419,41 505.95 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда бір жылда онлайн сауданың үлесі 25%-ке артқан

  • 711
  • UPD: 15:12, 25.01.2021

2024 жылға қарай қазақстандықтар әрбір бесінші саудада онлайн есеп айырысатын болады.

Сарапшылар осындай болжам жасады. Олардың айтуынша, қолма-қол ақша ұстамау әдетіне пандемия айтарлықтай әсер етті.

Толығырақ іскердің ісі айдарында әріптесім Талғатбек Әбдіқожа жалғайды.

Диктор:

- Талғатбек, өзіңіз дүкенде төлемді қалай жасайсыз?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Иә, негізінен банк картасы арқылы немесе мобильді қосымшамен аударып жіберем. Және мен де байқадым, соңғы кезде нақты ақша ұстайтындар азайып жатыр.

***

Онлайн сауданың үлесі артты

Елде онлайн сауда жасайтындар саны күн санап артып келеді. Интернетте билет сататын компаниялар осындай мәлімет берді. Оған пандемия айтарлықтай әсер етті. Мәселен көктемдегі төтенше жағдай кезінде билет сатып алып, кейін жолға шықпағандардан қаржыны қайтару туралы бір миллионнан астам өтініш түскен. Сол бойынша жолаушыларға 4,5 миллиард теңге қайтарылды. Биыл сауданы смартфон арқылы жасаушылар жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемде көбейген. Германиядағы Бамберг университетінің мамандары жүргізген зерттеу нәтижесіне қарағанда бір жылда онлайн сауданың үлесі 25%-ке артқан.

***

Әлемде сегіз айда пальма майы 100%-ке қымбаттады

Әлемде пальма майының бағасы шарықтап барады. Оның құны кейінгі он жыл ішіндегі рекордты деңгейде көтерілді. Қаңтардың басында бір тоннасы 961 АҚШ долларына бағаланды. Бұл – 2011 жылдың тамызынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Жалпы пальма майы 2020 жылдың мамырынан бері 100%-ке қымбаттаған. Былтыр алғашқы тоқсанда пандемияға байланысты оған сұраныс күрт төмендеп кеткен еді. Салдарынан фермерлер өндірісті азайтты. Негізінен өнімді Малайзия мен Индонезия шығарады. Әлемдік нарықта қос елдің үлесі 85%-ті құрайды. 11 қаңтарда Малайзия коронавирустың таралуын тежеу мақсатында тағы да локдаун жариялады. Сарапшылардың айтуынша, өндіріс баяғы қалпына тез қеле қоймайды. Оның үстіне жаңа шектеулер өнімнің тасымалына да кесірін тигізеді. The Wall Street Journal басылымының мәліметіне қарағанда, былтыр тамыз бен желтоқсан арасында Қытай пальма майының импортын арттырды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 9%-ке өсті. Яғни сұраныс жоғары. Сәйкесінше, баға әлі де өсуі мүмкін. Айта кетейік, пальма майы шоколад, печенье шығаратын тамақ өндірушілер, тері күтіміне қажетті косметика шығаратындар және өзге салаларда да жиі қолданылады.

***

Күнбағыс дәнінің экспортына БАЖ салығы енгізілуі мүмкін

Қазақстанда күнбағыс дәнінің экспортына 15% БАЖ салығы қосылуы мүмкін. Мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінде талқыланып жатыр. Алдын ала болжам бойынша салық бірінші сәуірге дейін ғана енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан астық қауымдастығының сарапшысы Евгений Карабанов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадам ішкі нарықтағы өнім қорын молайтып, бағаны тұрақтандыру мақсатында жасалып жатыр. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 2020 жылы күнбағыс майы азық-түлік тауарларының ішіндегі ең көп қымбаттаған. Бір жылда оның құны 33,7%-ке өсті. Ал жалпы майлы дақылдар 24,5%-ке қымбаттаған. Былтыр күнбағыс майы көрші Ресейде де шарықтап кетті. Сондықтан 2020 жылдың желтоқсанында қант пен майды өндірушілермен келісім жасалды. Яғни көтерме саудада қанттың келісі 36 рубльден, майдың литрі 95 рубльден аспауы тиіс. Келісім бірінші сәуірге дейін ғана күшінде болады.

***

Елімізде жиһаз қымбаттап барады

Елде бір жыл ішінде жиһаз 6,5%-ке қымбаттады. Әсіресе, елордада баға шарықтап кеткен. Мұндағы дүкендерде жиһаз құны 20%-ке өсті. Маңғыстауда 10%, Атырауда 8,5% өсім бар. Сала мамандарының айтуынша, бағаға нарықтағы сұраныс пен ұсыныс әсер етті. Былтыр елде сұраныс 27%-ке артып, өндіріс азайған. Өйткені жиһаз жасайтын материалдар қымбаттады. Оның көбі Ресей мен Белурасьтен импортталады. Пандемияға байланысты тасымал саласында қиындық туындаған. Сондықтан шағын цехтар жабылып қалды. Жалпы отандық жиһаз жасаушылар былтыр 43 миллиард теңгеге тауар сатты. Бұл алдыңғы жыдмен салыстырғанда 13%-ке көп. Ал өндірісті салыстырсақ, кему бар. Мәселен орындық өндірісі 21%-ке, кеңсе жиһазын жасау 15,5%-ке, ас бөлмесінің жиһазын жасау 15%-ке азайған.

Күнбағыс майы мен жиһаздан бөлек, елде құрылыс материалдары да қымбаттады. Мәселен бір жылда цементтің құны 6%-ке өсті. Бүгін нарықтағы баға айдарында соның өңірлердегі құнына шолу жасаймыз.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Қазақстан бойынша цемент ең арзан өңір Түркістан. Онда 50 келілік бір қабын мың теңгеден алуға болады. Таразда жүз теңгеге артық төлейсіз. Ал елордадағы құрылыс базарларында бір қап цементті шамамен 1300-ден аласыз. Алматыда 1350-ден басталады. Ақтөбеліктер 50 келі цемент үшін 1400 теңге төлейді. Қостанайда Ақтөбемен салыстырғанда 200 теңгеге қымбат. Ел бойынша цемент ең қымбат өңір Солтүстік Қазақстан. Петропавлда 50 келілік бір қап 1750 теңгеден.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 419 теңге 69 тиын. Еуро 510 теңге 89 тиын. Ресей рублі 5 теңге 63 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы