Қазақстанда тұрғын үй сатылымы қарқынды

Биыл 15 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілуі мүмкін.

Әсіресе, ипотекаға жүгінетіндер еселеп артады. Бұл туралы жылжымайтын мүлік бойынша халықаралық сарапшы Лев Тетин мәлімдеді. Ал нарықтағы баға қалай құбылады?

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, тұрғын үй алуға ниетті адамдар азаймаған. Әсіресе, елордада рекордтық көрсеткіш тіркелді.

Пандемия кезеңінде құрылыс тұралағанымен, тұрмысын түзеуге ниетті жандар азаймады. Былтыр елде 14 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл ол көрсеткіш тағы бір млн-ға артуы мүмкін. Мамандар болжамы осыған саяды. Өткен жылы бас қаланың өзінде 2,5 млн шаршы метр баспана иесін тапқан. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 40% артық. Былтыр халықтың жылжымайтын мүлік үшін төлем қабілеті 4%-ке ғана азайған. Доллардың өсуі де бағаға әсер етпей қоймады. Мысалы, бірінші сатылымдағы үйлер 10%-ке қымбаттаған. Екінші нарықтағы өсім – 8%. Жылжымайтын мүлік бойынша халықаралық сарапшы Лев Тетиннің айтуынша, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар халықтың қызығушылығын одан сайын арттыруға себеп болған. Мысалы қазіргі «Отбасы банкінде» бөлінген ипотекалық қарыз үлесі 45%-тен асқан.

Лев Тетин, жылжымайтын мүлік бойынша халықаралық сарапшы:

- Ипотека нарығының қарқынды өсуі мені алаңдатады. Пандемияға қарамастан, халық жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына қатысып, жылжымайтын мүлік алуға асығып жатыр. Ипотеканың орташа мөлшерлемесі базалық деңгейден төмен. Бұл да коммерциялық ипотеканы толығымен құртады. Яғни нарықтағы бәсекелестікті жояды. Үшіншіден, бұл ойынға құрылыс компаниялары да белсене қатыса бастайды. Алайда биыл жеңілдетілген бағдарламалар азайып кетсе, құрылыс нарығы банкротқа ұшырауы мүмкін.

Лев Тетин бағаға да сараптама жасады. Ол жаңа үйлердің 12-15%-ке дейін қымбаттайтынын болжады. Әсіресе, наурызға қарай өсім 4%-ті құрайды. Ипотекалық несиелеу 3 млрд теңгеге дейін жетуі ықтимал. Былтыр карантин кесірінен 50 мыңдай келісім орындалмай қалған болатын. Олқылықтың орнын толтыру үшін тағы 3 млн шаршы метрдей баспана салынуы тиіс. Бұл да бағаның өсуіне алып келері хақ. Зейнетақының бір бөлігін шешіп алу, өз кезегінде, бағаға әсер етеді. Қордағы 11 трлн-нан аса ақшаның 13,5% үй алуға жұмсалады. Ал Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің ойынша, баға елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарай құбылады. Доллар қымбаттауы да үй бағасына ықпал етеді. Дегенмен, екінші нарықтағы үйлердің құны өзгермейді екен. Маман елдегі сатып алу келісімінің 10% қолма-қол ақшамен жүргізілетінін айтады. Қалған 90%-і ипотеканың үлесінде.

Ал әлемдегі жағдай қандай? Мысалы, Еуропа елдері үшін ипотека қолжетімді ме?

Сарапшылар ипотеканың қолжетімділігі үй бағасының аспандап кетуіне әкеп соққанын айтады.

Пәтерлерге ірі инвесторлардан сұраныс көп. Қазір Ұлыбритания, Германия, Нидерланд және Португалиядағы баға қымбат. Еуропада пәтер құнының 80-90%-ін осы тиімді несие арқылы өтеп, сатып алуға болады. Ал қашықтан жұмыс істеу жүйеге енгелі аумағы үлкен пәтерлер не жер үйлерді іздеп кеткендер өте көп.

***

Әлемде газ қымбаттады

Көгілдір отынның әлемдік бағасы шарықтап кетті. Рекордтық көрсеткішке Еуропа мен Азиядағы ауа райының күрт сууы себеп. Салдарынан тасымал қиындаған. Азиялық спот индексі Platts JKM соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Қазір Солтүстік-Шығыс Азиядағы сауда-саттықта газдың мың текше метрі жеті жүз доллардан асады. Еуропадағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Жаураған халық отынды еселеп тұтына бастаған. Ал нарық аяушылық танытар емес. Өнімнің мың текше метрі 258 долларға дейін артты. Бүгінде кәрі құрлыққа терминалдар арқылы 40%-ке аз газ тасымалданды. «Интерфакс» агенттігі қордың да азайғанын хабардайды. Бұған дейін Қазақстанда алдағы үш айда көгілдір отынның шекті көтерме бағасын қымбаттатпау туралы шешім қабылданды. Энергетика министрлігі хабарлағандай, қосымша құн салығынсыз өнім тоннасының шекті бағасы 38 мың 700 теңгеден сәл асады.

***

Бүгін елімізде Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Сайлаушыларға сақтық шараларын сақтап, маска тағып жүруді ескертеміз. Ендеше, өңірлерде медициналық маскалардың құны қанша? «Нарықтағы баға» айдарынан білесіздер.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Медициналық масканың бір данасы Көкшетауда 35 теңгеден сатылып жатыр. Орал мен Атыраудадағы баға 40 теңге, ел Шығысында 50 теңге болса, Қарағандыда 60 теңге, масканы бас қаладан 60 теңгеге алуға болады. Ал Алматыдағы баға 65 теңгеге дейін барады.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 418,96 теңге, еуро 512,89  теңге, Ресей рублі 5,63 теңге.