419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде күзетшілердің табысы қанша?

  • 216
  • UPD: 11:15, 24.11.2020

Пандемия басталғалы еліміздегі күзет қызметіне сұраныс азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Агенттіктердің табысы 30 процентке дейін төмендеді. Карантиндік шектеулер жеңілдегелі мобильді топтардың қызметіне жүгінетіндер көбейген.

Керісінше нарықта күзетшілер жетіспейді екен. Мысалы, елорданың өзінде 2000 қауіпсіздік бойынша маманға сұраныс бар.

Елімізде күзетшілер тапшы

Пандемия басталғалы елімізде қауіпсіздік бағытындағы мобильді топтарға сұраныс 30 процентке азайды. Бірақ шектеулер жеңілдегелі көптеген кәсіпорын күзеттің осы түріне жүгіне бастады. Сөйтіп, ахуал оңалғандай болды. Десе де күзетшілерге сұраныс 50 процентке азайған. Сонда да маман тапшылығы өзектілігін жоймай тұр. Қазір бас қалада 2000, Алматыда 1500-нан аса күзетші қажет. Елордадағы ірі агенттік директоры Виктор Шкуропатовтың айтуынша, жалақының аздығы мен талаптың көптігі салаға қызығушыларды ойландырып қояды. Ал карантин кезінде кей компаниялар қызметкерлерін жұмыссыз қалдырмас үшін еңбекақыны одан сайын азайтып амалдаған. Бүгінде елімізде 600-ге жуық күзет агенттігі бар. Бәсеке жоғары. Бір айтарлығы соңғы 10 жылда жеке күзет қызметіне жүгінетіндер сиреген.

Қауіпсіздікке жауапты мамандардың жалақысы елімізде 45 мың теңгеден басталады.

Петропавлда 45 мың теңге, Оралда 50 мың, Қарағандыдағы еңбекақы  60 мың теңгеден басталады. Еліміздің шығысында да 60 мың теңге шамасында. Нұр-Сұлтанда қызмет ақысы 70 мыңнан басталса, Алматыда 90 мың теңгеге дейін барады.

Жұмысшыларға сұраныс бар

Күзетші ғана емес, елімізде әлеуметтік қызметкер, дәнекерлеуші, сатушы-кассир, ұста және сарапшылар жетіспейді. Өндіріс пен құрылыс саласындағы бос орындар толыққан жоқ. Ал электронды еңбек биржасына түскен түйіндемелер сұраныстан 54 процентке аз. Қазір аталған биржада 176 мың бос жұмыс орны бар. Бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда 19 мыңға артық. Әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмысшы тапшылығы қатты байқалады. Мамандардың айтуынша, елдегі індет жұқтыру қаупі жоғары орындарда жұмысшыларды басқа қызметке баулу үрдісі жиілеген. Оған қоса «Жаңа мамандықтар атласы» іске қосылды. Ол арқылы болашақта сұранысқа ие болуы мүмкін мамандықтар тізімі жасақталып, мамандарды дайындау қолға алынады.

Мұнай қымбаттап келеді

Әлемде қара алтын қымбаттады. Қыркүйектен бері Брент маркалы мұнай бағасы алғаш рет барреліне 46 доллардан асқан. Лондон биржасында WTI-дың қаңтардағы фьючерсі 43 доллар 23 центке теңесті. Осылайша ай бойы мұнай құны 20% артып отыр. Ресейлік тәуелсіз сарапшы Дмитрий Адамидовтың айтуынша асылында баға 55-60 доллар болуы керек. Ол 2021 жылды осылай қарсы аламыз деп отыр. Қазіргі 46 долларға АҚШ-та желтоқсан айында басталатын коронавирусқа қарсы вакцина салу туралы жаңалықтың таралуы себеп болды. Әрине мұнай бағасының құбылуы валюта нарығына да әсерін тигізеді. Тенгеномика телеграм каналында теңгенің долларға шаққанда күшейіп келе жатқанын айтылған. Оған тоқсандық салық аптасының басталуы дәлел. Дәл осы кезеңде әдетте биржалық курс нығаятыны белгілі. Енді  сарапшылар апта ортасында бағамның 423-424 теңге төңірегінде болатынын болжам

Мұнай өңдеу бойынша кім көш бастайды?

Келер жылы Қытай мұнай өңдеу бойынша көш бастауы мүмкін. Мұндай болжамды Bloomberg сарапшылары жасады. 19 ғасырдың ортасынан бері тұғырда АҚШ тұрған болатын. Қазір бұл мемлекет мұнай өңдеу көлемін азайтып жатыр. Ал аспан асты елінде 4 жаңа кәсіпорын бой көтеруде. Десе де әлемде қара алтынға деген сұраныс азайған. Тәулігіне өндіріс 1,7 млн баррельге дейін қысқарды. Оның жартысынан көбі америкалық мұнай өңдеу зауыттарына тиесілі.

Байларға салынатын салық өсіріледі

Ал Ресейде байларға салынатын салық көлемі өсетін болды. Жаңа заңға президент Владимир Путин қол қойды. Құжатқа сәйкес келесі жылдан бастап елде жылдық кірісі 5 миллион рубльден асатын жеке тұлғаға салық 15 процентке көтеріледі. Жаңа кодекске енген өзгеріс осы. Бірақ жоғарғы экономика мектебі Ресейде байларға салық алдағы уақытта да өсірілуі мүмкін деп отыр. Бұған дейін мұндай пұл көлемі 13 процент болатын.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 425,59 теңге, еуро 505,43 теңге, Ресей рублі 5,61 теңге.

Хабар 24 телеарнасы