422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жеңілдіктер жұмасында сақтықты күшейту керек

  • 145
  • UPD: 12:31, 20.11.2020

27 қарашада әлемнің бірқатар елінде соның ішінде Қазақстанда да жеңілдіктер жұмасы басталады.

Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын жеңілдіктер науқанына қатысқан әрбір адам кемінде екі зат сатып алады. Бірі тауарды жоспарлы түрде алса, бірі арзан тауарға қызығып, жоспарсыз сауда жасайды. Дүкен сөресінде көздің жауын алатын затты таңдағанда нені ескеру керек?

Маркетологтардың айтуынша, жеңілдік кезінде сатушылар келген адамды құр қол жібермеу үшін түрлі айла-амал жасайды. Олар туралы сәлден кейін.

 

Жеңілдіктер жұмасында сақтықты күшейту керек

Тауар саны шектеулі. Жеңілдік тек бүгін ғана болады. Асығыңыз. Бұл зат іздеген жанды елең еткізіп ерітіп әкететін жарнама екені әбден дәлелденген. Дүкеннен дым алмай шықпауыңыз үшін саудагерлерде бұдан басқа айла амал жеткілікті. Соның бірі мынау. Тауар құнын жеңілдікке бір-екі күн қалғанда көтеріп, жеңілдік күні бұрынғы бағасын белгілейді. Осылайша дүкен иелерінде шығын болмайды. Ал сатып алушы арзан бағада алдым деп мәз болады. Жеңілдіктер жұмасында алаяқтар да көбірек пайда табуға тырысады. Олар түрлі дүкен не банк қызметкері ретінде хабарласып, байлыққа кенелгеніңізді айтады. Оны алуыңыз үшін кестеге жеке мәліметтеріңізді толтыруды сұрайды. Осы әдіспен банк картаңыздағы мәліметтерді ұрлауы мүмкін. Сөйтіп тосын табысқа қызығып асығыс әрекет еткеннен барыңыздан айырылып, опық жейсіз. Сондықтан мұндай хабарламаларды ресми ақпаратпен салыстыра отырып, сақтықты күшейткен абзал.

 

Жеңілдіктер жұмасын күтетіндер көп

Былтыр жеңілдіктер жұмасында сауда жасаған әрбір қазақстандық шамамен 34 мың теңге жаратқан. Мұндай ақпаратты онлайн-сауда жасайтын интернет платформа жариялады. Олар әлемнің 44 елінде сауалнама жүргізген. Қазақстанда сұраққа жауап бергендердің тең жартысы Black Friday деп аталатын сауда науқанына қатысқанын айтқан. Шамамен 40%-інің жеңілдікке көңілі толған. Жеңілдіктер жұмасына Ақтау, Шымкент және Өскемен тұрғындары қызығушылық танытып, асыға күтеді екен. Айта кетейік, биыл жеңілдіктер жұмасы келер аптада басталады. Акция күнінің Black Friday дет аталуынан АҚШ-тағы кейбір кәсіпорындар астар іздеп, қара нәсілділер кемсітеді деп санайды. Сондықтан өзгелерді жарнама жасамауға шақырды. Алайда ірі сауда желілері жеңілдіктер қарсаңындағы қызу саудаға барынша дайындалып жатыр.

 

Ең қымбат қалалардың тізімі

COVID-19 әлемдегі ең қымбат қалалардың тізімін өзгертті. Экономист журналының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесіне қарағанда қазір күн көрісі ең қымбат шаһарлардың көшін Париж, Гонконг және Цюрих бастап тұр. Бестікке Сингапур мен Жапонияның Осака қалалары кіреді. Пандемия кезінде инвесторлар саны азайғаннан кейін Сингапурде баға біраз арзандаған. Бангкокте де жағдай сондай. Күнкөріс ең арзан қалалардың көш басында Сирияның Дамаск қаласы мен Венесуэланың Каракасы және Ташкент пен біздің Алматы көрсетілген. Коронавирусқа байланысты Америка мен Еуропаның Шығыс бөлігіндегі шаһарларда тұрмыс арзандады. Ал Батыс Еуропада кей қалалар керісінше қымбаттаған. Сондай пандемия кезінде Қытайдың бірқатар қаласында күнкөріс қымбаттады. Айта кетейік, бағаларды салыстыру үшін мамандар әлемдегі ірі 130 қаладан 138 тауар түрінің бағасын салыстырады.

 

Автокөліктердің экспорты артты

Биыл еліміздің көлік экспортындағы әлеуеті үш есеге өсті. Мәселен, былтыр 10 айда Қазақстан шет елдерге мың 900 дана темір тұлпар сатқан. Биыл 6 мыңнан астам көлік экспорттады. Қазақстанда жасалған көлікке өзбекстандықтардың қызығушылығы бірден артқан. Былтыр ала шапанды ағайындар бізден небары 160 көлік алса, биыл бұл елге 3155 көлік жөнелтілген. Сондай-ақ Ресейге биыл он айда 2770 темір тұлпар сатылды. Былтырмен салыстырғанда 64% артық. Қырғызстанға 59, Беларусь республикасына 55 автокөлік жөнелтілді. Биыл отандық машина жасаушылар жалпы құны 460 млрд теңге болатын 61 мыңнан астам техника құрастырды. Оның ішінде автобус, жеңіл, және жүк көліктері мен тіркемелер, ауыл шаруашылығы техникасы бар. Өндіріс көлемі былтырмен салыстырғанда 58%-ке өскен.

Қазір еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы нөлден төмендеді. Мұндайда қозғалтқышқа аязда қатпайтын сұйықтық құю маңызды. Сондықтан бүгін антифриздің өңірлердегі бағасын салыстырамыз.

Моторды қызып кетуден қорғайтын сұйықтықтың бағасы Қазақстан бойынша деңгейлес. Айырмашылық 50-100 теңге көлемінде ғана. Десе де ең арзаны Петропавлда екен. Мұнда келісі 650 теңгеден. Айта кетейін, антифриз сұйықтық болғанымен салмағы литрмен емес келімен өлшенеді. Өскеменде 700 ден алады. Елордада 750 шамасында саудаланады. Алматы, Қостанай, Қарағанды мен Оралда бір келі антифризді 800 теңгеде сатылады.

 

Валюта бағамы

Соңғы ақпарат Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта АҚШ-тың бір доллары 427 теңге 98 тиын. Еуро 506 теңге 17 тиын. Ресей рублі 5 теңге 59 тиын деп белгіленген.

 

Хабар 24 телеарнасы