Криптовалютаға қаржы салып пайда табу мүмкін бе?

Әлемдік нарықта бір биткоин 40 мың долларға бағаланып, рекордтық деңгейге жетті.

Криптовалютаға деген сұраныс күннен күнге артып барады. Баға әлі де өсуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Осыған қатысты отандық сарапшылардың пікірі қандай?

Қазір қаржыгерлердің биткоинға қатысты болжамдары жаман емес. Бірақ тәуекел деп, тапқан таянғанды салуға тағы болмайтынын ескертеді.

Bitcoin тағы да қымбаттады

Кеше криптовалюта нарығында биткоин бірден 15 процентке қымбаттап, құны 40 мың АҚШ долларынан да асып түсті. Осылайша желтоқсаннан бері екі есе қымбаттады. Өткен жылдың соңғы айында биткоин алғаш рет 20 мың долларды бағындырып, өсім көрсеткен. Содан бері тұрақты түрде жоғарылап келеді. Бұл жұрттың криптовалютаға деген қызығушылығын арттырып, сұранысын көбейтті. Отандық экономист Мақсат Халықтың айтуынша, осы үрдіс жылдың алғашқы бөлігінде де сақталуы мүмкін. Ал екінші жартысында қайтадан құлдырауы ғажап емес. Яғни құны тез қымбаттап, тез арзандайды. Сондықтан бір сәтте пайда табуың да тақырға отыруың да мүмкін. Айта кетейік, әлемдегі криптовалютаның 70 проценттейі биткоиннің үлесінде. Оның нарықтағы жалпы сомасы триллион доллардан асқан.

Қытайлық компаниялардың акциясы арзандады

Қытайлық Alibaba мен Tencent компанияларының акциясы бірден 4 процентке арзандады. Оған АҚШ билігінің қос алпауытты қара тізімге қосамыз деген мәлімдемесі әсер еткен. Ал Нью-Йорк қор биржасы алдағы күндері аталған компанияның акциялары мұнда саудаланбайтынын жариялады. Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Дональд Трамп АҚШ азаматтарының бұл компанияларға инвестиция салуына тыйым салатын жарлыққа қол қойған еді. Ол Alibaba мен Tencent Қытайдың қарулы күштерімен байланысы бар деп санайды. Бүгінде АҚШ тың қара тізімінде 30-дан астам компания бар. Енді олардың қатарына тағы екеуі қосылуы мүмкін. Financial Times сарапшыларының пайымынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастар әлі де шиеленісе түседі.

Катарға салынған шектеулер алынды

Сауд Арабиясы мен Араб елдерінің одағы Катарға қарсы жариялаған шектеулерді алып тастауға уағдаласты. Үш жыл бұрын олар Катар үкіметін террорлық ұйымдарға қолдау жасайды деп айыптап, байкот жариялаған болатын. Бұл Катардың табысын әжептеуір азайтқан еді. Енді биыл елдің экономикасы бірден 3 процентке жоғарылауы мүмкін. Standard Chartered сарапшылары осындай болжам жасады. Себебі шектеулер алынғаннан кейін Катарда көрші елдермен сауда-сатттық және тауар айналым артып, туристер легі көбейеді. Сондай-ақ аймақтағы ахуалдың оңалуы тұтынушылар мен инвесторлардың үрейін сейілтеді. Іскерлік белсенділік артады. Бұл биыл Дубайда өтуі тиіс ЭКСПО көрмесі мен 2022 жылы Дохада өтетін футболдан әлем чемпионатының өз деңгейінде ұйымдастырылуына оң әсер етеді.

Францияда 2300 адам жұмыстан қысқарады

Автокөліктің дөңгелегін шығаратын әлемдегі алпауыт компанияның бірі Франциядағы кәсіпорындарынан 2 мың 300 жұмысшыны қысқартпақ. Мұндай қадам бірнеше бөлімді біріктіріп, жұмысшылар арасында бәсекелестікті арттыру үшін жасалған. Қызметкерлер азайғанымен кәсіпорын саны қысқармайды. Бүгінде Michelin-нің Франциядағы кәсіпорындарында 21 мың адам жұмыс істейді. Ал әлем бойынша 120 мың адам осы компанияның қарасты кәсіпорындарда еңбек етеді.

Ақылы жолдардан 6 млрд теңге түседі

Биыл еліміздегі ақылы жолдардан 6 миллиард теңге пайда түседі. Мұндай болжамды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары жасады. Мәліметтерге қарағанда 2021 жылы тағы 13 тас жолда ақы алатын жүйе енгізіледі. Олардың ішінде Қапшағай - Талдықорған, Қызылорда - Шымкент- Тараз, Орынбор - Ақтөбе- Қызылорда сынды бағыттар бар. 2019 жылы ақылы жолдардан 5 жарым миллиардтан астам қаржы түсті. Оның 2 миллиардтайы Нұр-Сұлтан - Теміртау бағытынан, 1 жарым миллиардтайы Нұр-Сұлтан - Щучинск бағытынан, 1,1 Миллиард Алматы- Хоргос және 1 миллиарды Алматы - Қапшағай арасын жалғайтын жолдардан түскен. Ведомства өкілдерінің айтуынша, әзір жолда жүру ақысын көтеру туралы жоспар жоқ.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 418 теңге 94 тиын деп белгіленген. Еуро 516 теңге 85 тиын. Ал Ресей рубльі 5 теңге 69 тиынға тең.