421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус мутациясы нарықтарды құлдыратты

  • 632
  • UPD: 13:17, 22.12.2020

Коронавирустың жаңа түрі шығып, Еуропа елдеріндегі карантин күшейтілді деген ақпарат валюта нарығына соққы болды.

Британияның фунт стерлингі  2 процентке арзандады. Ал инвесторлардың негізгі құралына айналған доллар керісінше нығая түсті. Салдарынан бір тәулікте отандық валюта екі теңгеге арзандады. Коронавирустың жаңа түрі Ресей рубліне де кері әсер етті. Отандық экономистер бұл тенденция әрі қарай жалғасады деп болжап отыр. Мақсат Халықтың сөзінше, осы аптаның аяғына қарай доллар 423-425 теңге төңірегінде болады.

«Макроэномикалық қауіптер көбейіп, теңгенің құлдырауы жалғасса Ұлттық банкке кезекті интервенция жасауға тура келеді», - дейді сарапшы.

Еске салайық, мұндай шаралар бұған дейін көктемде және күзде жүргізілген. Қаржы реттеуші ұйым валюталық операцияларды жаңа жылға дейін де іске асыруы әбден мүмкін. Ұлыбританияға баратын рейстердің жаппай тоқтатылуына байланысты мұнай бағасы да құлдырап кетті. Ал инвесторлар локдаун қайта енгізіліп, шекаралардың жабылуынан қауіптеніп отыр. Шынымен де мұндай қауіптер-қатерлер бар. Кеше Брент маркасының құны 5%-ке арзандады. Мұнай котировкасы осы аралықта алғаш рет 50 доллардан төмендеді. Ақпан фьючерстері қазір барреліне 49 доллар 35 цент деңгейінде сатылуда. WTI бренді де арзандап, баррелі 46 доллар тұрады. Еске салайық, бұған дейін қара алтын құны қатарынан жеті апта бойы қымбаттап келді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай екі күннің ішінде өзгерген мұнай нарығының әлсіздігі мен тұрақсыздығын тағы бір мәрте көрсетті.

Коронавирустың жаңа штамы құнды қағаздар нарығын құлдыратты. Еуропалық акциялар шамамен 2,5% төмендеді. Ірі туристік компаниялардың құнды қағаздары 3,5%-ін жоғалтты, әуе компаниялар мен круиздік операторлар одан да көп шығынға ұшырады. Құбылмалылық индексі де қарашадан бері болмаған ең жоғары деңгейге көтерілді. АҚШ-тың Dow Jones және S&P 500 негізгі индекстеріне фьючерстер екі процентке төмендеді. NASDAQ индексі бір проценттен астам жоғалтты. Сонымен қатар Азия-Тынық мұхиты аймағының қор нарықтары минуста болды. Kia Motors және Hyundai сияқты көлік өндірушілердің акциялары біршама арзандады.   

Қазақстан Ұлттық Банкі экономикалық дамудың келер жылға арналған болжамын ұсынды. 2021 жылдың екінші тоқсанында өсім күтілуде. Ал желтоқсан айына қарай экономикалық өсім қарқыны төрт процентке жетуі мүмкін. Қаржы реттеушінің базалық сценарийді өзгерттуіне Brent маркалы мұнай бағасын 40 доллардан 45 долларға дейін түзету себеп болды. Сарапшылар оң динамиканы халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарымен байланыстырады. «Жылдық инфляция 7,5% шегінде бағаланады. Келесі жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 4-6%- ке дейін баяулауы мүмкін» деп есептейді банк сарапшылары.   

«Нарықтағы баға» айдары. Бүгін біз өңірлердегі қарақұмық жарнасының құнын шолып өтеміз.

Қостанайда қарақұмық жармасы 400 теңге тұрады. Қарағандыда жарманың бұл түрі 20 теңгеге қымбат. Шымкентте аталмыш тауар 450 теңге тұрады. Ақтауда қарақұмықтың бір келісі 480 теңге. Орал дүкендерінде де осындай баға байқалады. Ал ең қымбат қарақұмық Нұр-Сұлтанда 620 теңге.

ҚАРАҚҰМЫҚ ЖАРМАСЫ, 1 КГ

Қостанай 400 тг

Қарағанды 420 тг

Шымкент 450 тг

Ақтау 480 тг

Орал 480 тг

Нұр-сұлтан 620 тг

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Доллар 419 теңге 62 тиын, еуро 510 теңге 8 тиын, рубль 5 теңге 6 тиын.

Хабар 24 телеарнасы