420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде алтын бағасы қымбаттады

  • 763
  • UPD: 11:14, 25.12.2020

Биыл 11 айда отандық компаниялар жалпы құны 719 миллион теңгеге әшекей бұйымдар жасады. Бұл былтырмен салыстырғанда 7 жарым процентке көп. Десе де, қарашада өндіріс бірден бәсеңдеді. Оған басты себеп шикізаттың қымбаттауы. «Энерджипром» басылымының мәліметіне қарағанда қазір дүкендерде алтыннан жасалған бұйымның бір грамы 20 мың теңге шамасында саудаланады. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Көкшетау, және Павлодар қалаларында бағаның әжептеуір өскені байқалады. Мұнда бұйымның бір грамы 24 мыңнан асады. Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиевтың айтуынша, егер зергерлер алтын шикізатын тікелей өндірушіден сатып алса, баға бұдан да жоғары болуы мүмкін еді. Өйткені тауар алғаны үшін 12 процент қосымша құн салығын төлейді. Бұл әшекей бұйымның өзіндік құнын қымбаттатады. Сондықтан зергерлер екінші нарықтан яғни ломбардтан, базардан алады. Сосын оған басқа қоспа қосып, балқытып, көлемін көбейтіп алтынның бағасымен сатады. Яғни жылтырағанның бәрі алтын емес.

Әлемдік нарықта алтын күннен күнге қымбаттап барады. Соңғы сауда-саттықта оның құны 0,4 процентке өсіп, унциясы 1878 доллар 9 центке саудаланды. Сарапшылар құнды металдың қымбаттауына Ұлыбритания мен Еуроодақтың сауда келісімі туралы жағымды ақпараттар әсер етті деген пайым жасады. Оның үстіне доллардың әлсіреуі де алтынның қымбаттауына ықпал етті. Яғни инвесторлар байлығын алтынмен сақтауға шешім қабылдай бастаған. Америка банкінің сарапшылары келер жылы алтынның унциясы 2 мың доллардан асып кетуі мүмкін дегенді айтады. Бұған дейін кейбір сарапшылар 3 мыңға дейін баратынын айтқан. Бірақ қазір бұлай бола қоймайтынын мойындады.

Елдің мал шаруашылығын субсидиялау жүйесінде кемшілік көп. Бөлінген қаржының басым бөлігі ірі шаруа қожалықтарға ғана беріледі. Тіпті негізгі бағыты өзге кейбір кәсіпорындар ауыл шарушылығы саласы арқылы субсидия алған. Ал шағын жеке шаруа қожалықтар тасада қалып жатыр. Сәйкесінше кейінгі бес жылда жеке шаруа қожалықтардың ауылшаруашылық өнімін өндірудегі үлесі 9 жарым процентке кеміді. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін инновациялық технологияларды қолдану белсенділігі де өзге салалармен салыстырғанда кешеуілдеп қалған. Былтыр көрсеткіш тек 8,7 процентті болды. Елде 2017-2021 жылдары агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бағдарламаның жүзеге асу барысын тексерген есеп комитеті бұдан өзге бірнеше кемшілік тапты. Нәтижесінде 44 миллиард теңгенің тиімді игерілмегені, 17 миллиардтай қаржыны жоспарлауда қателік кеткені анықталған.

Жаңа жыл қарсаңында мерекенің негізгі сәні шыршаға сұраныс артады. Біздің елде көп отбасылар оның жасанды түрін таңдайды екен. Бұл қаржылық және экологиялық жағынан тиімді. Десе де, сатылымда тірі шыршаларды да кездестіруге болады. Олардың өңірлердегі бағасы қанша? Бүгін нарықтағы баға айдарында шолу жасаймыз.

Қазақстан бойынша  шырша ең арзан өңір Петропавл екен. Мұнда 1 метрлік шыршаны 2 мыңнан алуға болады. Оралда  2 жарым мыңнан. Қарағандылықтар жаңа жылдың негізгі сәнін 2 мың 800 ден алады. Өскеменде 3 мыңнан. Алматыда ағаш көп болғанымен шыршаның бір метрі 3 жарым мыңнан. Елордада баға сондай. Яғни бір метрлік шыршаны з мың 500 теңгеден аласыз.

Енді валюта бағамына тоқталсақ, Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 419 теңге 89 тиын. Еуро 511 теңге 85 тиын. Ресей рублі 5 теңге 62 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы