«Россельхознадзор» қазақстандық өнімге жасанды кедергі тудырды – ҚР АШМ

Бір жылда елдегі кәсіпкерлердің банкке қарызы шамамен 170 миллиард теңгеге өскен. Берешегінің мерзімі өтіп кеткендердің қатары 20 процентке көбейіп отыр. Сонымен қаржы ұйымдарына қай саланың өкілдері қарызын қайтара алмай жүр? 

Банктерге қарызын қайтара алмай жүрген кәсіпкерлер көбейді

Банктерден несие алып, енді соны дер кезінде қайтара алмай жатқандардың дені құрылыс саласындағы компаниялар. Бұл сектордағы проблемалық қарыздың көлемі 44 процентке өскен. Яғни бір жылда 105 миллиардтан 151 миллиард теңгеге жеткен. Бұдан кейінгі орында көтерме және бөлшек саудадағы кәсіпкерлер. Нәпақасын саудадан тауып жүрген, бірақ банктерге берешегін уақытылы қайтармайтын мұндай бизнес өкілдерінің саны үш есеге ұлғайыпты. Ал ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер керісінше былтыр қарыздарын дер кезінде жапқан.

«Россельхознадзордың» әрекеті жасанды кедергі саналады

Қазақстаннан Ресейге экспортталған қызанақтарда қауіпті вирус анықталған жоқ. Мұны еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Ведомство дерегінше, өткен желтоқсанда Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі біздің бірқатар кәсіпорындар өндіретін қызанақта қауіпті вирус анықталғанын айтқан. Қала берді бір компаниямыздың өндіретін қызанағын Ресейге алып келуге шектеу қойды. Осыған байланысты еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шұғыл түрде ресми тексеру ұйымдастырды. Мамандар «қызанақтан вирус анықталды» деген өзіміздің компанияны тексерген. Сынамалар алынған. Тіпті «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині» деп аталатын орталықтың тесттері қолданылған. Зертханалық талдау жұмыстары ресейлік ұйымның мамандарымен бірге жасалыпты. Сонымен сараптама қорытындысы бойынша Ресейдің компаниямыздың қызанағынан анықтаған вирусы жалған болып шықты. Кейін біздің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті «Россельхознадзордың» іс-әрекеті Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың талаптарын өрескел бұзады және қолдан жасалған кедергі саналады», - деп мәлімдеді. Енді еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге ниетті.

Еліміздің ЕАЭО өзара сауда айналымының көлемі азайды

Былтыр еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара саудасы 9,6 процентке төмендеді. Мұны Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Сонымен 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанның одақ елдерімен өзара саудасы 17 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6 процентке аз. Оның ішінде экспорт 4 миллион 966 мың АҚШ долларын құрайды. Яғни өзге елге тасымалданатын тауар көлемі 13 жарым процентке кеміген. Ал импорт 12 миллион 693 мың доллар болды. Сонымен еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара сауда айналымына тоқталсам, алыс-беріс Ресеймен 92, Қырғызстанмен 4, Беларусьпен 3,6, Армениямен 0,1 процентті құрапты.

Бізде көлікті қыздыру құны қанша? Қыста әсіресе Шығыс, Солтүстік және орталық өңірлерде бұл қызметтің бағасы шарықтай түсетіні мәлім. Кезек нарықтағы баға айдарында.

Сонымен қысы қатты Петропавлда көлік қыздыру құны шамамен 5 мың теңге. Павлодарда да осы баға. Ал Өскеменде 6 мың теңге болса, Көкшетауда көлік қыздыру құны 8 мың теңге. Қостанайда да баға Көкшетаудағыдай. Ал Қарағандыда бұл қызметтің құны 9 мың теңге. Елордада 7 мың теңгенің шамасында.

Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 419 теңге 54 тиын болып тұр. Еуро 509 теңге 2 тиынға тең. Ал рубль 5 теңге 72 тиын.