420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұнай бағасы инвесторлар үшін тиімсіз

  • 186
  • UPD: 11:37, 17.11.2020

Инвесторлар мұнай-газ секторнына емес, түрлі технологияларға қаржы құя бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қара алтын құны қымбаттағанымен, саладағы жағдай әлі де күрделі. Қазір бір баррель 43 доллар тұрады. Бірақ бұл инвесторлар үшін тиімсіз. Мұнай секторына қаржы құю үшін фьючерстердің бағасы 50 доллардан жоғары болу керек. Ал отандық мұнай өндірушілерге қызмет көрсететеін компаниялардың жағдайы қандай?

Инвесторлар өз қаражатын 5-15 жылда қайтарып алғысы келеді. Бірақ қазіргідей бағалармен мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан саладағы жағдайдың тұрақталуы үшін әлі бірнеше жыл керек.

 

Мұнай сервистік компанияларға сұраныс 2022 жылы жанданады

Мұнай өндірушілерге сервистік қолдау көрсететін компаниялардың қызметтеріне сұраныс тек 2022 жылы қайта жанданады. Бұл туралы Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов мәлімдеді. Саланы дамыту жөніндегі болжамымен бөліскен ол келер жылға үміт артудың қажеті жоқ екенін айтты. Себебі 2021 жыл үнемдеу режимінде өтеді. «Бұған қоса қара алтын құны жақын арада көтерілуі екіталай. Мұнай арзандағандықтан, өндірушілер шығындарын азайтып жатыр. Оның ішінде ағымдағы және күрделі жөндеуді кейінге қалдырып, ұңғымаларды консервациялайды. Тіпті бұрғылаудан бас тартқандар бар. Нәтижесінде оларға қызмет көрсететін компаниялардың тапсырыстары жоқ», – дейді сарапшы. Бірақ қызметкерлерге жалақы төленеді. Бұл шамамен 90 мың адам. Болжам бойынша сала мамандарына сұраныс тек екі жылдан кейін жанданады. Дегенмен техника тозады. Сондықтан операторлар кәсіпорындарда жабдықтарды жөндеуге мәжбүр болады. Рашид Жақсылықовтың айтуынша, қазір басты міндет – табыс табу емес, кадрларды сақтап қалу және саланы қолдау. Себебі бір маманды дайындауға 5-6 жыл кетеді.

 

Мұнай бағасы инвесторлар үшін тиімсіз

Инвесторлар мұнай-газ секторына ақша құю үшін қара алтын бағасы 50 доллардан жоғары болу керек. Себебі бұл – қаржылық жағынан ауқымды жобалар. Рашид Жақысылықовтың айтуынша, жеңіл мұнай өндірудің уақыты кетті. Мұндағы жеңіл мұнай деп отырғаны – құрлықта 2 мың метр тереңдіктен алынатын өнім. Қазір мұнайшылар бес мың метр тереңдікте қазады. Бірақ құрлықтағы қара алтынға қызығушылық төмендеген. Бүгінде мұнайшылар теңіздің түбінен шикізат алады. Қазақстанда Каспий қайраңынан мұнай өндіреді. Бірақ технологиялық жүйе ауқымды қаражатты талап етеді.

«Ал инвесторлар миллиард доллар салып, оның қайтарымын 100 жыл күте алмайды. Олар 5-10 жылда өз ақшасын қайтарып алғысы келеді. Бірақ қазіргі мұнай бағасы инвестицияларды тез қайтаруға мүмкіндік бермейді», – дейді ол.

Оның себебі көп. Солардың бірі – салық.

«Елімізде мұнайдың өзіндік құны 7 мен 17 доллар аралығында. Оған өнім тасымалына және салық қосылғанда, инвесторлардың салымынан артық ақша қалмайды», – деп түйді Рашид Жақысылықов.

Жалпы елімізде мұнай өнімдерінің өндірісі қысқарды. Оның ішінде мазут пен керосин өндірісі азайған. Ал дизель отынын өндіру 6,5%-ке төмендеді. Жақында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев елімізде дизель отынына сұраныс азайғанын хабарлады.

Түркістанда бір литр дизель отыны – 175 теңге. Таразда аталмыш отын бағасы 178 теңгеден жоғары. Елордадағы құны – 183 теңге. Ақтаудың жанармай құю бекеттерінде дизель 184 теңгеден сатылады. Өскеменде бұл отынның құны – 185 теңге. Қостанайда дизель отынынының бір литрі – 188 теңге.

 

Saudi Aramco валюталық облигациялар шығарады

Әлемдегі ең ірі мұнай компанияларының бірі дивидендтер төлеу үшін нарықтан қарыз алуға мәжбүр болады. Saudi Aramco акционерлерге 75 млрд доллар төлеуі тиіс.

«Бұл үшін мұнай алыбы нарыққа валюталық облигациялар орналастырмақ», – деп хабарлайды Bloomberg.

Компания еуробондтарды бес траншпен шығарады. Олардың айналым мерзімі 3 жылдан 50 жылға дейін өзгереді. Агенттіктің хабарлауынша, ақшаның басым бөлігі корпорацияның негізгі акционері Сауд Арабиясының Үкіметіне түседі. Қаражат бюджет тапшылығын жабу үшін қажет. Еске салайық, мұнай бағасының құлдырауынан 2020 жылдың үшінші тоқсанында корпорацияның пайдасы екі есе төмендеген. Енді компанияда дивидендтер төлеуге ақша жетіспейді.

 

Валюта бағамы

Доллар – 429 теңге 44 тиын, еуро – 508 теңге 63 тиын, рубль – 5 теңге 59 тиын.

 

Хабар 24 телеарнасы