423,79 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда ұн бағасы өседі

  • 1128
  • UPD: 11:39, 29.12.2020
Қазақстанда ұн бағасы өседі фото: knews.kg

Биыл әлемдік астық бағасы 20%-ке қымбаттады. Әсіресе, соңғы бес айдағы өсім қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан ұнның құны аспандап тұр. Сарапшылар не дейді?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Иә, ұнның бағасы қымбаттай береді де. Сарапшылар халықты қолдау қажет дейді.

Биыл әлемде 758 млн тонна астық игерілді. Бұл өткен маусымдағы болжамнан 1,1%-ке артық. Ал елімізде 3 млн тоннадан аса ұн өндірілген. Қалыпты мөлшерден едәуір аз. Экспорт үлесі де 5-10%-ке төмендеді. Оған өнімді сыртқа шығаруға уақытша тыйым салу себеп болды. Дегенмен, ішкі нарық ұнсыз қалған жоқ. Оның үстіне келесі жылы-ақ шығынды өтеп алуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Қазақстан астық өңдеушілері одағының президенті Евгений Ган айтты. Өйткені алдағы қаңтарда Қытай нарығы еліміз үшін қайта ашылуы ықтимал. Алайда ұнның бағасы арзандамайды. Салдарынан өзге де азық-түліктер құны аспандауы мүмкін дейді сарапшы. Сондықтан бағаны уақытша болсын ұстап тұруға ұзақмерзімді шаралар қабылдау қажет.

Евгений Ган, Қазақстан астық өңдеушілері одағының президенті:

- Келесі жылы да астықтың құны өсе береді. Яғни ұн да қымбаттайды. Ішкі нарықтағы жағдайды реттеу үшін азық-түлік келісімшарт корпорациясының нақты жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін әлеуметтік карталарды іске қосу керек.

Биыл мұнай нарығы үшін соңғы он жылдағы ең ауыр кезең болды. Қара алтын өндірушілер жалпы активінің 10%-ін, яғни 145 млрд долларды шешіп алуға мәжбүр болған. Тоқырауға ұшырағандары қаншама?! Қазіргі баға бірде өсіп, бірде түсіп, құбылып тұр. Дегенмен, келесі жылы баға төмендейді деген болжам бар. Fitch сарапшылары Brent маркалы қара алтын баррелі 45 доллар болады дейді. Жалпы АҚШ-тағы экономиканы қолдау шаралары бойынша құжаттың бекітілуі нарыққа өзгеріс әкеледі. Брокер сарапшысы Джеффри Халли де бағаның тұрақты болатынын айтады. Аталған құжат инвесторларды да ойландырып қойды. Қазір алтын сәл қымбаттаған. Акциялар нарығында да өзгеріс бар. Dow Jones, S&P 500 және жапондық Nikkei де қымбаттаған. Сарапшылар «»»»АҚШ-тағы экономиканы қолдау шаралары елдің ғана емес, бүкіл әлемнің ахуалына әсер етеді», дейді. Еске салайық, 4 қаңтар күні ОПЕК+ елдері қайта кездесетін болады

***

Микро несиелеудің ертеңі қандай?

Ал елімізде микроқаржылық ұйымдардың қызметіне сұраныс артқан. Жалпы қарыз 360 млрд теңгеден асып жығылады. Ең қызығы, борышкерлердің 90%-і жеке тұлғалар. Қалғаны бизнеске тиесілі. Finprom агенттігінің хабарлауынша, сұраныс бар, бірақ қызмет көрсететін ұйымдар саны азайған. Ел аумағында тіркелген мыңдаған қарыз беру ұйымдарының 12%-і нарықтан кетіптті. Жартысына жуығы тұрақты жұмыс істемей тұр. Ал жаңа жылдан бастап тек лицензия алғандары ғана қарыз беруге құқылы болады. Талаптарды орындай алмағандар, яғни білікті басшы не қызметкері жоқ әрі жарғылық капиталы облыстар үшін кемінде 10 млн теңге, мегаполистер үшін 30 млн теңгеден аспайтын ұйымдар қызметін тоқтатады.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Мереке жақындап келеді. Дастарханға сән беретін өнімдерді алып жатқан боларсыздар. Ендеше консервідегі көк бұршақтың орташа құны қандай? «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

Талдықорғанда консервідегі бұршақтың 400 грамы 300 тг, Көкшетауда да осы баға, Петропавлдан өнімді 347 теңгеге аласыз, Қарағандыда 380 теңге, Өскемендегі баға 10 теңгеге қымбат, Алматыда 419 теңге болса, Нұр-Сұлтанда 605 теңгеге дейін барады.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 419, 87 теңге, еуро 514,26 теңге, Ресей рублі 5,70 теңгеге тең.

Хабар 24 телеарнасы