Отандық экономистер қазақстандықтарға рубль алмауға кеңес береді

Өткен аптаның аяғында Ресей валютасы 1,5 процентке құнсызданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономистердің сөзінше, Ресей рублі алдағы уақытта тағы девальвацияға ұшырауы мүмкін. Мамандар мұны Федерациядағы саяси жағдаймен байланыстырады.

Жыл басынан бері ұлттық валюта бағамы қатты құбылған жоқ, қайта керісінше нығая түсті. Отандық экономистер осындай пікірде. Оған бірнеше фактор әсеткен. Соның ішінде қара алтын құнының көтерілуін атап өтуге болады. Соңғы айда мұнай бағасы шамамен 10 процентке өсті. Бұған қоса, АҚШ ел экономикасын қаржыландыруға 1 триллион доллардан астам сома бөледі. Бұл америкалық валютаны қысқа мерзімге әлсіретуі мүмкін. Ал Ресейдегі саяси ахуалға байланысты өткен аптаның аяғында рубль құнсызданып, 1,5 процентке арзандады. Нәтижесінде, қазақстандық қаржы нарығында бір рубль 5 теңге 59 тиынға саудаланды. Алдағы уақытта рубль тағы арзандауы мүмкін. Сондықтан экономистер қазір Ресей ақшасын сатып алмауға кеңес береді. Бірақ экономистердің сөзінше, рубльдің әлсіреуі қазақстандық кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Әсіресе, өз өнімін негізінен Ресейге экспорттайтын ірі кәсіпорындар шығынға батады. Сондықтан рубль бағамы 5-6 теңге аралығында болғаны тиімді дейді мамандар. 

Қаржыны қай валютада сақтаған тиімді?

Қазақстандық қаржы нарығына қатысушылардың болжауынша, ақпан айында доллар 419 теңге төңірегінде сақталады. Ал жылдың аяғына қарай америкалық валюта бағамы 433 теңге тұрады. Осы тұстағы тағы бір дерек, доллармен сақталған депозиттердің жылдық табысы бір проценттен аспайды. Ал рубльде сақталған депозиттерден түсетін пайда жылына 2 процентке жуықтайды. Бұл сәйкесінше АҚШ пен Ресейдегі инфляция көлемінен аспайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, теңгемен ашылған депозиттердің жылдық мөлшерлемесі 10 проценттен жоғары. Сондықтан қаржыгерлер қаржыны отандық валютада сақтаған тиімді деп есептейді. Бұдан бөлек, Қазақстанның депозиттерді сақтандыру қоры есебінен ұлттық валютадағы жинақтардың сақталуына кепілдік жоғары. Дегенмен мамандар қаражатыңызды бірнеше валютада сақтауға да болатынын ескертеді. Бұл нарықтағы өзгерістерге қарамастан, жинақтарыңыздың құнын жоғалтпауға көмектеседі.

Елімізде зейнетақы жинағының бір бөлігін алу бойынша 20 мыңнан астам адам өтініш берген. «Отбасы банкінің» баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір 70 мыңға жуық адам арнайы шот ашқан. Қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға жұмсайды?

Өтініш бергендердің 48 проценті ипотекасын жабуды мақсат еткен. 17 проценті баспананы қолма-қол ақшаға, яғни ипотекасыз алуды көздейді, 13 проценті зейнетақы жинақтарын жақын туыстарына немесе жұбайына табыстаса, адамдардың 8 проценті «Отбасы банкінде» баспананы несиеге рәсімдеуді шешкен. Тағы осындай процент тұрғын-үйге қатысты өзге де төлемдерін өтеуді мақсат етсе, қазақстандықтардың 6 проценті зейнетақы төлемдерін бастапқы жарна ретінде пайдаланбақ.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қайда жұмсайды?

Ипотекалық қарызды жабу 48%, ипотекасыз сатып алу 17%, жақын туысына табыстау 13%, «Отбасы банкінде» несие алу 8%, құрылыс, қаржыландыру, жалға беру берешегін өтеу 8%, алғашқы жарна ретінде пайдалану 6%.

Тақырыпты жалғастырайық. Бұл ақпарат баспана сатып алғысы келетіндер үшін пайдалы болмақ. Кезекте «Нарықтағы баға» айдары. Бүгін кей өңірлердегі баспананың бір шаршы метрі орта есппен қанша тұратынын айтамыз. Баға Крыша.кз сайтындағы деректерге және өңірлік тілшілердің ақпаратына негізделген.

Алматыда бір шаршы метрдің орташа құны – 470 мың теңге. Нұр-Сұлтанда пәтерлердің бір шаршы метрі 355 мың теңгеден асады. Шымкентте бір шаршы метр құны орта есеппен 312 мың 300 теңге. Ал Қарағандыда баспана бағасы одан сәл төмендеу, бір шаршы метрі 288 мың 600 теңге. Қостанайда баспананың бір шаршы метрі орта есеппен 200 мың теңгеден басталады. Жалпы өткен жылы баспана құны шамамен 5-7 процентке өскен.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 420 теңге 67 тиын, еуро 510 теңге 99 тиын, рубль 5 теңге 58 тиын.