Қазақстандықтар дәмхана мен мейрамханаларға QR-код арқылы кіргізілуі мүмкін

Шығынға батқан қоғамдық тамақтану орындарының қайта қалыпқа келуіне «Ашық» аталатын бағдарлама септігін тигізуі мүмкін.

Дәл осы жобаның негізінде мейрамхана, барлардың жұмыс уақыты түнгі 00:00-ге дейін ұзартылуы ықтимал. Елдің қоғамдық тамақтану қауымдастығы «егер «Ашық» іске қосылса, тойхана, караоке барлар, боулинг пен бильярдтардың қызметі жанданар еді» дегенді алға тартты.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Дәл осы бағдарламаның негізінде бар, мейрамханаға келгендердің денсаулық жағдайын QR-код арқылы тексеру жоспарланып отыр. Бұл қалай жүзеге асады?

***

Дәмхана, мейрамханаға адамдарды QR-код арқылы кіргізу ұсынылып отыр

Бар, мейрамханада келгендердің денсаулық жағдайын QR-код арқылы тексеру жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы «Ашық» аталатын бағдарлама әзірленуде. Көпшілік орындарға баруға ниеттенген адамдар алдымен аталған қосымшаға тіркелуі керек. Дәмханаға кіретін кезде жүйе мейманның QR-кодын сканерлейді. Сөйтіп, экранда төрт түс шығады. Егер жасыл жанса, ішке кіруге рұқсат. Бұл әлгі адамның денсаулығы жақсы дегенді білдіреді. Жоқ, қосымша қызыл түсті көрсетсе, ғимарат ішіне өтуге тыйым салынады. Біздегі қоғамдық тамақтану қауымдастығы осы бір бағдарламаға үміт артып отыр. «Бизнес өкілдері «Ашықтың» көмегімен дағдарыстан шығады» дегенді айтады. Атап өтейік, өткен пандемия кезінде елде дәмхана, мейрамхана, тойхана, жалпы көңіл көтеріп, тамақтанатын орындардың 15%-і түбегейлі жабылып тынған. Мейрамхана атаулының 25%-і фастфут дайындайтын қоғамдық тамақтану орнына айналған.

***

Бизнеске қандай жеңілдік жасалады?

«Бизнес» дедік қой, сол бизнес өкілдері карантиннен қалай ес жияды. Кәсіп нысандарын қалыпқа келтіру үшін елде бірқатар жеңілдік бар. Әлі де жасалмақ. Мәселен, коронавирустан қатты шығынға батқан шағын және орта бизнес нысандары қосымша құн салығынан және әлеуметтік салықтан 2 жылға босатылады. Оның орнына табыстың 3%-і көлемінде бөлшек салық енгізіледі.

Атап өтейік, кімдердің мұндай жеңілдікке ие болатыны жөніндегі тізім әзірге бекітілген жоқ. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл тізім ақпанның басында жариялануы мүмкін дегенді айтты. Жалпы қазір шағын және орта бизнестің нысандары шамамен 3 миллион 300 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Бұл экономикалық белсенді халықтың 39%-і. Сондықтан аталған саланың әлеуметтік маңызы қаншалықты екенін бағамдай беріңіз.

***

Ипотекасы бар азаматтарға жеңілдік жасалады

«Салық» дедік, тақырыпқа тұздық болсын. Жеке тұлғаның «Отбасы банкінен» өзге екінші деңгейлі банктерден алған несиесі бойынша сыйақы мөлшеріндегі салықтық шегерімдерін қолдану 2025 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2020 жылғы 10 желтоқсанда Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізілген.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Ендігі кезек нарықтағы баға айдарында. Бүгін АИ-92 маркалы бензиннің құны елде қанша екенін айтамыз.

Сонымен, Аи-92-нің литрі Қостанайда 155 теңге. Қарағандыда 154 пен 160 теңгенің аралығында. Ал, Петропавлда 155 теңге болса, Қызылордада бензиннің литрі 150 теңге. Ақтауда да АИ-92-нің құны 155 теңге. Көкшетауда 153-тен. Ал, Оралда арзандау, литрі 146 теңгеден болып тұр. Елордада АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 151 теңге.

***

Доллардың курсы өзгере ме?

Доллардың курсы өзгереді деген ақпарат фейк. Атап өтейік, кеше түрлі сайттарда «доллардың курсы алтын құнымен есептеледі» деген мазмұндағы ақпарат желдей ескен еді. Экономистеріміз бұл сөзге сенбеу керек деп отыр. Мәселен Андрей Чеботарев «мұндай ақпарат қоғамда дүрбелең туғызу үшін таратылады. Сөйтіп, жұрт жаппай доллар сатып ала бастайды. Тиісінше, әлгі валюта қымбаттай түседі дейді. Ал, алтын стандарты 1933 жылы алынып тасталған.

Тақырыпқа сай бірден валюта бағамына тоқталайық. Сонымен, Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 420 теңге 29 тиын болып тұр. Еуро 506 теңге 87 тиынға тең. Ал, рубль 5 теңге 66 тиын.