423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

31 желтоқсан – салық амнистиясының соңғы күні

  • 881
  • UPD: 12:07, 31.12.2020

Бүгін қарыздан өсімпұлсыз құтылатын соңғы күн. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері 31 желтоқсан салықтық рақымшылықтың соңғы күні екенін ескертті.

Жалпы осы кезге дейін 820 мыңнан аса адам салықты процентсіз төлеу мүмкіндігі арқылы қарызын жапқан. 11 жарым миллиард теңге көлемінде негізгі берешек өтелген. Қарыздардың денін негізінен жылжымайтын мүлік, жер және көлік салықтары құрайды. Мұның ішінде көбі бір, екі мың теңге көлемінде берешек. Тек 21 азаматтың көлік салығы бойынша қарызы 4 миллион теңгеден асып кеткен. Ал 15 жерлесіміздің жер салығы бойынша қарызы 1 миллионнан асып жығылады. Атап өтейік, өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі құнын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Ол үшін мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшесінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссия құрылған.

Биыл 18 мыңнан аса шағын және орта бизнестің нысанына тиесілі несие төлеу уақыты кейінге шегерілді. Осылайша кәсіпкерлер түрлі банктерге 223 миллиард теңге көлеміндегі қарызды кейін төлеу жеңілдігіне ие болды. Бірақ мұндай мүмкіндікті тек 3 мыңнан аса бизнес өкілі пайдаланған. Бұл да болса кәсіпкерлерге жасалған қолдау. Жалпы биылғы 11 айда бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтың кеңсесіне 144 мыңнан аса азаматтан өтініш түскен. Дені, шекті бағаны белгілеу, салық және әлеуметтік төлемге қатысты мәселелерді көтеріпті. Ал «Атамекен» Ұлттық палатасының сауалнамасында бизнес компаниялары өкілдерінің 60 проценті жұмысшылармен жасалған арадағы келісім шартты бұзуға тура келгенін айтқан. Себебі, пандемия уақытында өнімділік төмендеді. Шығын көбейді. Шикізаттар уақытында жеткізілмеді.

Жыл аяқталып, әр салада атқарылған жұмыстар қорытындыланып жатыр. Біз бүгін ауыл шаруашылығын айтайық. Желтоқсанның көрсеткіштері жаңа жылда жарияланарын ескеріп, биылғы 11 айдың есебін ұсынайық. Сонымен салада жалпы өнім көлемі 5,3 процентке өсіп, 5,9 трлн теңгеге жетті. Пандемияға қарамастан диқандар 20,8 млн тоннадай астық жинады. Бұл өз кезегінде еліміздің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етті. Артылған астық экспортқа да кетті. Осылайша еліміз астық державасы мәртебесін сақтап қалды деп айта аламыз. Ал ет өндіру көлемі 3,7, сүт өндіру 3,2 процентке ұлғайды. Ірі қара мал басы 8,6, жылқы 11,7, қой мен ешкі саны 7 проценке өсті. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өніммен қамту керек. Бұлар құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Осы бағытта ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтуды ұлғайту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасын дайындады. Атап өтейік, биыл бізде өңделген өнімнің эскпорты 17,3 процентке ұлғайған. Яғни 871 млн АҚШ долларынан 1 млрд долларға жеткен. 

Сонымен Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 420 теңге 71 тиын болып тұр. Еуро кешеден бері шамамен бір теңгеге қымбаттаған. Бүгін 516 теңге 13 тиынға тең. Ал рубль бір тәулікте сәл ғана арзандады. Бүгін Ресей валютасының теңгеге шаққандағы құны 5 теңге 65 тиын болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы