429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Азаматтар БЖЗҚ-дан алған ақшаны қайда жұмсай алады?

  • 418
  • UPD: 23:49, 08.12.2020

Елде қонақүйлер шығынға батып жатыр. Біразы жабылып тынды. Жұмысшылары қысқартылды.

Елдегі қонақүйдің саны 4%-ке азайған. Осы кәсіптегі табыс көлемі 55%-ке кеміді. Себеп – коронавирус.

Ал, қазір үй жайында сөз қозғайық. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» алдағы уақытта зейнетақы қорында жиналған қаражатты пайдалану бойынша бірыңғай оператор болуға ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 700 мың азаматтың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін ала алатынын айтқан еді. Сосын Үкіметке Ұлттық банкпен бірге жыл соңына дейін барлық қажетті құқықтық-нормативтік актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қордан алған ақшаны салымшылар бірнеше мақсатта пайдалана алатынын айтты. Сонымен азаматтар қаражатты үй сатып алуға, ипотекалық қарызды өтеуге, емделуге жұмсап, инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. БЖЗҚ-ның есептеуінше, келесі жылдың басында зейнетақы қорынан қаржысының бір бөлігін алатын азаматтар саны 800 мыңнан асады. Дәл сол салымшылар үшін қосымша тұрғын үй салынады. Бұл өз кезегінде үйдің нарығына әсер етеді. Сондықтан 2021 жылы баспана бағасы өсуі мүмкін. Ал, азаматтар салымының бір бөлігін алу үшін қайда барады? Кімге жүгінеді? Банк басшысының жауабына құлақ түрейік.

Ләззат Ибрагимова «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

- Зейнетақы қаржысына мониторинг жасау және мақсатты түрде пайдалану бойынша ТҮҚЖБ үкіметке ұсыныс жасады. Біз сондай-ақ ем алу бағыты бойынша да қаражаттың жұмсалуын бақылағымыз келеді. Қазір банк арнайы онлайн-платформа дайындап жатыр. Сол механизмнің арқасында клиенттер үйден шықпай-ақ өтініш жіберіп, тиісті құжаттарды тіркей алады. Қазір біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді БЖЗҚ-мен интеграциялау кезеңіндеміз. Сонымен қатар осы платформаға қосылу бойынша басқа да банктермен сөйлесіп жатырмыз.

***

«Құрық-Амирабад» паромдық желісі іске қосылды

Енді Маңғыстаудағы Құрық порты арқылы Иранмен сауда-саттық көлемі артпақ. Паромдық желі аясында алғаш болып Маңғыстауға Ираннан «Композитор Рахманинов» кемесі келді. Құрық портының атқарушы директоры Әлібек Өтегеновтің айтуынша, бастысы, паром арқылы келетін жүк көліктеріндегі көкөніс пен жеміс-жидекті шашпай-төкпей, яғни басқа көлікке аудармай-ақ тұтынушыға жеткізуге болады. Атап өтейік, Ақтаудан 100 шақырым жердегі Құрық порты – еліміздің экономикалық әлеуетіне серпін беретін нысан. Биылғы 10 айда Құрық порты арқылы 1 миллион 352 мың тонна жүк өткен. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 290 мың тоннаға немесе 21%-ке көп. Экспортқа мұнай, астық және халықтың тұтынуына арналған тауар жіберілсе, бізге шеттен құрылыс материалдары жеткізілген.

***

Қонақ үй бизнесі шығынға батып жатыр

Құрық портында өсім болса, елдегі қонақ үй бизнесі, керісінше, шығынға батып жатыр. Коронавирустың кесірінен қонақ үйдің саны 4%-ке кеміп кеткен. Осы кәсіптегі табыс көлемі 55%-ке азайған. Тиісінше, мұның салқынын қызметкерлер де сезінді. Қонақ үйде жұмыс істейтіндердің қатары шамамен 15%-ке қысқарған. Мұны елдегі туристік қауымдастықтың өкілдері айтып отыр. Жазда демалыс аймақтарындағы шағын үйлер ғана пайда тапқан. Ал, қонақ үйлерге барғандар аз. Әсіресе, хостел біткеннің жағдайы қиын болып тұр. Мәселен былтыр бір ғана Алматыда 140-тай хостел болса, қазір 20-сы ғана қалыпты.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Елде 3 жұлдызды қонақ үйдің құны қанша? Кезек «Нарықтағы баға» айдарында.

Сонымен, Өскеменде 3 жұлдызды қонақ үйге жату үшін 7 мың теңге төлеу керек. Ақтауда да баға Өскемендегідей. Ал, Түркістанда қымбаттау, 10 мың теңге. Есесіне Шымкентте Түркістанға қарағанда екі мың теңгеге арзан. Ал, Алматыда 3 жұлдызды қонақ үй бағасы 11 мың теңге болса, елордада 10 мың теңге.

***

Елімізге Ресейден шошқа етін әкелуге шектеу қойылды

Себебі, көршімізде шошқаның африкалық обасы белең алуда. Тек елге әкелуге емес, Ауыл шаруашылығы министрлігі сойылған немесе тірі шошқаны, қабанның ұрығы мен етін, өзге де генетикалық материалын біз арқылы өзге жақтарға алып өтуге уақытша тыйым салды. Ал, Волгоград, Калининград, Ленинград, Нижний Новгород, Орел, Самара, Тамбов, Түмен, Челябі, Краснодар, Красноярск пен Приморск облыстарынан тіпті осы талпақ танаудың былғарысы мен шошқа жемін, оларды ұстауға, союға және кесуге арналған құрал-жабдықтарды Қазақстан шекарасынан өткізуге тыйым салынды. Атап өтейік, Халықаралық эпизоотиялық бюроның ресми нотификациясының негізінде біздің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті  Ресейдің Архангельск, Омбы, Орынбор және Курск облыстарынан да жоғарыда аталған өнімдерді алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеу енгізген еді. Ал, еліміз бен Ресей арасындағы шекарадағы өткізу пункттерінде көліктер мен жолаушылардың жүгін тексеру күшейтілді.

Соңында валюта бағамына тоқталайық. Сонымен, Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары 421 теңге 51 тиын болып тұр. Еуро 509 теңге 65 тиынға тең. Ал, рубль 5 теңге 67 тиын.

Хабар 24 телеарнасы