Қазақстаннан Шри-Ланкаға барып демалуға болады

Былтыр микроқаржылық ұйымдар мен ломбардтарға 6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздегі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген жүйелік мониторингте қаржы ұйымдарының жарнама қызметі бойынша алаяқтық және басқа да заңсыз әрекеттерді әшкерелеген. Дегенмен кәсіпкерлердің өз айтары бар.

ТАРАПТАР САЛАДАҒЫ АШЫҚТЫҚТЫ ҚОЛДАЙДЫ

Қайта тіркеуден өтіп үлгермеген ломбардтар жабылуға мәжбүр. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өңірлік өкілдері осындай талап қойған. Бірақ қаржылық ұйымды тіркеу бір сәттік шаруа емес. «Жүйені әлі де пысықтау керек» дейді ұлттық ломбардтар лигасы қауымдастығының төрағасы Роберт Абзалилов. Өткен жылдың аяғында жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл ұйымға қатысты 5 млн теңгеге жуық 27 айыппұл салынған. Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Ербол Омархановтың да уәжі бар. Олар агенттікпен меморандумға отырып, қаржылық пирамидаларпен күресуге септеседі. Дегенмен бұл ұйымның кей өкілдері олқылыққа жол берген сыңайлы. Салынған айып қомақты. Жарты млн теңгеге жуық. Бірі заңға қайшы әрекетпен айналысса, енді бірі БАҚ беттеріне талапқа сай келмейтін жарнама жариялаған. Роберт Абзалилов ломбардтардың 70 проценті тіркеліп үлгермегенін алға тартады. Сондықтан нарықтағы жаңа талаптарға үйренісу оңайға түспей тұрған көрінеді

Роберт Абзалилов, Ұлттық ломбардтар лигасы қауымдастығының төрағасы:

– Бізді енді ғана тіркей бастады ғой. Тексеріс барысында анықталған олқылықтар тіркеуге дейін орын алған. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығына дейін. Демек, ол ломбардтар қазір жоқ. 600-ден аса заңды тұлға ғана ломбард ретінде тіркелген. Бұл екінші деңгейлі банктен екі есе, микроқаржылық ұйымдардан үш есе көп. Біз көппіз. Бұл нарықтағы оң-солымызды әлі аңғара алған жоқ. Бірақ ломбардтарды алаяқ деуге болмайды.

ТУРИСТЕР ШЕТЕЛГЕ САБЫЛУДА

Қазақстаннан Шри-Ланкаға барып демалуға болады. Жақында рейстерді ашу көзделіп отыр. Бұл туралы «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының  директоры Асылхан Есілов хабарлады. Әзірге ел тұрғындары Мысыр, Дубай, Мальдив аралдарында саяхаттап жүр. Демалыс маусымы қызып тұрған Мысырда 2500 отандасымыз бар. Оларға жоғарғы қызмет, тиімді баға ұсынылған. Бастысы, санитарлық талаптар сақтаулы. Түркиядағы демалушылар саны 70-тен сәл асады. Туристердің дені Стамбулда. Яғни қалалық туризмге ден қойған. Жолаушылардың денсаулығы бақылауда. Әзірге туристер арасында індет жұқтырып келгендер анықталған жоқ дейді Асылхан Есілов. Ресейлік туроператорлар да түріктің тау-шаңғы курорттар мен Антальяға сапарды шектеп отыр.

АҚШ-ТЫҢ ІРІ ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ ШЫҒЫНҒА БАТТЫ

Шетелден бір ақпар. Америкалық United Airlines әуе компаниясы былтыр 7,1 млрд доллардан қағылды. Бұған коронавирусқа байланысты шектеулер әсер еткен. Өткен жылдың төртінші тоқсанда компанияның таза шығыны 2 млрд долларға жуықтады. Бұл – өз тарихындағы ең нашар көрсеткіш еді. Табыс алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 70 процентке аз түскен. Мамандар 2021 жылдың алғашқы тоқсанында да жағдай түзелмейтінін болжап отыр. Бұған дейін АҚШ-тың қаржы министрлігі пандемиядан зардап шеккен ірі әуе компанияларына көмек ретінде 12 млрд доллар өтемақы төленетінін хабарлаған болатын.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР 21 КЕЛІГЕ АРТЫҚ ЕТ ТҰТЫНҒАН

Ет дегенде бет бар ма? Бұл мәтелдің жөні бар екен. Пандемия кезеңінде қазақстандықтар етті көбірек жей бастаған. Өткен жылдың үшінші тоқсанында әрбір тұрғын тұтыну көлемін орташа алғанда 21 келіге арттырыпты. Әсіресе, қой мен сиыр етіне сұраныс көп. Сиыр етін ең көп тұтынатындар көшін Қарағанды, Ақмола облыстары мен Алматы қаласы бастаған. Сұраныс бар деп бағаны арзандатқан сатушы жоқ. Нарықтағы еттің құны шарықтап тұр. Ең қымбаты – қой еті. Баға 16 процентке өскен.

Қарағандыда бір келі тартылған сиыр етін 2200 теңге, Оралдан 2300 теңгеге аласыз. Павлодарда өнім құны 2400 теңге болса, Атырауда 100 теңгеге қымбат, Ақтөбеде 2500 тг.