419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кинотеатрлар қайта жабылуы мүмкін

  • 785
  • UPD: 10:22, 11.01.2021

Коронавирус киноиндустрияға кесірін тигізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар кірістің 80% кинотеатрлар үлесінен түсетінін айтады. Алайда пандемия әлемдегі оның ішінде біздің еліміздегі кинотеатрлардың жұмысын тұралатты. Ашылғанына бір ай да болмаған кинотеатрлар қайта жабылуы мүмкін.

Осы пандемияда еліміздегі кинотеатрлардың 30 проценті жабылып қалды. Көбі жалдап отырған ғимарат ақысын төлей алмай қиналған.

Ашылуынан жабылуы тез болды. Отандық кинотеатрлар қанатын кеңге жаймастан, тағы 3-5 айға есігін тарс жабуға мәжбүр. Биылғы Жаңа жыл мерекесі сала үшін әдеттегідей табысты болған жоқ. Репертуар бай емес, көрермен саны да бұрынғыдан анағұрлым аз. Жарты жылдық үзілістен кейін тамырына қан жүгіртуді қалаған кәсіпкерлер қайтадан қаймығып қалды. Себебі ақпанда кинотеатрлар жабылуы мүмкін. Киногерлер де өнімін жарыққа шығаруға асығар емес. Кіріс түспей қала ма деп қорқады. Биыл 15-ке тарта отандық фильм түсірілген екен. Шетелдік премьералар да күзде ғана көпшілікке ұсынылмақ. Бір сөзбен айтқанда, кино жоқ. Қазақстан кинотеатрлар иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, кинозалдағы көрермен санын 50 процентке жеткізсе, премьералар да көбейер еді. Фильм көріп, демалуды сағынған халықтың ықыласы зор. Тек қолдау қажет. Қазір елдегі кинотеатрлардың 70 проценті ғана жұмыс істеп тұр. Қалғаны нарықтан мүлде кеткен.

Нарықтағы баға

Кешкі сеанстарға билетті Петропавлдан 1600 теңгеге аласыз, Өскеменде 1700 теңге шамасында, Қарағандыдағы баға 2000 теңге, Шымкенттегі билет құны 300 теңгеге қымбат, бас қаладағы орташа баға 2500 теңге, ал Ақтауда 2900 теңгеге дейін барады.

Туристерді қабылдау қатаңдатылды

Бір елдер мейман күтіп, қонақжайлылық танытуға ниетті. Енді бірі туристерге қатаң талап қойып отыр. Алдағы аптадан бастап, Ұлыбританияға кіру үшін ПТР сынама нәтижесі талап етіледі. Бұл барлық көлік түріне жүгінген жолаушыларға ортақ міндет. Яғни елге кірерден үш күн бұрын қауіпті індет жұқтырмағаныңызды растайтын анықтама алуыңыз керек. Кубаға барғысы келетіндерге де осы талап қойылған. Ережеге бағынбағандар 500 фунт стерлинг айыппұл төлеуі тиіс. Ал індет көрсеткіші жоғары елдерден келген азаматтар түгел дерлік карантинге жабылады. Грецияда халықаралық рейс жолаушылары бір апта оқшауланады. Ал Шри-Ланка 21 қаңтардан бастап шетелдік меймандарға есігін айқара ашпақ. Жолаушылардың барлығы індет жұқтырмағанын растайтын анықтамасын көрсетуі тиіс. Саяхатышар Гавай аралдарына бара алады. Ол үшін екі апталық карантин шартын орындау қажет.

Әуе билеттері қымбаттайды

Ресейде әуе билеттері қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы авиация саласындағы сарапшы Олег Пантелеев мәлімдеді. Оның айтуынша, жолаушылар қалтаға түскен салмақты сәуір айына сезінетін болады. Белгіленген бағалар әуе компаниялары үшін тиімсіз. Жүздеген млрд рубльдің ауаға ұшқанына көз жұма қарауға болмайды. Шығынды қалай да өтеу керек деді сарапшы.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 418, 96 теңге, еуро 512,89 теңге, Ресей рублі 5,63 теңге.

Хабар 24 телеарнасы