 айда елден 21 мыңнан аса жерлесіміз кеткен. Дені Ресейге біржола қоныс аударған. Атап өтейік, биыл осы көрші мемлекетке көшкендердің қатары 96%-ке өсіпті. Ресеймен қатар Германия мен АҚШ-қа кеткендер де бар. Қоныс аударғандардың ішінде әрбір үшінші адам – техникалық мамандықтың иесі. Мұндай жағдай бізде бірінші жыл болып отырған жоқ. Техникалық кадрлардың шетелге көшіп жатқаны – бұрыннан бар құбылыс. Өзгелері – экономистер, мұғалімдер мен дәрігерлер. Елден көбіне солтүстік аймақтың азаматтары көшкен.

 

Өңірлердегі алманың құны

Сонымен алманың бір келісі Алматыда 450 теңге. Қостанайда 400 теңге. Өскеменде 500 теңгеге алуға болады. Ақтауда алманың келісі – 480 теңге. Түркістанда 400 теңге тұрады. Ал елордада бір келі алма – 500 теңге.

 

 

Валюта бағамы

Валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банктің сайтында бүгін АҚШ-тың бір доллары 429 теңге 1 тиын болып тұр. Еуро 506 теңге 4 тиынға тең. Ал рубль – 5 теңге 62 тиын.

Хабар 24 телеарнасы