424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тауарларды таңбалау тұтынушылық деңгейге әсер ете ме?

  • 112
  • UPD: 12:24, 18.11.2020

Еліміздің бірыңғай операторы «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесін әзірледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысы бұл жүйе ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғап, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін мәлім етті. Ал сауда кәсіпорындарының бұған қатысты пікірі қандай?

Ең қарапайым есеп бойынша бизнестің таңбалауға кететін шығыны 9 миллион теңгені құрайды. Бұл – кішігірім кәсіп үшін үлкен қаражат. Сондықтан тауарларды таңбалау салаға қосымша қысым көрсетуі мүмкін. Қазақстанның сауда кәсіпорындары одағы осылай деп хабарлады.

Тауарларды таңбалау контрафактілік өнімдердің жолын бөгейді. Бүгінде елімізде тері бұйымдары мен темекі міндетті түрде таңбаланады. Сондай-ақ дәрі-дәрмек, алкоголь, аяқ киім және сүт өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар басталды. Бірақ бизнес қауымдастық күнделікті тұтынатын тауарларды таңбалау тәселдеріне қарсы. Атап айтқанда, сүт өнімдеріне арнайы штрих код қою қомақты қаржыны талап етеді және бірнеше технилогиялық кезеңнен тұрады. Тұтынушылық тауарларды таңбалау экономикаға қауіп төндіреді дейді Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы. Оның президенті Жібек Ажибаеваның айтуынша, пандемия кезінде бұл жүйені енгізудің қажеті жоқ. Алдымен салаға салмақты сараптама керек. Өз кезегінде кәсіпкерлер таңбалауға қыруар қаржы жұмсайды. Ол үшін бизнес өкілдері айналымдағы ақшаны алады. Ал кеткен шығынның орнын толтыру үшін өнімнің бағасын өсіреді. Тізбекті тұтынушы түйіндейді. Яғни сіз бен біз күнделікті алып жүрген, бірақ таңбаланған тауарларға тағы біренеше теңге қосылады. Қауымдастықтың хабарлауынша, тауарларды таңбалау нәтижесінде өнімдерді тұтыну деңгейі 14 процентке төмендейді. Ең қарапайым есеп бойынша, бизнестің таңбалауға кететін шығыны 9 миллион теңгені құрайды. Ал Үкімет бұл жүйе бизнес үшін жағдайды теңестіріп, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ салықтық түсімдерді арттырады деген пікірде.

Өндірушілер: сүт өнімдерін таңбалау тиімсіз

Сүт өндірушілер одағының директоры Владимир Кожевников те сүт өнімдерін таңбалау тиімсіз деген пікірде. Өйткені салада өтірік сүт өндіріп, контрафактілік өнім таратуға тырысқандар жоқ. Ал тауардың нарыққа шығуы мен қауіпсіздігін бақылау құралдары онсыз да жеткілікті дейді маман.

Айта кетейік, одаққа 40 ірі сүт өндіруші кәсіпорын кіреді. Қазір Қостанай облысында сүт өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Ал негізгі таңбалау жүйесі соның нәтижесінде жүргізіледі. Дегенмен одақ сүт өнімдерін таңбалауды барлығына бірдей міндеттемей, әр кәсіпорынға өндіріс бағытына қарай, таңдауға мүмкіндік беруге шақырады. Бұл ұсыныс кішігірім кәсіпорындарға ұтымды. Ішкі нарықта жұмыс істейтіндер үшін таңбалау үлкен шығын келтіреді. Ал сыртқы нарыққа шығатындар өнімін экспорттау үшін тауарды таңбалаудан өтеді.

Еске салайық, кеше Үкімет басшысы бизнес өкілдеріне таңбалаусыз шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігі болмайды деген. 

Сүт өнімдерін таңбалау енгізілсе, мұндай тауарлардың бағасы 10 процентке қымбаттауы мүмкін. Ал қазір сүттің құны қандай?

Қостанайда бір литр сүт – 200 теңге. Қарағандыда одан бес теңгеге қымбат. Талдықорған дүкендерінде бір литр сүт – 220 теңге. Нұр-Сұлтанда атамыш тауар бағасы – 230 теңге. Оралда бір литр сүттің құны 240 теңге төңірегінде.

АҚШ-та жел мен күн энергиясы арзандады

АҚШ-та жел мен күн энергиясы елдегі ең арзан қуат көзі деп танылды. Олардың бағасы табиғи газбен жұмыс істейтін қондырғылардан да төмен түсті. Баламалы энергияның орташа құны 2,6-5 центке дейін арзандады. Бұл туралы АҚШ-та энергияны өндіру және сақтау бағасы туралы талдау жасаған консалтингтік фирма хабарлады. Баламалы энергия көздерінің ішіндегі ең арзаны жел энергиясы. Сағатына бір мегаваттың құны 26 доллардан 54 долларға дейін жетеді. Ал күн энергиясын өндірудің ең тиімді әдістері – кристалды кремнийдегі өнеркәсіптік күн батареялары. Олардың сағатына бір мегаваты 38 долларға дейін жетеді. Бірақ ең қымбаты жеке үйлердің шатырларындағы күн панельдерінен алынған электр энергиясы: 150-227 доллар.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. доллар 428 теңге 13 тиын, еуро 508 теңге 01 тиын, рубль 5 теңге 59 тиын.

Хабар 24 телеарнасы