Қазақстаннан 13 мемлекетке ұшақ қатынайды

Биыл отандастырымыз ұшақпен қай елдерге бара алады? Әуе билеттерінің құны қанша?

Бұл сұрақтарға іскердің ісі айдарында арна тілшісі Талғатбек Әбдіқожа жауап береді.

Диктор:

- Талғатбек, Қазақстан қазір неше мемлекетпен ұшақ қатынасын жандандырды?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Пандемиядан кейін еліміз 13 мемлекетпен әуе қатынасын ашқан.

Аптасына Қазақстан мен өзге елдердің арасында 57 халықаралық рейс қатынайды. Яғни, отандастарымыз қаласа, 13 мемлекетке ұшақпен барып, келе алады. Олардың қатарында Түркия, Өзбекстан Ресей, Германия және Украина бар. Аталған барлық бағытқа билеттер ашық сатылып жатыр. Ал Египет, Мальдив аралдары немесе Шри-Ланкаға өз бетіңізбен кете алмайсыз. Яғни билеттер тек туристік компаниялар арқылы ғана сатылады. Халықаралық рейстердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыдан ұшады. Сондай-ақ Ақтау, Атырау, Орал және Шымкент қалаларынан да халықаралық рейстер орындалады.

Енді қазақстандықтар ең көп қатынайтын бағыттарға билет құны қанша екеніне шолу жасасақ. Мәселен елордадан Мәскеуге жақын күндері ұша алмайсыз. Себебі тікелей баратын рейстерге билет жоқ. Көктемге дейін сатылып кеткен. Тек 3 наурыз күніне ғана бос орын бар. Оның өзінде бағасы шарықтап тұр. Бір бағытқа эконом-кластағы билет ақысы 300 мың шамасында. Ал Ташкентке барамын десеңіз, билет табылады. Бағасы 59 мыңнан. Германияның Франкфурт қаласына ұшу үшін 340 мың теңге төлейсіз. Елордадан Ыстамбұлға ұшақпен барғыңыз келсе, билет ақысы 344 мыңнан. Әуе кемесімен Дубайға жету жарты миллионға жуықтайды. Қырғызстан астанасына әуе рейстері тек Алматыдан ұшады. Бір бағытқа билет ақысы 55 мың шамасында.

Айта кетейік, халықаралық рейстерді Қазақстандық екі әуе компания орындайды.

***

Әуе компаниялары шығынға батты

Қазақстандағы ең ірі әуе компанияның бірі былтырғы10 айда 9 миллиард теңге шығынға батты. Коронавирус пандемиясына байланысты олардың кәсібі тұралап, 65 миллиард теңге табыстан қағылды. Яғни жолаушылар ағыны 2019 жылмен салыстырғанда 55%-ке кеміген. Десе де, отандық әуе компаниялары штат санын сақтап қалды. Төтенше жағдай кезінде қызметкерлердің жартысынан көбін қашықтан жұмыс істеуге жіберген еді. Қазір барлығы өз орнына келді. «Шығындарды жауып, алдыңғы жылғы көрсеткішке қайта келу үшін кемі екі жыл керек», - дейді әуе компаниясының өкілдері

***

Елімізде балық экспорты артады

Қазақстан шет елдерден 40 мың тоннадан астам балық сатып алады. Басым бөлігі өзімізде жоқ балықтар немесе теңіз өнімдері. Ал шет елдерге 30 мың тоннадай экспорттайды. Әрине, шетке сатқанымыздан алғанымыз көп. Енді осы саланы дамыту үшін Үкімет қаулысымен биыл Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Жауапты органның жетекшілігімен алдағы уақытта 545 жаңа балық шаруашылығы құрылмақ. Сондай-ақ 323 шаруашылық толық жобалық қуатқа шығады. Соның арқасында елде балық экспортының көлемі 300 мыңға жеткізу жоспарланған. Салаға жеке инвесторлардан 500 миллиард теңге тартылмақ. Жалпы зерттеулерге қарағанда қазақстандықтар балықты аз жейді екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адам жылына ең кем дегенде 16 келі балық жеуі керек екенін айтқан. Ал бізде бұл көрсеткіш 4 келіден аспай тұрған көрінеді.

Отандастарымыз балықты неге аз жейді? Тым қымбат шығар мүмкін. Бүгін «Нарықтағы баға» айдарында балықтың өңірлердегі құнына шолу жасаймыз.

Шолуға жұрт сүйіп жейтін сазанды алдық. Қостанайда оның бір келісі мың теңге тұрады екен. Атырауда да баға сондай. Ал Талдықорғанда 200 теңгеге қымбатырақ. Түркістанда сазанның келісі 1200 ден. Елордада да баға сондай. Ел бойынша сазан ең қымбат өңір Қызылорда. Сырдың суында жүзген сазанның келісін 1300 ден аласыз.

Енды валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 420 теңге 31 тиын деп белгіленген. Еуро 511 теңге 30 тиын. Ал Ресей рубльі 5 теңге 64 тиынға тең.