Зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерінде қандай кемшіліктер бар?

Мемлекет басшысы жылжымайтын мүлік бағасын ұстап тұруды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй нарығында пайдалану аясында кей өңірлерде баспана қымбаттауы мүмкін. Бірақ сарапшылар баспана бағасын ұстап тұру үшін әкімшілік әдістер жеткіліксіз деген пікірде.

Экономист Рахым Ошақбаевтың айтуынша, елімізде салынып жатқан баспана көлемін арттырып, құрылыс қарқынын ұлғайту керек.

Экономист Рахым Ошақбаевтың айтуынша, зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерінің осал тұстары бар. Мысалы, егер жаңа кешен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорымен» кепілдендірілмесе, ережеге сай сіз ол жерден үлескер ретінде баспана ала алмайсыз. Мұндағы басты себептердің бірі аталмыш оператордың салымшыларға қатысты шектеулері бар. Салдарынан кейбір құрылыс компаниялары қордың қолдауын ала алмайды. Осылайша, жылжымайтын мүлік нарығының бұл бағытында ұсыныстар аз. Яғни зейнетақы жинақтарын пайдаланып, үлескер ретінде баспана алуға болатын тұрғын үй кешендерінің саны шектеулі. Сондықтан «осы сегменттегі таңдау аясын кеңейту керек» дейді Рахым Ошақбаев.

Рахым Ошақбаев, экономист:

– Қазақстанда баспаналар көптеп салынып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде былтыр 3 миллион шаршы метр баспана бой көтерген. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Татарстан астанасы Қазан қаласында бір миллион шаршы метр үй салынған. Ондағы халық саны елордамен бірдей. Бірақ осы тұста жаңа баспаналардың ескі үйлерге қарағанда сапасы жоғары, ал бағасы қолжетімді екенін ескеру керек. Сондықтан құрылыс қарқынын ұлғайту керек деп есептеймін.

ЖЕДЕЛ ТӨЛЕМДЕР 2 ЕСЕ АРЗАН БОЛАДЫ

Ұлттық банк жедел төлемдер жүйесін әзірлейді. Оның көмегімен қазақстандықтар кез келген уақытта банктік транзакциялар жүргізіп, ақша аудара алады. Айта кетейік, былтыр қолма қол емес ақшасыз төлемдер 2,5 есе артқан. Мамандар бқны онлайн қызметтерге сұраныстың ұлғаюымен байланыстырады. Жедел төлем жүйесімен қатар, банкаралық төлем карточкалары жүйесін құру жұмыстары жүргізіледі. Қаржы реттеуші банктік емес ұйымдарға жүйеге кіруге мүмкіндік беруді ұсынады. Осылайша, Қазақстанның төлем жүйесі шетелдік операторларға тәуелді болмайды. Ал қолма-қол емес төлемдер қызметі екі есе арзандай түседі. Жүйенің тағы бір артықшылығы электрондық операциялар бір минут ішінде жасалады. Айта кетейік, кейбір банктік операцияларға қазір екі күнге дейін уақыт кетеді.

Елімізде бірнеше қызмет көрсету түрі қымбаттады. Атап айтсақ, балақбақша, дәрігер қабылдаулары, кино билеттері мен киімдерді химиялық тазарлау. 

Шымкентте костюмдерді химиялық тазалау екі мың теңге тұрады. Ақтауда аталмыш қызмет түрі екі мың сегіз жүз теңге. Ал Павлодарда костюмдерді химиялық тазалау құны үш мың теңге төңірегінде. Атырау тазалық орталықтарында одан жүз теңгеге қымбат. Алматыда құрғақ тазалаудың бұл түрі үш жарым мың теңге тұрады. Қостанай өңірінде де баға осындай. Ал Нұр-Сұлтанда ерлердің костюмін химиялық тазалау құны төрт жарым мың теңге.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 421 теңге 91 тиын, еуро 511 теңге 57 тиын, рубль 5 теңге 59 тиын.