Биыл коммуналдық қызмет бағасы қалай өзгереді?

Жаңа жылда елордалықтар жылуға төленетін ақының екі есе қымбаттағанын айтып, шағымдана бастады. Ал табиғи монополияларды реттеу комитеті баға өспегенін айтады. Жылу мен суға төлейтін ақы өсті ме?

Комитеттің ақпаратына қарағанда тарифтер былтырғы деңгейде сақталды. Әрине құны әр өңірде әртүрлі белгіленген. Мәселен, табиғи газдың бір кубы елордада шамамен 30 теңге болса, Атырауда 7 теңге 27 тиын.

Қазақстан бойынша табиғи газдың бір куб метрі орташа алғанда 19 теңге 43 тиын. Ал жылудың бір гигакалориясы орташа 3 мың теңгеге тең. Десе де, ел бойынша жылуға ақмолалықтар аз төлейді. Шамамен 1600 теңге.

Республиканың басым бөлігінде жылу ақысы 2 мыңнан асып жығылады. Алматы, Шымкент, Атырау мен Қостанайда тіпті қымбат. Мұнда жылудың бір гигакалориясы үшін 4 мыңнан астам төленеді. Электр қуатының тарифі де облыстарда әртүрлі. Қазақстан бойынша орташа ақысы 12 теңге 69 тиын деп белгіленген. Десе де, атыраулықтар әлдеқайда аз төлейді. Мұнда бір киловатт сағатына 5 теңгеден алынады. Алматыда үш есе қымбат. Яғни 17 теңге 12 тиыннан. Қазақстан бойынша суға ең аз төлейтін өңір Шымкент. Олар тіршілік нәрінің куб метрі үшін 31 теңге береді. Ал маңғыстаулықтар 200 теңгеден сатып алып отыр.

Орталықтан берілетін жылу мен жарықтың ақысына тоқталдық. Осы тұста көмірдің құнына шолу жасаған жөн болар. Қазақстан бойынша оның орташа бағасы бір тонна үшін шамамен 14-15 мың теңге.  

Қазақстан бойынша Шұбаркөл көмірі ең арзан өңір Қарағанды. Мұнда бір тоннасы 10 мың 500-ден. Көкшетауда 13 мың 700 шамасында. Елордадағы көмір сататын жерден 14 мыңға алуға болады. Павлодарда мың теңгеге қымбат. Ақтөбе жұрты Шұбаркөл көмірінің бір тоннасын 15 жарым мыңнан алады. Қазақстан бойынша көмір ең қымбат өңір Қостанай. Мұнда тоннасы 16 мыңнан. 

Сауд Арабиясы көмірқышқыл газынан 100 процент таза қала салмақшы. Корольдіктің мұрагер ханзадасы Мухаммед ибн Салман оның жобасын таныстырды. Жоспар бойынша шаһарда көлік те, көлік жүретін жол да болмайды. Өмір сүруге қажетті мектеп, аурухана, демалыс орыны мен дүкендер таяқ тастам жерде орналасады. Қала Сауд Арабиясының экономикасын әртараптандыру мақсатында салынады. Онда 380 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба бойынша 2030 жылы жаңа қала ел экономикасына 48 миллиард АҚШ доллары шамасында табыс әкеледі. Жобаны әзірлеуге 3 жыл кеткен. Оның жалпы құны шамамен 100-200 миллиард доллар болады. Инновациялық қаланың ұзындығы 170 шақырым. Ал жалпы ауданы 26 мың 500 шаршы шақырым. Ол Египет пен Иорданияның шекарасын жалғайды. Неом жобаның құрылысы биыл бірінші тоқсанда басталады. 2025 жылы аяқталады.

Сондай-ақ...